Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Қарадалаға кезекті сапарымен келді. Жылына бірнеше рет өңір тұрғындарымен жүздесіп, ауылдағы ағайынның өтініш-тілегін тыңдап, өзекті мәселелеріне назар аударып, барынша қолдау көрсетуге тырысатын облыс басшысы бұл сапарында кетпендіктермен кездесті. Ұйғыр ауданына бұған дейін келген сәтінде Шарын ауылындағы түйінді мәселелерді көзбен көріп кеткен еді. Енді, міне, шекара шебіне жақын орналасқан, Аспантауды алқымдай жатқан қасиетті Кетпен тауының бөктеріндегі ауыл азаматтарының өтініш-тілегіне назар аударды.
Марат Елеусізұлы ең әуелі, ауылдық округ әкімдерімен және қожалық басшыларымен жүздесті. Ұйғыр ауданы әкімінің орынбасары Дастан Құдабаев ауыл шаруашылығы саласы турасында баяндама жасады. Дастан Сұлтанмұратұлы өз сөзінде жері құнарлы мекенде бұрынғы кезде 20 мың гектарға дейін егістік жер болғанын, бүгінде бұл көрсеткіш төмендегенін айтып, Қарадала мас сивіндегі 294 ұңғыманың тек 91-і ғана бүгінде істеп тұрғанын, егер қалған ұңғымаларды да жөндеуден өткізсе, біршама пайдаланылмай жатқан жер ге нәр кіретінін жеткізді. Қазіргі таңда 1500 гектар шамасындағы жерге дақыл егу жұмыстары басталғанын да сөз етті. Ауданда су мәселесі – бүгінде өте өзекті проблема. Осыны шешу мақсатында таулы аймақтағы елдімекендерге тоспалар салу жайы сан мәрте көтерілген.
Жыл сайын кейінге шегеріліп отырған тоспа жайы шаруалардың басты жанайқайына айналған. Себебі, көктемде жер жыртып, тер төгіп, дақылын егіп, еңбектенген шаруалар жаздың аптап ыстығында суға қол жеткізе алмайды. Дәнді дақылдар су тапшылығынан жарамсыз болып, төккен тер далаға кетеді. Өткен жылы да таулы аймақтардағы шаруалар осындай қиындық көрген болатын. Тіпті, тұқымға кеткен шығынын да ақтай алмағандар жетерлік. Осы себепті ең әуелі тоспа жайын қолға алу қажеттігін айтқан Дастан Сұлтанмұратұлы биылғы жылы Шошанай, Сүмбе, Қырғызсай, Ават ауылдарына тоспа салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме жасау үшін 82 млн теңге бөлінеді деп жоспарланғанын, бірақ Шошанай ауылына қаражат қаралмай қалғанын айтты. Сонымен қатар малшылардың күздеу мен көктеуі болып отырған Қарадалада кезінде шегенделген құдықтар болғанын, бірақ олар тозығы жетіп, малшы қауымның суат таппай сандалатынын да айтып өтті. Сондықтан 197 шақырым суаттарды жөндеудің маңызы зор. Оған бюджеттен 126 млн сұраныс жасалған. Өкінішке қарай, ол қаражат қарастырылмаған.
Барлығы 14 ауылдық округтен келген шаруа қожалық төрағалары да өздері нің жанына батқан жанайқайларын жеткізді. Шаруалардың басым бөлігінің мәселесі де сумен байланысты болды. Бәрі де еккен егінін суара алмай дал болып жүргендерін, бұлай жалғаса берсе, жердің бәрі игерусіз қалатынын айтып ақтарылды. Тіпті, ауданда бар деп айтуға болатын 7 тоспаның өзі апатты жағдайда. Оның тек бесеуі «Қазсушар» мекемесінің теңгерімінде. Ол мекеме тоспаларға ешқандай жөндеу жасауға ниетті емес. Міне, осы тоспаларды әкімдік теңгеріміне алса, қаражат бөлініп, тоспалар жасалса да біршама шаруаның жағдайы оңтайлы шешілер еді. Атамекеніне қоныс аударған қандастар жер алудағы қиындықтарын айтса, кейбір шаруа қожалық иелері тыңайтқыштың дер кезінде жетпейтінін, субсидияларын уақытылы ала алма ғандарына шағымданды.
Марат Елеусізұлы ауыл әкімдерінен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарын сұрады. Өткен жылы 25 елдімекеннен 159 өтінім жіберілген. Оның ішінде 141 өтінім мақұлданып, 1,157 млн теңге қаражат алынған. Игерілген қаражаттың дені мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кооперативтер тарапынан 8 өтінім, жеке кәсіпкерлікті дамыту үшін 16 өтінім мақұлданған. Осы мәліметтер бойынша, жіктеп сауал қойған облыс әкімі алдағы жылы бұл көрсеткіштің артуына жұмыс істеуді тапсырды.
Садықожа Мошанұлы атындағы Кетпен ауылдық Мәдениет үйіне ауыл тұрғындары көптеп жиналды. Аудан әкімі Бота Елеусізова тұрғындар алдында өз есебін берді. Бота Серікқызы 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жіпке тізіп, кеткен кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады.
Өткен жылы ауданда инвестиция көлемі 22 млрд 756 млн теңгеге жетіп, тиісті мерзімімен салыстырғанда 1 млрд 873 млн теңгеге көбейген. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі керісінше құлдыраған. 24 млрд 518 млн теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6 млрд 662 млн теңгеге азайған.
Ауданда су үнемдеу технологиясы, оның ішінде, тамшылатып суғару әдісі бойынша 4 шаруашылық 450 га бақты қолданып келген болса, үстіміздегі жылы бұл сандар еселеп артуы мүмкін. Себебі, бүгінгі күнге ауылдық округтерден 4461 гектар жерге 120 шаруа қожалығы су үнемдеу технологиясын қолдануға ниет білдіріп отыр екен.
Әртүрлі бағдарламалар арқылы өз кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер саны артқан. «Ауыл аманаты» бағдарламасынан бөлек, аудандық «Шарын несие серіктестігі» «Кең дала», «Іскер», «Агро бизнес» жобалары арқылы жыл басынан 11 кәсіпкерге 123 млн теңге несие берген. Олар да бүгінгі таңда өз жұмыстарын барынша жүргізіп отыр.
2023 жылы қолданысқа 15 811 шар шы метр тұрғын үй берілген. Алдағы уақытта да ауыл азаматтарын тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар жалғаспақ. Атап айтсақ, биыл 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріліп, 60 отбасы баспаналы болмақ. Халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз етуде 25 елдімекен толық орталықтандырылған сумен қамтылды. 2023 жылы Рахат, Ұзынтам ауылдарында су жүйесі құрылысы аяқталып, нысандар қабыл данып алынды. Ал 2024 жылы Ават, Сүмбе ауылдарының су құбыры жүйе лерінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталатын болады.
Ауданға көгілдір отын келгелі 6 жылға жуық уақыт болды. Десе де әлі күнге аудан орталығынан басқа елдімекендер газға қосылған жоқ. Осы мәселені шешу мақсатында жоспар жасалып, жұмыстар басталды. 2024 жылы Шарын, Тасқарасу және Бахар ауылдарында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталады деп күтілуде.
Аудан әкімі Бота Серікқызы әлеуметтік саладағы оң өзгерістер мен қордаланған мәселелерді тізіп, атқарылып жатқан, болашақта істелетін жұмыстар легімен де таныстырды.
Кездесудің сұрақ-жауап бөлімінде де бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, ауылдағы жұмыссыздық, ауыл жастарының жұмыс іздеп қалаға ағылуы, су қоймасы, малшылардың Шалкөде жайлауына баратын Асанбай Асқаров асуының жөндеу көрмеуі, көшіп-қонуға қиындық тудырып отырғаны, биылғы жылы техникалық экономикалық негіздемесі жасалады деген 4 тоспаның ішінде Шошанай ауылындағы тоспаның қалып қой ғандығы туралы сауалдармен қатар Кетпен ауылының тумасы Заманбек Нұрқаділовтің есімін жаңғырту мақсатында Кетпен ауылында тұлғаға құрмет көрсетіп, 80 жылдығы аталып өтсе деген өтініштер де жолданды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев барлық сауалдарға жауап беріп, құзырлы орындарға тапсырмалар берлді.
Жиыннан соң Марат Елеусізұлы 147 гектарға жаңбырлатып суару әдісіне қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, құрылғыларды орнатуды бастаған «Қалжат Агро» ЖШС-ның, 30 адамды жұмыспен қамтып, мал шаруашылығын дамытып отырған «AFM Expert Kazakhstan» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Сондай-ақ Дардамты ауылдық округінің аумағында орналасқан, суармалы жерлерді сумен қамтамасыз ету үшін 1980 жылы пайдалануға берілген «Добын-1» су қоймасына барды. Су қоймасының жобалық құжаттамасы жоқ. Өздігінен ағатын жерасты құдықтары суымен толтырылатын резервуарда төтенше жағдайда су ағызу қақпасы қаралмаған. Ішінара жөндеу жұмыстарын қажет ететін су қоймасының жағдайын Марат Елеусізұлы көзбен көріп қайтты. Мұнан соң Оңтүстік Кореяның технологиясымен жұмыс істейтін «ТОMATIK» жылыжай кешеніне атбасын бұрды. Жылына 1300 тонна қызанақ өндіретін жылыжайда 50 адам жұмыспен қамтылған. Облыс басшысы жылына 200 тонна балық өндіретін «TENGRY FISH» ЖШС-на да табан тіреді. Сонымен қатар 2013 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «А.Тимур» шаруа қожалығына барып, бау-бақша, асыл тұқымды мал өсіріп отырған қожалықтың жұмысымен танысты.
Еңбек еткен азаматтың жетістікке жететініне көз жетті. Әрине, ауданда проблема жоқ емес. Десе де, бұл жолы ауданның алдыңғы шебіндегі шаруалар жайы таныстырылып, көпке үлгі етілді. Жері құнарлы, табиғаты таңғажайып, түгін тартсаң, майы шығатын бұл өлкеде барлық сала дамыған. Тек шаруалардың шымбайына су тапшылығы батып барады. Бұл туралы Марат Елеусізұлы шаруалар мен ауыл азаматтарынан түскен өтініш-шағымдарға барынша қолдау көрсетіп, көмектесетінін айтты. Шаруалардың да бар тілегі осы ғана.
Анар Дүйсенбайқызы,
Ұйғыр ауданы