Биылғы көктем еліміз үшін қауіпке толы болып тұр. Ұлан-байтақ жеріміздің әр шалғайында елдімекендерге қарғын су қаптап, тұрғындарды әбігерге салуда. Осыған орай Қарасай ауданында қауіптің алдын алу шаралары жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа 72 адам мен 25 арнайы техника жұмылдырылып, зардап шеккендерге қолұшын беру жұмыстарына 34 автобус пен 108 құтқарушы сақадай сай отыр.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі (ТЖБ) қызметкерлерінің айтуынша, ең алдымен су шарашылықтарындағы жағдай үнемі назарға алынып отырады. Қыста жауған қардың мөлшері мен көлемі өлшеніп, алдын-ала болжамдар жасалған. Бұл жұмыстарға ауданның төтенше жағдайға жауапты ұжымдарымен қоса «Қазселденқорғау» және «Үшқоңырирригация» мемлекеттік-коммуналдық мекемелері тартылған.
Бүгіндері «Қазселденқорғау» мекемесінің бағынышында екі маусымдық және бір тұрақты гидробекет жұмыс істейді. Болжам бойынша аудан аумағы арқылы өтетін өзендердің әрқайсысы су тасқынына себепші болуы мүмкін. Атап айтқанда, Қаскелең, Ақсай, Шамалған, Қырғауылды өзендерінің қай-қайсысы болса да еріген қар мен толассыз жауған жаңбырдың себебінен арнасынан асып, ауылдарға қауіп төндіреді. Сонымен қатар мұнда «Үшқоңырирригация» мекемесіне қарасты жекеменшіктің қарамағына берілген тоғыз тоғандар мен жеті су қоймалары тіркелген. Су тасқынының алдын алу мақсатында бұл құрылымдардағы судың деңгейі 50 пайызға дейін төмендетілген.
2023-2024 жылдары аудандық ТЖБ қызметкерлерінің күшімен қарғын су жайылуы мүмкін 11 учаскелер алдын ала анықталған. Өткен жылы олардың үшеуіне қауіптің алдын алу шаралары жүргізілген болатын. Атап айтқанда, Кемертоған ауылының маңынан ағатын Қырғауылды өзені мен Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе елдімекені арқылы өтетін Ақсай өзеніне және «Көкөзек» гидротехникалық кешенінде су жағалаулары көтеріліп, бекітілді.
Мұнымен қоса ауданда қарғын су жайылу қаупі бар тағы сегіз аймақ анықталып, тиісті шаралар қабылданған. Осылайша республика көлемінде жүргізілген «Көктем – 2024» командалық-штабтық жаттығулары аясында тағы төрт учаскеде арықтар мен тоғандарды тазалау, өзен арналарын бекіту, оларды қоқыстан тазарту жұмыстары жасалынды.
Шара барысында Райымбек ауылдық округінің аумағында су алу қаупі бар екі учаске анықталған. Мысалы, Қырғауылды ауылының Еңбекші, Сарытау және Жетісу атты көшелерінде еріген қар мен жауған жаңбырдан арықтарға су толып, он үйді басып қалуы мүмкін екені белгілі болған. Мұндай жағдайға жол бермес үшін жұртшылықты жұмылдырып 500 метр арықтар аршылды. Аталған жұмыстар аудандағы арнайы қызметтер мен әскерилердің бірлескен қимылы арқасында жүзеге асырылған.
Райымбек ауылында Еламан және Желтоқсан көшелерінің маңынан өтетін өзендерге қалың мұз қатқаны анықталған. Көктем мезгілінде еріген судан үш үй су астында қалуы мүмкін еді. Осыған байланысты тоғанның 400 метр аумағы тазаланып, қауіпсіздік шаралары жасалынды. Іргелі ауылдық аумағына қарасты Көксай елдімекенінде «15-ші квартал» деп аталатын тағы бір қауіпті уческе орналасқан. Бұл жерде жол жиегіндегі арықтардың болмауынан үш көшені су басып қалуы мүмкін еді. Сондықтан бұл жерде ұзындығы 500 метр болатын арық жүйесі шұғыл жасалынып, ішіне құм салынған 100 мүшек әзірленіп, қауіптің беті қайтарылды.
Сол сияқты Ұмтыл ауылдық округіндегі «Дружба» бақша серіктестігінің шығыс жағында үйлердің арасындағы арықтар қоқысқа толып, айналасына жабайы ағаштар өсіп кеткені байқалған. Қыста мол түскен қар мен көктемгі толссыз жауған жаңбыр мұндағы үйлерді су астында қалдыруы мүмкін еді. Осыған байланысты 300 метр арықтар тазартылып, су өткізу мүмкіндігі жоғарылатылды.
Осындай шаралар ауданның өзге елді мекендерінде де жүргізілген. Солардың ішінде Райымбек ауылдық округіне қарасты Абай ауылында 250 үйді су басып қалу қаупі анықталған болатын. Осы орайда елдімекеннің Жасұлан көшесінен Ақсай өзеніне дейін ұзындығы 200 метр болатын тоған қазылып, қауіпке тосқауыл қойылды. Ал Кемертоған ауылындағы 17-ші учаске мен Үлкен Алматы айналма жолының маңындағы Іргелі округіне тиесілі «Навад» бақша серіктестігінде тоғанды тазалап, арнасын кеңейту арқылы 40 тұрғын үйді су басу қаупі сейілді.
Дегенмен, бұл бағытта әлі де кезегін күткен мәселелер баршылық. Мысалы, пайдалануға берілгелі ешқандай жұмыстар жүргізілмеген «Октябрь – 1» су қоймасына тиесілі «Жан-Күлік» тоғаны, «К-25» деп аталатын су қоймасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылы аймағындағы Ақсай өзенінің аңғарына «Sarta – 86» ЖШС-нің күшімен кауіпке қарсы шаралар атқарылды.
Бүгінгі күні аудан бойынша қарғын су қаупіне қарсы 10 мың қап пен 10 тонна жанар-жағар май, 40 тонна инертті құрылыс материалдары әзірленіп қойған. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осылайша Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен Қаскелең қаласындағы №5 өртке қарсы ұжымы бірлесе отырып, елдімекенді су ала қалған жағдайда немесе өрт қаупі туындағанда қандай әрекеттер жасау керектігі көрсетілген арнайы буклеттер таратылған. Ал қажет болған жағдайда АСО-8-ЗМ автоматтандырылған жүйесі мен 26 электронды дабыл жеткізгіштер іске қосылуға дайын. Осылайша ауданда қарғын су қаупін сейілтуге қатысты біршама жұмыстар атқарылды.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы