Су тасқыны толастар емес. Құлсары қаласынан 12 мың адам эвакуацияланыпты. Қостанайда жағдай күрделене түскен.
Президент жағдайдың ушығуына байланысты халыққа арнайы үндеу жолдады. Үндеу арналар арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Сонымен Үндеуден:
Президент дәл осындай апатты жағдай Қазақстанда соңғы 80 жылда болмағанын атап өтті. 80 жыл болса шамамен 1950-60 жылдары осындай тасқын болса керек.
Апаттан зардап шеккендерге толықтай көмек көрсетіледі. Шығын көлемі толық өтелетінін тағы бір мәрте айтты. Материалдық шығын толық өтеледі дейді.
Қазір су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылып отыр. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары, әкімдік қызметкерлері белсене атсалысып жатқанын айтты. Ондаған мың ерікті де көмектесіп жүр. Су басқан аймақтың халқы да қолға күрек алып, тасқынмен күресуде. Эвакуация жұмыстарына да барынша қатысуда.
Апатқа байланысты Премьер-Министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылған болатын. Премьер-Министрдің өзі, оның орынбасарлары және Төтенше жағдайлар министрі апат болған аймақтарды аралап жүр. Барлық құтқару жұмыстарын тікелей президент өзі бақылап отырғанын жеткізді.
Үндеуде әскердің қосымша күшін құтқаруға жұмылдыруға тапсырма берді және Үкіметке материалдық резервті қолдануға тапсырды.
Қазір еліміздің 10 аймағында су тасқыны болып жатыр.
Адамдар аман болсын. Қазір ең басты және ең маңызды міндет – сол халықты аман сақтау.
Нұрлан Түймелиев,
Іле ауданының белсенді азаматы, кәсіпкер