Қарадала төсінде ұлттық ойын – тоғызқұмалақтан облыстық ашық турнир өтті. Аталған жарыс Қазақстан Республикасының спорт шебері Күлсін Мұсаеваның құрметіне арналды. «Елің сені елесе, еңбегіңнің жанғаны» атты тоғызқұмалақ сайысы үш күнге созылып, жан-жақтан жиналған жеткіншектер бақ сынады.
Шонжы ауылындағы Ж.Құдайбергенов атындағы орта мектепте өткен жарыстың ашылу салтанатына Күлсін Қызайбекқызының шәкірттері көптеп жиналды. Олар өздеріне тәлім-тәрбие берген, үлкен өмірге бағдаршам болар бағыт нұсқаған ұстазына қошемет көрсетті. Мектеп ауласына енген сәттен Күлсін апайының құшағын гүлге орап, сахна төріне оздырып, жылы лебіздерін арнады. Алыс-жақыннан келген әріптестері де спорт ардагерінің қуанышына ортақтасты.
Күлсін Мұсаева 1958 жылы 2 қаңтарда Диірмен ауылында дүниеге келген. 1986 жылдан бастап жас ұрпақты тоғызқұмалақ ойынына баули бастайды. Шахмат пен дойбыны да қатар үйретеді. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде еңбек ете жүріп, талай шәкірт тәрбиеледі. Олар ұстазының үмітін ақтап, байрақты жарыстарда топ жарып, ел мерейін үстем етті. Спорт шеберінің өзі де 1995 жылы тоғызқұмалақтан республика чемпионы атанған.
Ол тек Қарадаланың жасөспірімдерін ақыл-ойдың ойынына баулып қойған жоқ, ұлттық спорттың Жамбыл ауданында да қанат жаюына үлес қосты. Бүгінгі таңда Кеген ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жұмыс істейді.
Салтанатты шарада Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Қадыржан Бағбаев, Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Азамат Дүмбіров, Ұйғыр аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Жиһангер Мәжитов, Тараз қаласынан келген әріптесі Мейрам Ноғайбаевтар Күлсін Қызайбекқызының ұлттық спортты дамытудағы ерен еңбегіне жан-жақты тоқталды.
Спорт ардагері өзінің түймедей деп жүрген еңбегін таудай етіп көрсеткен ел-жұртына, шәкірттеріне ризашылығын білдірді. Ақ тілектер тиегі ағытылған шара әрі қарай тоғызқұмалақ жарысына ұласты. Турнирге 50-ден астам спортшы қатысты. Кіл мықтылар жеңіс тұғырына көтерілді.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы