Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды.
Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді.
Заңға енгізілген түзетулер қоғамда қызу талқыланды. Парламент палаталарының отырыстарына Ұлттық құрылтай мүшелері, үкіметтік емес ұйымдардың, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері және балалар құқықтары жөніндегі уәкіл қатысты.
Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, заңдар мемлекеттік отбасы саясатының құқықтық, әлеуметтік, институционалдық және өзге де негіздерін жетілдіруге, отбасылық-тұрмыстық саладағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған.
«Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық саласында қалыптасып отырған жағдай мен оның статистикалық көрсеткіштері осы саладағы құқық бұзушылықтарды криминалдандыруды, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ететін тиімді құқықтық база қалыптастыруды талап етіп отыр», – деді сенатор.
Заң жобасында балаларға қатысты зорлық-зомбылық көрсеткендерге жеңіл жаза тағайындауға тыйым салынады және тараптардың татуласуына мүмкіндік берілмейді.
Сондай-ақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді.
«Баланы өлтіргені үшін (99-бап), балаға қатысты зорлау әрекеттерін жасағаны үшін (120-бап) және балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін Қылмыстық кодекстің қолданыстағы нормаларында көзделген басқа балама жазалау шараларын алып тастау арқылы, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза белгіленеді», – деді Асанова.
Заң жобасы 16 жасқа толмаған тұлғаларға сексуалдық сипатта әрекет жасағаны үшін жауапкершілік енгізеді. Ол мақсатта Қылмыстық кодекске жеке бап енгізіледі.
«Қылмыстық кодекске енгізіліп жатқан өзгерістердің мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу және азаматтардың жауапкершілігін күшейту, оның ішінде балаларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтар үшін жазалау шараларын қатаңдату», – деді сенатор Жанна Асанова.
Заң жобасы баспасөзде жарияланады.