Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жамбыл ауданында да қызу қолдау тапты. Акция аясында мұнда өткен аптада «Таза өлке» тақырыбында ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Акция туралы халықты алдын ала құлақтандыру мақсатында Қарағалы және Ұзынағаш ауылдарындағы 4 ЛЕД-экранына ақпарат салынып, 10 ауылдық округте баннер ілінген болатын. Сондай-ақ жергілікті баспасөз бетінде шараның басталғандығы жайлы мақала жарық көрген еді. Осы себепті де шараға әртүрлі мекеме-ұйымдармен қатар тұрғындар да көптеп атсалысқан тәрізді. Сәуір айының 8-і мен 14-і аралығында өткен «Таза өлке» апталығына аудан тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар барынша атсалысып, санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бізге берген мәліметі бойынша, апталыққа аудандағы барлық 61 елді мекеннен 28 мыңнан астам адам қатысып, 140 мекеме, 1498 орта және кіші кәсіпорындар атсалысты. Осы күндері тазалау жұмыстарымен 230 көше, 70 шақырым арық, 120 шақырым жол, бірнеше спорттық алаңдар мен үй жанындағы аулалар қамтылды. Бұл жұмысқа 75 техника қолданылып, 91 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 1675 түп ағаш отырғызылды. Барлық атқарылған жұмыстар туралы ақпарат аудан, ауылдық округ әкімдіктерінің, мекеме, бөлімдердің әлеуметтік парақшаларына салынды.
Ал осы аптаға жоспарланған «Киелі мекен» шарасы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мемориалдық музейінен бастау алды. Аудан әкімі Нұрлан Ертас қатысқан шараға ауданның зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, мәдениет қызметкерлері, жастар мен еріктілер белсене атсалысты. Олар мұражай ауласын, ақын ескерткішінің айналасын тазалап, арық аршып, мұражай саябағына 30-дан астам қарағай ағашының көшетін отырғызды. Игілікті істі атқарғандар арасында Күмісжан Байжан, Рәтбек Терлікбаев, Гүлнәр Өмірзақова, Әуелбек Ысқақов сияқты ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналистері, суретші, ақын-жазушылар қолдарына күрек алып, ортақ шаруаға үлестерін қосты. Сондай-ақ Жамбыл ауылының тұрғындары ақын атындағы көшеде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Дүйсенбі күнгі дәл осындай жұмыстар шалғайдағы Қарабастау ауылы маңында орналасқан «Таңбалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайында жалғасты. Аудан орталығынан ат арытып арнайы келгендер мұнда да аталған киелі мекеннің аумағын тазартып, ағаш көшеттерін екті. Жалпы Жамбыл ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында 11мамырға дейін 775 іс-шара ұйымдастырылмақшы. Оған 41181 адам, 239 мекеме, 520 орта және кіші кәсіпорындар қатысады. Нәтижесінде 568 көше, 35 өзен, 11 көл, 47 спорттық алаң, 51 ескерткіш, 141129 үй жанындағы аула қамтылып, 5143 түп ағаш егіледі деп күтіліп отыр.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы