Бұл туралы Өңірлік коммуникация алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Самат Кенжехан мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, қазіргі кезде өрт сөндірушілер Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты аумағында құрғақ шөп пен қамыс өртін сөндіріп жатыр.
Тілсіз жауды сөндіруге ТЖД 40-қа жуық адам және 10-нан астам техника жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрт сөндіру жұмыстары жалғасуда. Жақын маңдағы Қараой ауылына қауіп жоқ.
Самат Кенжеханның айтуынша, табиғи өрт ауа-райының қолайсыздығынан, алқаптарда азаматтардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан тұтанады.
«Осыған байланысты департамент қызметкелері арнайы рейдтік іс-шаралар өткізуде. Шараға азаматтық қорғау күштері, жергілікті полиция қызметі, орман мекемелері мен ЖАО-дан 55 адамнан тұратын 6 мобильдік топ құрылды», – деді ТЖД өкілі Самат Кенжехан.
Бұдан бөлек, орман-дала өрттерін болдырмау мақсатында облыс аумағында республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының минералданған жолақтарын, орман алқаптары мен егіс алқаптарының айналасына орналастыру және күту бойынша жұмыстар жүргізілген.
Сондай-ақ басқарма басшысы орман шаруашылықтарымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өрт-тактикалық оқу-жаттығулар өткізіліп жатқанын айтты.
Жалпы өрттің қауіпті кезеңі 2 наурыздан 1 қарашаға дейін жалғасады. Осы кезең аралығында төтенше жағдайдайлар қызметкерлері өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.