Облыстық мәслихаттың тұрғын-үй, коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және сәулет, көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының кезекті отырысы өтті. Басқосуды облыстық мәслихат депутаты, тұрақты комиссияның төрағасы Дәулет Жарасбаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мінберге шыққан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Ракеш Байжұматов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Іле ауданы Екпінді ауылының сумен қамту жүйесінің құрылысына 457,7 млн теңге бөлінгенін, 51,6 шақырым су құбыры жүргізілетінін, биыл электр беру желілерінің тозу көрсеткішін төмендету мақсатында Еңбекшіқазақ ауданының 3 ауылында электр желілерін қайта құруға 210 млн теңге қарастырылғанын, жаңа 11 трансформаторлық қосалқы станса іске қосылатынын, былтыр Шелек ауылында құны жаңа 294 млн теңгені құрайтын 3 блокты-модульді қазандық салынғанын, Іле ауданының 3 ауылында 72 шақырым электр желілері қайта құрылғанын баяндады. Одан кейін облыс бойынша әлеуметтік құрылыс жұмысындағы түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы мәселе қаралды. Осы мәселе бойынша сөз кезегі облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа берілді.
– Облыста 52 мектеп үш ауысымда оқиды. Былтыр 19 білім беру нысанына құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілді. 13800 орынды 13 нысан қолданысқа беріліп, 6 нысанның құрылысы биылға ауысты. Осылайша, үшауысымды мектептер санын 38-ге дейін азайту жоспарлануда. Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен ақпан айында 2 мектептің құрылысына 4,8 млрд теңге қосымша қаражат бөлінді. Сонымен қатар қаңтар айында 1782 оқушыға арналған 5 нысанның құрылысына 15 млрд теңге қаржы бөлуге бюджеттік өтінім жіберілді. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 5 аудан мен Қонаев қаласында 54 600 орынды 53 мектептің тізімі бекітілген. Жергілікті атқарушы орган 50 жер телімін «Samruk Kazyna-Construction» АҚ-ның атына бөлуді жүзеге асырды. 3 нысан бойынша ҚР Үкіметінің қаулысына өзгеріс енгізу үшін өтініш жіберілді, – деген басқарма басшысы жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірқатар білім ордасына жапсаржай салынатынын тілге тиек етті. Сонымен бірге биыл Қонаев қаласында 600 орынды оқушылар сарайының құрылысына жер телімі анықталып, жергілікті бюджеттен жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 426,163 млн теңге бөлінгенін, облыста 3 434,6 мың теңгені құрайтын 711 орынға арналған 4 жатақхананың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын болғанын айтты. Сондай-ақ, 2023 жылы 9 денсаулық сақтау нысанының құрылысына бөлінген 1,8 млрд теңгенің 1,4 млрд теңгесі игерілгенін, биыл 4 жаңа нысанға бөлініп, құрылысмонтаж жұмысын жүргізу үшін мердігер ұйымдармен шарт жасалып, техникалық қадағалау ұйымдарына конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатқанына халық қалаулыларының назарын аударған баяндамашы өзге де салалар бойынша құрылыс нысандарының құрылысы жайын әңгіме арқауына айналдырды.
Өз кезегінде «Отбасы банк» АҚның облыстық филиалы директорының орынбасары Анар Естияр сөз алып, былтыр облыстық әкімдікпен бірлесіп «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Алатау жастары» бағдарламалары іске асырылғанын, «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрған 68 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін хабардар етті. Оның айтуынша, облыста тұрғын үйге кезекте тұрғандардың саны 39739 азаматты құрайды. Олар 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы шеңберінде өз кезегін күтуде. Бюджет қаражаты есебінен тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректерге сәйкес, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандарында үй нысандары салынып, бір бөлігін биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Анар Естияр «Алатау жастары» бағдарламасы арқылы облыс жастарын Қонаев қаласына көшіру, мемлекеттік ұжымдарға білікті мамандарды тарту мәселесін шешетінін, биыл облыстық мәслихат «Алатау жастары» бағдарламасын іске асыру үшін 1 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдағанын, банк өз тарапынан облыс әкімдігінен бағдарламаға қатысушыларды іріктеу бойынша ынтымақтастық шарттарымен өтінім күтетінін, осы жобаны іске асыруға үмітті екенін жасырмады. Сондай-ақ, 1 наурыздан бастап «Отау» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылғанын, бұл бағдарлама жұмыс істейтін жастарды, жас отбасыларды, банк салымшыларын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып, бағдарлама шарттарымен таныстырды. Сонымен қатар банк арқылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы іске қосылғанын қаперге салды.
Отырыс барысында күн тәртібіндегі тақырыптар толық қаралып, баяндамашыларға сауалдар қойылып, ұсыныстар айтылып, айқындалған мәселелер бойынша қаулылар кабылданды.
Айжарық Көптілеуов,
Қонаев қаласы