Жамбыл аудандық кітапханасында қарымды қаламгер Жұмаш Арғымбайұлымен «Суықтөбе ұлымын» атты кездесу өтті. «Кітап шоу – 2024» фестивалі аясындағы шарада зиялы қауым өкілдері журналист-жазушының шығармашылығы жөнінде ой өрбітті.
Кітапхананың оқу залында «Ұшқыр ойлы қаламгер» тақырыбында кітап көрмесі безендірілген. Жүздесуге келгендер жазушының әр жылдары жарық көрген «Терең тамырлар», «Сағыныш жылдарға саяхат», «Биікке бастаған жол», «Күншуақ» сияқты жинақтарымен танысты.
Шараға кітапхана қызметкерлері және тұрақты оқырмандармен қатар Жамбыл атындағы кәсіптік колледж студенттері де келді. Бүкіл саналы ғұмырын адал еңбек етуге арнаған сексеннің сеңгіріндегі Жұмаш Арғымбайұлы жайлы әріптестері, жерлестері тереңнен ой қозғап, кісілігі мен кішілігі, азаматтық келбеті, өнегелі өмірі туралы әңгімеледі. Ардагер фототілші Нұрманбет Қизатов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, арқалы ақындар Гүлнар Өмірзақова мен Өмірбай Өмірзақұлы, баспагер, жазушы Манарбек Ізбасарлар жазушының ізгілікке толы туындыларын кейінгі толқынға насихаттау керектігін баса айтты.
Ел аузында данагөй Ескелді бабаның «Жеріне лайық елі туады, еліне лайық ері туады» деген нақыл сөзі бар. Қастек ауылынан түлеп ұшқан талай азамат бүгінде жерлестерінің мақтанышына айналып отыр. Кездесу қонағы да халқына адал қызмет еткен ел аузындағы ардақтының бірі.
Іле Алатауының батысқа қарай тартылған бір сілемінде Суықтөбе тауы күндік жерден көзге шалынады. Қасиетті қаламды өміріне арқау еткен Жұмаш Арғымбайұлы соның баурайындағы Қастек ауылында дүние есігін ашып, есімі елге танылды. Жолбарыс жүрек батырлар мен телегей-теңіз жыр алыптарының мекені болған Жамбыл ауданының бір перзенті өңір баспасөзінің дамуына еселі үлесін қосқан ардагер журналист, қазақтың руханият әлеміндегі белді өкілінің бірі. Облыстық «Жетісу» газетінде ұзақ жыл бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған, Қазақстанның Құрметті журналисі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Алматы облысының және Жамбыл ауданының Құрметті азаматы.
Жұмаш Арғымбайұлы өз шығармашылығында осы өңірдің тарихы мен табиғатынан сыр тартып, туған жердің туын биікке көтерген өршіл де өнегелі тұлғалар туралы тебірене жазады, өркениет өріне батыл қадам басқан кейіпкерлерін әспеттей әңгімелейді.
«Тарихы терең, сыры мың,
Мен – Суықтөбе ұлымын.
Қырандар қонған басына,
Түбінде өскем шыңының.
Сурет те салғам тасына,
Күнге де күйген тұлымым.
Қалам ұстап қолыма,
Өмірдің түстім жолына
Шақырып сонда сан арман,
Халқыма қызмет арнағам.
Туған жер боп тұғырым.
Батырлары жау қуған,
Ақындарын жыр буған,
Даласына ән тұнған,
Жаралған жұмақ ақ нұрдан,
Киелі елдің «құлымын», – деп жырлаған кеш қонағы жастарға тағылымды әңгіменің тиегін ағытты. Тыңдаушы құлақ болса, ақсақал-қаламгердің өткеннің өнегесінен айтары әлі де көп.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы