Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданына іссапармен келіп, жергілікті жұртшылықпен жүздесіп, өңірдің әлеуметтік және экономикалық жағдайымен танысты. Қаракемер ауылындағы Мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмахановтың «2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2024 жылға алған міндеттер туралы» баяндамасын тыңдап, өңір тұрғындарымен бірге өзекті мәселелерді саралады. Сондайақ сапар аясында бірқатар өндіріс орындарын аралады.
Қаракемер ауылының Мәдениет үйіндегі кездесу аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмахановтың баяндамасымен басталды. Аталған баяндамада Ертай Сұлтанәліұлы 2023 жылы аудан көлемінде атқарылған істерге тоқталып, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді сөз етті. Өткен жылы аудан аумағында 195 млрд теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. 86 400 гектар алқапқа дақыл себілген. Ал 2024 жылға ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 201 млрд теңге құрайды деп жоспарлануда. Сонымен қоса, өткен жылы аудан ауыл шаруашылығына 2,7 млрд теңге инвестиция тартылып, 8 жоба іске асырылыпты.
– Жалпы, 2023 жылы ауданға 83,9 млрд теңге инвестиция тартылып, нақты индекс көлемі 125,8%-ға жетті. Ағымдағы жылы тартылатын инвестиция көлемінің жоспары – 102 млрд теңге. Өткен жылы ауданға 38,9 млрд теңге салық түсті, жоспар 99,9%-ға орындалды. 2024 жылы бюджетке түсетін салық түсімдерін 50,3 млрд теңгеге жеткізуді болжап отырмыз, оның ішінде аудандық бюджетке 23,1 млрд теңге салық түсімі күтілуде. 2023 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2892 бірлікке артып, 25 256-ға жетті, онда 40415 адам жұмыспен қамтылды. 2023 жылы ауданда 3992,5 млн теңгеге 61 жаңа шағын және орта бизнес нысаны ашылып, 286 адам жұмыспен қамтылды. Шағын, орта бизнестен 2023 жылы 12,2 млрд теңге салық түсіп, өсім 47,8%-ға артты. Бұл жалпы салық көлемінің 31,3%-ын құрады, – деді аудан әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, Ертай Нұрмаханов баяндамасында білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй, ауыз су, құрылыс, туризмнің дамуы және сол салалардағы шешімін күткен мәселелер де айтылды.
Аудандағы 87 мектептің 66 типтік, 18 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, 25 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. 2023 жылы Есік қаласында 1500 орынды мектеп пайдалануға берілді. Одан бөлек, 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 2023-2025 жылдары аудан бойынша 10 мектептің құрылысы жоспарланған.
– 2023 жылы 7 ауылда тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері қолданысқа берілді. Қаракемер ауылына және 14 елдімекенде тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттері құрылысына жобалық құжаттама әзірленуде. 2024 жылға көзделген құрылыс жұмыстарының көлемін 49,7 млрд теңгеге, пайдалануға берілетін тұрғын үйдің аумағын 68,8 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланды. Халықты сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз ету мәселесі ауданда басты назарда. 2023 жылы 7 ауылда сумен қамту жүйелерінің құрылысы басталды. Одан бөлек, 2024 жылы су құбырларын жаңғырту жұмыстарын жүргізуге жаңа 6 жобаға қаражат қарастырылды, – деді аудан әкімінің орынбасары Ертай Нұрмаханов.
Өз кезегінде Ертай Сұлтанәліұлы электр желілерін қалпына келтіру, газдандыру, интернет желісімен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын жөндеу, әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт саласында атқарылған жұмыстар мен қолға алынатын жобаларды да атап өтті. Жиналысты қорытындылаған облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев өңір жұртшылығына жаңа тағайындалған Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Талғат Байеділовті таныстырып, оның іргелі аудандағы игі істерге бастамашы болатындығына сенім білдірді. Еңбекшіқазақ ауданы жоғары туристік әлеуетке ие. Ауданда 15 туристік орын бар. Аймақ басшысының сөзінше, Еңбекшіқазақ ауданының туристік әлеуетін толық ашу керек. Шетелдік туристер ағынының артуына байланысты инфрақұрылымды дайындау мақсатында қаржылай қолдау алу үшін жобалар санын ұлғайту қажет.
– Облыс бойынша жалпы құны 288 млрд теңгені құрайтын 1033 мәселе тізбесі әзірленді. Еңбекшіқазақ ауданы бойынша 255 проблемалық сұрақ бар. Бүгінгі күні 31 мәселе шешілді, 131-і орындалу барысында. Бұл проблемалық мәселелер Жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін табады, – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сапар барысында облыс басшысы Еңбекшіқазақ ауданындағы бірқатар кәсіпорынға атбасын бұрды. Ең әуелі аймақ басшысы «Unifruit Production» ЖШС зауытының жұмысымен танысты. Зауыт 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Интенсивті бақтар мен жүзімдіктерге арналған шпалер жүйелерін салу бойынша кешенді шешімдерді ұсынатын өндірістік компания. итальяндық технологияға негізделген. Орталық Азия нарығындағы бақтарға арналған темірбетон шпалер зауытында 43 адам тұрақты еңбек етеді. Өндіріс орнын көрген облыс басшысы отандық өндірушілерге қашанда қолдау көрсетілетіндігін айтты.
Облыс әкімі кезекті сапарын Түрген ауылдық округінде ірге тепкен «Голд продукт» шарап зауытымен түйіндеді. «Голд продукт» ЖШС жүзім шараптарының 100-ден астам түрін, шырындар мен алкогольсіз сусындар, жемістер мен көкөністер консервілерін өндіреді. Шарап зауытының өндіріс желісінің жетекшісі Виталий Вальков облыс басшысына аталған кәсіпорынның жұмыс барысымен таныстырды. Оның сөзінше, өндіріс маусымында зауыт 4000 тонна алма, 6000 тонна жүзім өңдеп, сағатына 6000 бөтелке шарап дайындайды. Өндірілген өнімдердің 60 пайызы ішкі нарыққа, ал 40 пайызы экспортқа шығарылады. Өндіріс маусымында зауыт 200-ден астам адамды жұмыспен қамтиды. «Голд продукт» шарап зауытының өндіріс желілерін аралаған Марат Елеусізұлы аталған кәсіпорынның өнім қуатын арттыруға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сапар аясында облыс басшысы Балтабай ауылындағы Нұрлан Сақаулов басқарып отырған «Будан» ЖШС-нің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. «Будан» серіктестігі – жүгері және майбұршақ өсіретін арнайы мамандандырылған кәсіпорын. Сондай-ақ еліміздегі элиталық тұқым шаруашылығы статусын иеленген ірі шаруашылық саналады. Кәсіпорын бүгінде тұқымды жүгері сатуда Қазақстан нарығының 60 пайызын иеленіп отыр. Шаруашылықта қазір 120 адам тұрақты жұмыс істейді, орташа жалақысы – 150 мың теңге, науқан кезінде жұмысшылар саны 250 адамға жетеді. 120-дан астам арнайы ауылшаруашылық техникасы бар. Сонымен қоса, шаруашылық заманауи техника және ауылшаруашылық машиналарымен қамтамасыз етілген, тың материалдық-техникалық базасы бар. Кәсіпорын минералды тыңайтқыштар мен пестицидтерді пайдаланудың ғылыми нормаларына сәйкестендірілген үдемелі технологияға ие. Сапар соңында облыс басшысы ауыл шаруашылығы аудан экономикасының басты бағыты саналатындығын, бұл салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу үшін ең алдымен инвестиция тарту мен озық технологиялар енгізудің маңызы зор екендігін айтты. Сонымен қоса, аудан әкімі мен басқарма басшыларына тапсырма беріп, тиісті міндеттер жүктеді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы