«Дала аруы» атанған жүгері дақылына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары да жүгері өсіретін егіс алқаптарын ұлғайтуға басымдық беруде. Нәтижесінде, сапалы элита тұқымына деген сұраныс туындап, тұқыммен айналысатын шаруашылықтар құрыла бастады. Дей тұрғанмен, елімізде әлі күнге сапалы тұқым өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Соның бірі – Еңбекшіқазақ ауданындағы «Будан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын басшысы Нұрлан Сақауловқа арнайы жолығып, бүгінгі табыстары мен болашақ жоспары жайында аз-кем әңгімелесудің сәті түскен еді.
– «Будан» ЖШС 20 жылдан бері еліміздің тұқым шаруашылығын дамытуға зор үлес қосып келеді. Әуелі кәсіпорынның қазіргі жағдайы туралы айтып берсеңіз.
– «Будан» ЖШС – жүгері және майбұршақ өсіретін арнайы мамандандырылған кәсіпорын. Сондай-ақ еліміздегі элиталық тұқым шаруашылығы статусын иеленген ірі шаруашылық саналады. Біздің қолданып отырған технологиямыз жүгері мен майбұршақ тұқымдарының тек ішкі нарықта ғана емес, сонымен бірге сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігіне кепілдік береді. Бүгінде «Будан» тұқымды жүгері сатуда Қазақстан нарығының 60 пайызын қамтып отыр.
Шаруашылықта қазір 120 адам тұрақты жұмыс істейді, орташа жалақысы – 150 мың теңге, науқан кезінде жұмысшылар саны 250 адамға жетеді. 120-дан астам арнайы ауылшаруашылық техникамыз бар. Сонымен қатар кәсіпорын заманауи материалдық-техникалық базасы мен минералды тыңайтқыштарға және пестицидтерді пайдаланудың ғылыми нормаларына сәйкестендірілген үдемелі технологияға ие. 1994 жылы салынып, АҚШ-тың заманауи құралжабдығымен жабдықталған жүгері дәнін тереңдетіп сұрыптау зауытымыз тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жеткілікті еңбек ресурстары және білікті мамандарымыз ертеңгі күнге нық сеніммен қарауға негіз бола алады.
– Енді ауылшаруашылық өндірушілері үшін маңызды мәселелерге ойыссақ. Жүгері тұқымының нарықта қалыптасқан бәсекелестік жайын сөз етсеңіз. Сонымен бірге тауардың бағасы мен сұранысына да тоқтала кетсеңіз.
– Ең алдымен, өндірген жүгері будандарымыз әлемдік нарықтағы тұқымдармен бәсекеге түсуі – біз үшін үлкен жеңіс. Отандық шаруалар негізінен шетелдік жүгері тұқымдарын алуға асығады. Оларды қымбат бағаға сатып алған соң барлық технологияларды мұқият сақтайды. Яғни, тыңайтқыштарды 2 есе береді. 3-4 рет суарады. Осылайша өнімді көп алуға тырысады.
Ал біздің жүгері будандарына немқұрайдылықпен қарайды. Өйткені бағасы арзан болғандықтан сапасы нашар деп ойлауы мүмкін. Шын мәнінде, олай емес. Біздің тұқым нарық талаптарына сай, оның барлық тенденцияларын сақтаған. Сонымен қатар жүгері тұқымын сатудың жоғары деңгейін қадағалап, өзінің дистрибьюторлық жүйесін дамытып отырады. Бұл жүйенің негізгі бағыттары: біріншіден – ірі және орта тұтынушылармен ұзақ мерзімді байланыс орнату; екіншіден – әлеуетті тұтынушылардың үнемдеу нарқының болашағы бар бағыттары бойынша сегментке шығуы. Міне, осындай жүйелі жұмыстардың арқасында біз нарықтағы өз орнымызды бекемдеп келеміз.
– Ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынды өсуі саланың тиімді бизнес көзіне айналуына, оған инвестициялық ағымдардың құйылуына септігін тигізеді. Ол үшін, әрине, өндірілетін өнімнің көлемі мен сапасын арттыру керек. Бұл процесс өндіріске инновацияны, ғылымды енгізгенде ғана жүзеге асатыны белгілі. Осы бағытта қандай іс атқарып жатырсыздар?
– Болашақта өнім көлемін ұлғайту және атқарылып жатқан жұмыс сапасын жақсарту – басты жоспарымыз. Сол үшін шаруашылыққа инновациялық технологияны енгізуге күш салудамыз. Қазіргі таңда «Будан» ЖШС-на тиесілі жерлер ғарыш арқылы бақылауға алынған. Біз компьютерден әр бөлімшеге бекітіліп берілген жердің, оның топырағының құнарлығын, жылуын, бүгінгі және ертеңгі күнге арналған ауа райына дейін қадағалап отырамыз. Соған байланысты жер жырту, өңдеу, себу жұмыстарын ұйымдастырамыз.
Ұжымның алдына қойған негізгі мақсаты – өндірілген өнім сапасын арттыру және тұтынушыларымыз үшін қолжетімді жүгері және майбұршақ сұрыптары мен будандарының ассортиментін ұлғайту. Тұқым сатып алушы үшін сатушының ұсынып отырған бағасы едәуір маңызды. Бұл бағытта біздің кәсіпорын басқаларға қарағанда жеңілдіктер жасап отырады.
– Әр өнімнің өзіндік ерекшелігі болатыны анық. Осыған кеңірек тоқталсаңыз. Сондай-ақ, шетелдік әріптестермен бірігіп, ортақ іске қандай үлес қосып жатырсыздар?
– «Будан» ЖШС 2001 жылдан бері Сербия Республикасының «Земун Поле» жүгері институтымен бірлесе отырып, Қазақстанның әртүрлі агроэкологиялық аймақтарында өсіруге арналған генетикалық потенциалды өнімділігі жоғары жүгері мен майбұршақ тұқымдарының будандарын өндіру бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Аталған жобаның ғылыми жетекшісі Лазар Койич мырза біздің елімізде 20 жылдан астам уақыт табысты еңбек етіп жүр. Бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып, нәтижесінде өзіміздің селекция мектебі шығарған сапасы өте жоғары жүгері будандары мен майбұршақ сұрыптарын отандық және алыс-жақын шетелдік өндірушілерге ұсынатын жағдайға жеттік. Біздің тұқымдар маңызды көрсеткіштері бойынша шетелдік селекция мектептерінің будан-сұрыптарынан кем түспейді.
Бүгінгі күні жүгерінің 24 буданы шығарылды, оның 17-сі – будандық тұқым. Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік реестріне енгізіліп, Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат берілген. Қалғаны ауылшаруашылық дақылдарын сұрыптау, тексеру бойынша мемлекеттік комиссияның бақылауында.
Біздің мамандар шаруалар үшін танымал Каз-ЗП-200, Марко-419, Тұлпар-539, Арман-689, Скиф619, Алтын-739, Сұңқар-779, КазЛК-599, Каз-ЛК-650, Каз-ЛК-171 және басқа да будандарды өндіріске енгізді. Бұл будандар Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие. Еліміздің оңтүстік және солтүстік, шығыс аймақтарының шаруашылықтары – біздің негізгі тұтынушыларымыз. Түркістан және Жамбыл облысының ауыл шаруашылығында Сұңқар-779, ЗПСК704, Тұлпар-539, Скиф-619 будандары пайдаланып келеді. Солтүстік, Батыс, Орталық Қазақстан жүгері өсірушілері сүрлемдік Каз-ЛК-171, Каз-ЛК-178, Каз-ЗП-200 жүгері тұқымдарын өсіреді.
Жүгері будандарының аталықаналық тұқымдары жақын күндерге дейін шетел селекциялары Молдавияның ерте пісетін және Сербияның ортакеш пісетін будандарынан өндірілетін. Тұқымдарды өте жоғары бағаға сатып алуға тура келетін және біз шетелдік тұқым өндірушілерге толықтай тәуелді болып келдік. Осындай күрделі мәселені шешу мақсатында отандық селекция бағдарламасын ұтымды жүзеге асырдық. Нәтижесінде, 2006 жылдан бастап шетел будандарының орнын өз елімізде будандастырылған тұқымдармен толықтай алмастыруға қол жеткіздік.
– Сарапшылар биыл ауыл шаруашылығы үшін өте табысты болмақ деседі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 1 триллион теңге қаражат бөлуді тапсырды. Сіздерге де Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқан болар?
– «Будан» ЖШС тұқымдарының сатылуына мемлекеттік субсидиялар берілуде. Атап айтқанда, арзандатылған минералды тыңайтқыштар, жанаржағармай мен дақылдар үшін бөлінетін субсидиялар оң әсерін тигізіп отыр. Сол сияқты лизингке жеңілдетілген ауылшаруашылық техникаларын алуға мүмкіндік бар.
– Кәсіби маман ретінде еліміздің жүгері шаруашылығындағы өзекті мәселелерді де тілге тиек ете кетсеңіз.
– Ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары шаруашылықпен тікелей байланыс орната алмай отыр. Студенттерді оқутәжірибе кезінде өндіріс орындарына көптеп жібермейді. Соның әсерінен тұқымдық шаруашылықта білікті мамандар тым аз. Осы мәселеге мән берілсе дегім келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан – Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы