Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан халқы еліміздің бірнеше өңірінде орын алған алапат су тасқынымен күресіп жатыр. «Мал аласы – сыртында, адам аласы – ішінде» дегендей, кейбіреулер жалған ақпарат жариялап, онсыз да қиналып жатқан жұрттың жүйкесін жұқартып жатқан жағдайлар да кездеседі. Оның шеті Мемлекет басшысына дейін жетіп отыр. Сондықтан да болар, кеше-бүгін өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының пленарлық отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрекеттерге тосқауыл қойылатынын мәлімдеді.
«Қазіргі күрделі кезеңде елдің бірлігі мен ынтымағын сақтау – ең басты міндет. Біз қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қоямыз. Мен бұрын да айтқанмын, қазақтың мемлекеттігіне қарсы кейбір теріс пиғылды адамдар қарап отырмайды. «Атың шықпаса, жер өрте» деген. Олар қоғам ішіне іріткі салу үшін әлеуметтік желіде түрлі қитұрқы әрекеттерге баратыны анық. Бір сөзбен айтқанда, жалған мәлімет таратады. Сондықтан, түскен ақпараттарға сыни қарап, тек ресми дерек көздеріне сену қажет», – деді Президент. Сондай-ақ ол тасқын кезінде ел бірлігі нығая түскенін, Арқадағы ағайынға, Батыстағы бауырларға бүкіл Қазақстан халқы көмек көрсетуге ұмтылып жатқанын ризалықпен жеткізді.
Талғар ауданындағы Ұйғыр этно-мәдени орталығының өкілдері де «көп түкірсе – көл» дегендей, алапат су тасқынынан зардап шеккен отандастарымызға қомақты көмек ұйымдастырды. Осыдан бір апта бұрын бірнеше күннің ішінде 9 миллион теңгеге шамалас құрылыс материалдарын, азық-түлік жинап, батыс өңірлерге жібердік.
Бұл апаттың салдары тым ауыр болып тұр. Жылда қайталанатын осындай жағдайлардан тиісті қорытынды шығарылып, арықтар қазу, бөгеттер салу, басқа да – қарғын су елдімекендерге кірмейтіндей қауіпсіздік шаралары алдын-ала жүргізілгенде, мынадай алапат апат болмас еді. Бейғамдық, салғырттық, жауапсыздық, Президент тапсырған жұмыстардың өз уақтында орындалмауынан қарапайым халық орасан зардап шегіп жатыр. Алла да сақтансаң – сақтаймын деген. Егер «Қазгидромет», басқа да мамандардың жыл басталмай жатып айтқан болжамдарына құлақ асып, тиісті жұмыстар атқырылып, алдына ала сақтық шаралары жасалғанда зардаптың мөлшері анағұрлым аз болар ма еді?!
Президентіміз апат орын алған өңірлерде ешкім елеусіз қалмайтынын және мемлекет шығынды түгел өтейтінін баса айтты. «Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық – сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды», – деді ол.
Қасым-Жомарт Кемелұлы сондай-ақ тасқын басталғалы Қазақстан халқы Ассамблеясы белсенді әрі үйлесімді жұмыс істеп жатқанын, зардап шеккен жұртқа жан-жақты көмек беру үшін дереу Ассамблеяның республикалық және аймақтық штабтары құрылғанын да атап өтті.
Ең бастысы, ел басына күн туғанда ешкім қол қусырып қарап отырмауы керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бүкіл ел болып бұл қиындықты да еңсере(міз!
Аббас Турдиев,
Талғар аудандық Ұйғыр этно-мәдени орталығы
ақсақалдар алқасының төрағасы