Аманаттықтар су тасқынына қарсы іс-шараға қатысқан әскери қызметшілерге алғыс айтты, деп хабарлайды облыстық AMANAT партиясының баспасөз қызметі.
Қонаев гарнизонының 58012 әскери бөлімінің жауынгерлері бір ай бойы күн-түн демей су басқан елдімекендерден тұрғындарды эвакуациялап, бөгеттер мен жағалауларды нығайтты. Тасқынмен күреске жеке құрамның 12 адамы жұмылдырылды.
Мәселен, Ақмола облысы Жақсы ауданында сарбаздар Есіл өзенінен техникаларды паромдар арқылы бір беттен екінші бетке көшірген.
Облыстық «AMANAT» партиясы төрағасының орынбасары Аслан Кубентаев әскерилерге ризашылығын білдіріп, өлшеусіз еңбектері үшін Алғыс хатпен марапаттады.
«Әскери қызметшілердің су басқан елді мекендердегі табанды еңбегін ерлік деуге болады. Елдімекендерді тәулік бойы бақылап, эвакуациялық жұмыстарға, гуманитарлық көмекті жеткізуге қатысып, арнайы техникалармен үлкен көмек көрсете отырып, Біздің күшіміз бірлікте екенін тағы да дәлелдедіңіздер. Сіздерге су басқан аймақтың жұрты және «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалы атынан алғыс айтамын. Өздеріңізге және туыстарыңызға денсаулық пен қуаныш, амандық пен бақыт тілей отырып, әскери борыштарыңызды адал атқаруларыңызға тілектеспін!», – деді Аслан Кубентаев.
Айта кету керек, қазіргі уақытта әскери бөлімнің қызметкерлері Ақтөбе облысына қарасты Ойыл ауданындағы 2 мыңнан аса тұрғынды эвакуациялап үлгерді. Қайықпен 500-ден астам түрлі техниканы және 120 тонна гуманитарлық көмекті көшірді.
Ал Солтүстік Қазақстан облысына жөнелген сарбаздар паромдар арқылы Петропавл тұрғындарына таза ауызсу жеткізіп беріп жатыр. Сондай-ақ паром арқылы Прибрежный ауылында электр жарығын қайта қалпына келтіруде.