Алматыдағы ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты М.Есболатов атындағы Алматы академиясында мерекелік шара өтіп жатқан. Жиналған жұрттың қарасы біршама екен. Салтанатқа арналған формаларын киіп, сап түзеген жауынгерлердің түр-сипатына қараудың өзі бір ғанибет! Әдеттегідей Мемлекеттік Гимн орындалған кезде жиналған жұртшылық қолдарын кеуделеріне қойып, бірге шырқаған. Рухты әуен аяқтала бере шараны жүргізушілер енді академияның өз әнұраны шырқалатынын жеткізді. Енді бәріміз кезекті әуенге құлақ түргенбіз.
Қажымас қайраты,
Жігерлі, қырағы,
Білікті тәлімгер,
Бірлікте тұрағы.
Құқықты қорғауда,
Жауапты міндеті,
Полицей ұстаздар
Беделді қызметі.
Академия – қара шаңырақ,
Болашаққа жаққан шырақ.
Белгісі болып шыңдарға өрлеп,
Асқар таудай тұр ғой жарқырап!
Жеке дауыста орындаушы – сұңғақ бойлы, сымдай тартылған, әскери әдебі қалыптасқан жігіт ағасының жігерлі үні әуелеп, кең ғимараттың ішін толтырып жібергендей әсер қалдырған. Ал қайырмасына хордың әншілері қосылғанда кеудеңе бір алапат күш қосылғандай сезімде болады екенсің. Қайырымымен екі шумақ ән айтылғанша баршамыз қозғалмай тыңдап, соңынан қол шапалақтап, құрмет көрсеттік. Жүргізуші жігіт: «Академия әнұранының сөзін де, әнін де жазып, алдарыңызда жеке дауыста орындаған полиция полковнигі Естай Әбілезов!» – дегенде жаңағы сымбатты жігітке ризашылықпен қарадық.
Мерекелік шара өз қалыбымен атқарылып, жұртшылық соны тамашалауға кіріскен бір сәтте өзгелерден оңашалау тұрған әнұран авторын байқап қалдым. Азаматпен жеке танысып, қолын алып, құттықтау парызымдай болып көрінген. Менімен ежелден біліс адамдардай амандасқан ол қызметі мен шығармашылығы жөнінде білгім келеді деген ұсынысымды ыждаһаттылықпен қабылдап, академияның қалтарыстау бір бөлмесінде емен-жарқын әңгімелесудің орайы келген.
Көкейімде кептелген көп сұрақтың ең бастысы өзі әнші, ақын әрі композитор бола тұра полицияда қалай жүргенін білу болатын.
– Бұл маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі, – деді Естай Тоқтасынұлы сауалымды әбес көрмей. – Менің әкем – заманындағы қиындықтарға байланысты оқудан қол үзіп қалып, ғұмыр бойы еңбекке араласқан адам. Кейіннен көпшілік алдындағы абыройының арқасында шаруашылықта кәсіподақ комитетінің басшысы да болған. Алайда оның өмірлік мұраты мен әуесқойлығы өнер еді. Біз білгелі қолынан домбырасы түспей, жиынтойдың ортасында ән салып жүретін. Өзіне бойтұмар болмаған өнер маған жұғысты болсын деді ме, әйтеуір мен дүниеге келгенде атымды даңқты әнші болсын деген тілеумен Естай қойған екен.
Әкемнің тәлім-тәрбиесінің әсері ме, мен бала кезімнен өнерге құштар болып өстім. Мектепте оқып жүргенімде көркемөнер үйірмелеріне қатысып, мәдени-көпшілік шаралардың бірінен қалмаушы едім. Айтыс өнері қайта түлеген тұста қолыма домбырамды алып, шаршы топқа да түстім. Сахнада ән салып, би де билеген кезім болған. Осы әуестігім менің болашақта өнер жолына түсуіме тікелей бастап келе жатты.
Бұл еліміз тәуелсіздігін алып, экономикада құлдырау етек алған қиын кезең еді. Бір жағына тартсаң, екінші жағы ашылып қалатын қысқа көрпе сияқты жоқшылық та елді қыспаққа алған. Әкемнің учаскелік милиция болып жұмыс істейтін Қажымұқан атты досы үйге келіп-кетіп, қолғабыс көрсетіп жүретін. Сол досы: «Әй, Тоқтасын, өнер-өнер деп не таптың?! Өнер балаларыңа тамақ бола ма, қайтесің соны? Мына мені қарасаңшы, ішкенім алдымда, ішпегенім артымда, жалғанды жалпағынан басып жүрмін. Мені тыңдасаң ана балаларыңнын бірін милицияға бер. Бір жағыңа шығып, көмектеседі!» – дегенін де естимін. Шынымен, оның есебі түгел. Өзгесін айтпағанда, шөбі түсіріліп, малы бордақыланып жатады. Қарны тоқ, көйлегі бүтін. Дегенмен, ол кезде дүниені ойлайтын шағым ба, өнер адамы боламын деп өрекпіп жүрген кезім.
Менің бұл аптығымды мектеп бітірер жылы әкемнің өзі басты. «Әй, Естай, сені атағы дүрілдеген әнші болса деген арманмен есіміңді Естай қойған өзім едім. Алайда мына заманда өнермен алысқа бара алмайды екенсің. Сенің сахнада шошаңдап жүргеніңді қаламаймын. Сөзді қой да милицияға бар!» – деді. Жайлап айтқанымен, әке сөзі бұйрықтай болып естілген. Үлкеннің сөзін жерде қалдырмайтын дәстүрімізбен қолыма аттестатты алғаннан кейін Алматыға аттанып, Ішкі істер министрлігіне қарасты Жоғары милиция мектебіне құжаттарымды тапсырдым. Орта мектепте жақсы оқығанымның, сол жылы аталған оқу орнында қазақша бөлімнің ашылғаны да сеп болып, бірден түсіп кеттім. Осылайша милиция мектебінің курсанты болып шыға келгенмін.
Оқуға түсуін түскеніммен, бұл жердің тәртібі ұнай қоймады. Казармадағы темірдей тәртіп, күнделікті спортпен айналысу, асханаға дейін саппен барып, саппен қайту, өз еркіңмен сыртқа да шыға алмау ен далада еркін өскен мен үшін қолайсыз болғаны рас. Шынымды айтсам, бұл оқуды тастап кетіп, өзімнің ұнататын салама барғым келген. Менімен бірге түскендер мен генералдардың балаларына айтып көріп едім, олар бұл шешімімді құптаған жоқ. «Сен қызықсың, қаншама жігіт бұл оқуға табан іліктіре алмай, амалсыз ауылдарына қайтты. Ал сен болсаң осы мүмкіндіктен өз еркіңмен бас тартқың келеді. Сөзді қой да, шыда!» – дескен олар. Осылайша жігерімді жанып, оқуымды жалғастырдым. Бұл 1992 жылдың күзі болатын.
Жоғары милиция мектебіндегі төрт жылға созылған оқуын тәмамдап, Алматы қаласындағы Әуезов ауданында тергеуші қызметіне кіріскен Естай алған білімін тәжірибеде пайдаланып, жұмысын адал атқаруды мақсат етіп қойған. Күндіз-түні толастамайтын қым-қуыт жұмысқа бір кіріссең, одан құтылу мүмкін емес. Бір жылдың қалай өткені де сезілмей қалыпты. Тағы бірде оқып жүргенде жазған конспектілерін жұмыста пайдалануға алу үшін милиция мектебіне бас сұққаны бар. Есік алдында өзінің ұстазы Саттар Мұқанұлы жолыға қалмасы бар ма. Аман-саулықтан кейін мұның қайда жүргенін сұрап, жұмысының жайын біліп жатыр. Әңгіменің бір тұсында:
– Әй, Есет, сен өзі сан қырлы өнерің бар, сабақты үздік оқыған озат шәкірттерімнің бірі едің. Ішкі мәдениетің, сөйлеген сөзің мен ойлау жүйеңнін жеделдігі нағыз ұстаз болуға лайық. Оның үстіне қазақшаң таза, мәнерлі әрі әуезді. Анау тергеудегі жұмыс сенің мүмкіндіктеріңді шектеп, қарайтып жібереді. Мені тыңдасаң, бізге оқытушы болып кел! Мұнда шығармашылықпен айналысуыңа, ғылыми атақ қорғауыңа өзім жәрдемдесемін, – деген.
Ұстазынан мұндай ұсыныс күте қоймаған Естай:
– Ойланып көруге бола ма? – деген.
– Жарайды, ойлан. Бірақ көп уақыт бере алмаймын. Дәл қазір саған лайық қызмет орны бос тұр. Оған біреуді алып қойса, менің шамам келмей қалуы мүмкін, – деп кесіп айтқан.
Онсыз да адамның ақылы бармас қылмыстарды көріп, өз мамандығынан көңілі қала бастаған Естай ұстазының ақылын алып, милиция жоғары мектебіне ұстаз болып оралады. Осылайша, Естай Әбілезовтің Алматы жоғары тергеу мектебіндегі қылмыстық құқық және криминология кафедрасындағы оқытушылық қызметі басталған болатын.
Ұстазы Саттар Мұқанұлы мен өзге де аға әріптестері өнердің сан саласынан хабары бар, кез келген отырысты думанға айналдырып жіберетін, өзі әнші әрі композитор, суырыпсалма ақындығымен аяқасты өлең де шығарып жіберетін Естайға қолдау көрсеткені анық. Бұл жерде қарапайым оқытушылықтан бастап, аға оқытушы, доцент, кафедра жетекшісінің орынбасары, ал кейіннен кафедра меңгерушісі қызметін жемісті атқарды. Болашақ құқық қорғау мекемелерінің қызметкерлеріне дәріс бере жүріп, ғылыми жұмыспен айналысуға мүмкіндік табуға тырысатын. Осылайша, 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «құқықтану» мамандығы бойынша кандидаттық диссертацияны жемісті қорғап шыққан болатын. Мұның сыртында құқық қорғау саласының түрлі бағыттары бойынша ғылыми мақалалар, зерттеулер мен монографиялар жазып, қылмыспен күресу ісінің ғылыми негізін қалауға, салада мемлекеттік тілдің үстемдік құруына да еңбек сіңіргені белгілі. Қарап отырсақ, Естай Тоқтасынұлы ұстаздық пен ғылымды ұштастыру нәтижесінде қылмыспен күресу және криминология тақырыбында 28 оқулық, 4 монография, 24 оқу құралын шығарған екен. Солардың ішінде ҚР Қылмыстық кодексіне түсіндірме жазу еңбегін өзі ерекше бағалайды.
Бұл Естайдың академиядағы оқытушылық жұмысының ширыққан, шарықтаған тұсы десе де болады. Алғашында әке қалауымен келіп қалған сала бірте-бірте оның өміріне дендей еніп, тұңғиығына тарта берген. Мұнда да таусылмас тіршілік барын, ең бастысы өнер барын қапысыз ұққан. Академияда 30 жыл 8 ай үздіксіз еңбек етіп, 2023 жылдың мамыр айында полиция полковнигі шенінде құрметті еңбек демалысына шығады. Алайда ғылыми атағы мен шенінің дәрежесіне байланысты академияның Құрметті профессоры ретінде жастарға тәлім беруді бүгінге дейін жалғастырып келеді.
– Адамның бойына өнер бір қонатын болса, ол ешқайда кетпейді екен, – дейді Естай өзінің өнерге деген құштарлығы жайында. – Қандай қызметте, қай жерде жүрсем де ән салуды доғарған емеспін. Тіпті, бір күн домбыраның күмбірлеген дауысын естімей қалсам, арқам қозып, ауырып қалатынымды да аңғарып жүрмін. Үйімде де, қызмет бөлмемде де домбыра тұрады. Тіпті, көлігіме де біреуін салып қойғанмын. Көзіме түскен, қолыма тиген аспаптың бәрін сатып алып, меңгеріп алуға тырысамын. Шағын ғана екі бөлмелі пәтерімде қазақтың домбырасынан бастап, гитара, срипка, гармонь, баян, акардеон сақтаулы тұр.
Е стайдың музыкаға деген құштарлығын, әншілік қабілетін жоғары бағалайтын достары мен таныстары оның саналы ғұмырын өзге салаға арнағанына таң қалып, өнерге оралуын қалайтын көрінеді. Әлі де жеті жыл академияда қызмет етуге құқығы бола тұра зейнеткерлікке шығуының бір ұшығы осында жатса керек. Енді ол өмірін біржола өнерге арнап, жоғалтып алған жылдардың есесін қайтаруды армандайды. Бала кезінен өлең жазып, айтысқа қатысқан ол поэзияға деген талабын да қайта жандандырсам дейді.
– Қазіргі айтылып жүрген әндердің кейбірін тыңдап отырсам, қарным ашады, – дейді ол. – Көбінің сөзі мен әуені бір-біріне мүлдем жанаспай жатады. Ешнәрсені білдірмейтін, олпы-солпы құрылған өлеңдер әннің де қадірін кетіріп бітті. Сөз әуеннің мазмұнын ашатындай ойлы да мағыналы болуы керек. Осыны көргенде амалсыз қолыңа қалам алады екенсің.
Осылай іштей ширығып жүргенде «Достарыма» деген әннің мәтіні мен әуені жүрегінде ойнақ салады. Бұл туындыны тыңдағандар жоғары бағасын береді.
Зейнет дамалысына шықса да, академияда профессор болып еңбек ете жүріп, Естай бұл күндері бос уақытын өнерге арнаған. Алдымен, халық әндері мен халық композиторларының көп тараған әндерін нақышына келтіре орындағанды жақсы көреді. Кез келген отырыста, жиынтойларда тыңдаушылардың құлақ құрышын қандырады. Қолы қалт етсе, өлең шығарып, соңынан оған ән жазу, оны өзі орындау дәстүрге айналған.
– Құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп, ұстаз ретінде әжептәуір биіктерді бағындырған екенсің. Полковник шеніне көтеріліп, заң ғылымдарының кандидаты, профессор атануың аз дүние болмаса керек. Дегенмен, өнер саласына біржола бұрылмағаныңа өкінбейсің бе? – дейміз әңгіме арасында.
– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Иә, полиция қызметіндегі оқытушылық еңбегім айтарлықтай екені рас. Өзгені қойғанда менен тәлім алып полицияда еңбек ететін, ғылым жолына түскен шәкірттерім қаншама?! Олар Қазақстанның барлық аймағында қызметте жүр. Осының өзі үлкен мақтаныш. Дегенмен, егер өнерді таңдасам біраз биіктерді бағындырар ма едім деп ойлаймын. Кәсіби өнер маманы болмағанымен, әкем ел арасында әнші ретінде танымал еді. Енді сол әкемнің арманын жүзеге асырсам деймін. Естай деп қойған атымды ақтасам деп ойлаймын.
Той-томалақтарда өлең айтып қоймай, Естай бүгіндері үлкен сахналарды бағындыруды алдына мақсат етіп қойыпты. 2021 жылы Студенттер сарайында концерт беріп үлгерген. Алдағы уақытта халық әндері мен өзі шығарған әндерді топтап тағы бір концерт дайындауды қолға алған. Бойындағы Жаратушы берген өнерді тұншықтырмай, халқына ұсынуды парыз санайды. Өзіне: «Арнайы білімің, музыкалық сауатың жоқ болса, өнерде неғып жүрсің?!» – деген әншісымақтарға: «Бауырым, мен қазір полиция полковнигімін, алдағы уақытта бұйырса әнші атанамын. Ал сен әнші болып жүрсің бе, енді қанша жерден тырыссаң да полковник бола алмайсың», – деп жауап берген екен. Рас-ау, Естайды айналасындағы барша жұрт шынайы әнші деп мойындағалы қашан?!
Кім біледі, бәлкім, әлемді тамсандырған сахна шебері бола қоймас. Алайда бойына біткен дарынды халқына бермей, бұйығы қалса, өнерге қиянат жасап жүргендей көрінетіні бар. Өнер мен өлеңді бірге алып жүріп, ән салумен қатар шығармашылығын да қатар өрбітуде. Бұл бағытта қол жеткен табыстары да жоқ емес. Өз өлеңдеріне әуен шығарып, орындап жүрген әндері тыңдаушыларын бейжай қалдырмайды. Біраз уақыты құқық қорғау саласындағы қызметпен өткен Естай табиғатына біткен ашықтығымен, ақкөңілдігімен өнердің өріне қарай ұмтылуда. Ең бастысы, шырқаған әндерінен рухани ләззат алатын көрермендері мен тыңдаушылары, дарынын бағалайтын жұртшылық баршылық.
Бұл күндері жары Шынар екеуі Айбек атты ұл мен Әйгерімдей қыз баланы тәрбиелеп өсірген. Ұлы Қытай елінде мемлекет грантымен IT мамандығын меңгеріп жатса, Әйгерім де журналистика мамандығы бойынша білім алуда. Екеуі де өнерге жақын болғанымен, басқа мамандықтарды таңдаған.
Ұстаздық саладағы жетістіктері үшін «Білім беру ісінің үздігі», «Жас дарын» төсбелгілермен марапатталған, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, «Тәуелсіз мемлекеттер достастығының үздік педагогі – 2021» халықаралық байқауының жеңімпазы. Қолына тиген аспаптың бәрін меңгеріп, әуелете ән шырқап жүрген Естай Әбілезовпен аз ғана әңгімеде білген-түйгендеріміз осындай. Ендеше өнерпаз жанға табыс тілей отырып, алдағы уақытта халықты шығармашылығымен қуанта бер деген тілек айтқымыз келеді.
Қуат Қайранбаев