Көршінің үйінде әлдебір оғаш дауыс естіліп, бірдеңе даңғырласа, «Апырмай, не болып қалды екен?» дейтініміз анық. Сол тұрғыдан келгенде солтүстіктегі көршімізде қандай бір уақиға бола қалса, елеңдеп құлақ түреріміз де бұлжымас ақиқат. Оның үстіне ежелден келе жатқан, «ауылы аралас, қойы қоралас» елдің нақ өзі. Қалай елеңдемейсің?
Елеңдейтіндей жайт болды. Біздің елде Ұлыстың ұлы күні тойланып жатқан наурыздың 22-сі күні кешке Мәскеудегі «Крокус-Ситиде» теракт жасалды. Белгісіз біреулер концерт залына кіреберістегі күзетшілерге, содан кейін «Пикник» тобының қойылымын тыңдауға келген адамдарға оқ жаудырған. Содан кейін фойедегі көрермендер де нысанаға іліккен. Қаза тапқандар саны жүзден асып кетті.
Сәл шегініп, тарихқа көз салсақ, бұл лаңкестік оқиға – соңғы жылдардағы ең ірі терактілердің бірі. Соңғы бірер жыл бедеріндегі саяси ахуалдан хабардар көпшіліктің алғашқыда лаңкестер «Украина тарапынан екен» деген уәжге сеніп қалғаны рас. Алайда болжамдау, саяси серпілістерді талдау қанша жерден сауатты жасалса да, қарақырсық – факт дегеннің алдында әл-дәрмені құритыны даусыз. Жарар, ол жағын қоя тұрып, осы уақиғадан кейінгі Кремльдегі марқасқалардың әп дегенде айтқан уәждеріне назар аударсақ. Ресей Президенті В. Путин «Мәскеудегі терактіні ДАИШ содырлары жасағанымен, оның артында басқа күштер тұруы мүмкін» деген болатын. Ал Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Н. Патрушев болса, журналистердің «Осы лаңкестік әрекеттің артында Украина немесе Ресейде тыйым салынған ДАИШ ұйымы тұрған жоқ па?» деген сұрағына, жұлып алғандай «Әрине, Украина тұр» деп салды. Ал Ресейдің экс-Президенті, мемлекеттік және саяси қайраткер Д. Медведев одан да асып түсті. Ол: «Терактіге кім ақша төледі, кім қатысты, кім көмектесті – бәрін өлтіру керек», – деп бір-ақ тұжырды.
Олар осындай мәлімдемелер жасап жатқан кездері жантүршігерлік терактіге қатысты дегендер мұқият іздестіріліп жатқан болатын. Дәлірек айтқанда, екі күннен кейін, 24 наурызда Мәскеудің Басмандық соты «Крокус Сити Холлда» «Бейбіт халыққа шабуыл жасады» деп айыпталғандарды 600 шақырымнан астам жердегі Брянск маңынан қолға түсірді. Олар – әкелі-балалы Исроил мен Диловар Исмоловтар, туысқандары Аминчон Саломов және «солар қылмысқа тартты» делінген Шамсиддин Фаридуни. Бұлардың ішіндегі Диловар – қолға түскен, терроршыларды тасымалдаған «Рено» көлігінің иесі. Бұлардан сәл кейін тағы үш күдікті сотқа жеткізіледі. Кейінірек сегізінші күдікті ретінде Әлішер Қасымов есімді қырғыз азаматы тұтқындалды. Ол күдіктілерге «Авито» қызметі арқылы пәтерін жалға берген болып шықты. Өзінің айтуынша, терроршылардың жоспарынан бейхабар болған. Білмеу жауапкершіліктен босатпайды деді ме екен, Мәскеу соты ұсталған күдіктілерді 1 ай, 28 тәулікке, яғни, осы жылғы 22 мамырға дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы туралы шешім қабылдады.
Көршіміздегі ахуалға байланысты Ресей Үкіметінің таратқан мәліметтері бойынша әрқилы тұжырымдар мен дәйектер айтылып жатыр. Жөн-ақ делік. Ал енді «Сырт көз – сыншы» деген тұрғыда танымал сарапшылар, публицист Александр Невзоров пен саясаттанушы Андрей Пионтковский мен күдіктілер сапында аталып жүрген Украина бас барлау басқармасының уәждеріне қарасаң, тіптен басқаша! «Мұның Кремльге қандай пайдасы бар?» деген ойға қаласың. Олар «Крокус Сити Холл»-дағы терактіні Путиннің Жарлығымен Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі ұйымдастырған деп отыр. Терактінің ертеңінде Мәскеу уақытымен 23:00-де бір бейнежазба тарады. Аталған тұлғалар мен Украина бас барлау басқармасы осы бейнежазбаны негізге алып отырғандарын білдірді. Таспаға назар аударсақ, киімдері бірдей адамдар ел қашып жатса, жайбарақат отырғаны көрінеді. Бір-бірімен сөйлесіп жүр. «Есікті жабыңдар» деп солар айғайлап жатыр. 17 секундты қарасаң, біреуі алдындағы адамды итеріп жібереді. Бұлардың тәжіктерді ұстауға қатысқаны желі арқылы тараған салыстырмалы фотолардан көрініп тұр. Аяғын айқастырып салып, алаңсыз смартфон шұқылап отырғанның кім екені анықталғаны да айтылды. Ол – Иван Фридман деген ФСБ қызметкері екен-міс. Оның терроршыларды ұстау кезіндегі суреті мен отырғандағы кескін- келбетіне, шаш үлгісіне, қолындағы сағатына, жейдесі мен шалбарына назар салсақ, айқын ұқсастық көруге болады. Тіпті киімін де ауыстырмаған секілді. Осыған қарап Украина БББ бұл актінің В.Путиннің Жарлығы бойынша арнайы қызметтің жоспарлаған арандату шарасы деп тұжырып отыр. Міне, терактінің айналасында ақиқаты мен жалғаны аралас осындай түрлі әңгіме тарау үстінде. Кейін бұл долбарды жоққа шығарған ресми хабарламалар да пайда болды.
Осындай қарама-қайшы тұжырымдар адамды нақты бір түйін жасатуға мүмкіндік бермейді. Біз бұл орайда ешкімді айыптап, түбегейлі пікір айтпақ ойда емеспіз. Қолда бар мүмкіндік бойынша жиналған мәліметтерді ғана сараладық. Біз бар болғаны сырттай бақылаушы ғана рөліндеміз. Дей тұрғанмен, осы уақиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентімен телефон арқылы сөйлесіп, қажет болған жағдайда құқық қорғау органдарына көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Әңгімелесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу облысындағы лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты қазақстандықтардың атынан Владимир Путинге және бауырлас Ресей халқына қайғырып көңіл айтты. Мемлекет басшысы бейбіт тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылықты қатаң айыптайтынын, терроризмге қарсы күресте Ресеймен бірге екенін тағы да нақтылады. Өз кезегінде Владимир Путин қолдау көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
Қорыта келе айтарымыз, көрші елдегі күрделі жағдай бізге де арқаны кеңге салуға болмайтынын көрсетті. Тосыннан болған теракт Қазақстанда да қауіпсіздік жүйесін күшейтіп, сақтық шараларына салғырт қарамау керектігін ұғындырды.
Бейбіт Мекеев