Президент көтерген мәселелердің ішіндегі ең маңыздысы – ел бірлігі мен қоғамдық келісім. Өйткені мемлекеттің қуаты тек табиғи байлығымен, экономикалық әлеуетімен немесе халықаралық аренадағы орнымен өлшенбейді. Оның шынайы күші – азаматтарының ортақ мақсат жолында жұмыла білуінде. Қоғам ішінде алауыздық белең алып, өзара сенім әлсіресе, кез келген реформаның нәтижелі жүзеге асуы қиын. Сондықтан бірлік – жай ғана ұран емес, ел дамуының негізгі шарты.
Мемлекет басшысының талап пен тәртіпке басымдық беру қажеттігін атап өтуі де ерекше мәнге ие. Қазіргі кезеңде әр азаматтың құқықтық сауаты, қоғамдық жауапкершілігі және ел тағдырына бейжай қарамауы маңызды. Тәртіп бар жерде тұрақтылық, жауапкершілік бар жерде нәтиже болады. Бұл қағида мемлекеттік қызметтен бастап, қарапайым азаматтың күнделікті іс-әрекетіне дейін көрініс табуы тиіс.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

