Белгілі театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағаймен өзара сыр шертіскенде басқа тақырыпты қоя тұрып, әңгімені туған жерінен бастады. Әрине, атамекенін жақсы көрмейтін кім бар? Алайда, Бауыржан ағаның сағынышы бөлектеу сияқты болып көрінді.
– Сенесің бе, кіндік қаным тамған, тал бесігінде тербеткен атамекенді аңсап кеткенде, ештеңеге қарамай Нарынқолға тартамын. Әлдебір сұрақтардың жауабын таба алмаған кезде таулармен тілдесемін. 350 шақырым қашықтағы ауылыма барам да, мауқымды басып, сол күні Алматыға қайтадан келемін.
Расында мұны түсіну де, түсіндіру де қиын. Есесіне тынысым кеңіп, жолым ашылады. Сахналауға тиіс образдың көрінбей тұрған қыры мен сыры көлбеңдеп көз алдыма келеді. Мен суреткерге керек күш пен қуатты туған жерден аламын, – деді Бауыржан аға.
Өз сөзіне өзі жадырай күлді. Мына әрекеттен жасандылығы жоқ еркіндік пен еркелікті сездім. Ендеше сіз болып, біз болып актердің атамекеніне саяхат жасайық.
Хантәңіріне арқасын сүйеген аспантаудың етегінде түтіні түзу шыққан Жамбыл деген ауыл бар. Суы мөлдір, топырағы құнарлы. Шыбынсыз жазы қоңыржай. Жасыл желекті өлкені жер жаннаты десе болғандай. Сай-саласы толған қарағай. Арша мен шырша қапталдарында тұнып тұр. Дәрілік шөптері өз алдына. Ықылым замандарда атақты емші бабамыз Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы мұнда сан рет келген де шығар, кім білсін?!
Ауыл іргесінде Байынқол өзені ағады. Алтынкеннен тараған жылғалар осында тоғысады. Суы минералды ерітінділерге бай. Сонымен қатар бұл өңр мемлекеттік шекарасымен даңқты. Ол туралы журналист Жанболат Аупбаев ағамыздың жазғаны бар. Кешегі КСРО-ның, бүгінгі Қазақстанның № 1 заставасы Байынқолда екен.
Кеңес өкіметі кезінде Жамбыл ауылы ХІХ партсьезд атындағы ұжымшардың орталығы болыпты. Кезінде жамбылдық қыз-жігіттердің өнерпаздық белсенділігін Бауыржан аға қазір де мақтанышпен еске түсіреді.
Бұл ауылдан екі мемлекет қайраткері шықты десе сенесіз бе? Біріншісі – елуінші жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болған Нұрбапа Өмірзақов. Екіншісі – кезінде министр дәрежесіндегі лауазымды иеленген республиканың телевизия және радио комитетін басқарған Сағат Әшімбаев. Бұл оқиғаларды жергілікті жұрт ырым етіп, жердің киесіне балайды.
Бауыржан аға сөзін жалғастырды.
– Енді сен мынаған қара. Бір мектептен елге танылған үш әртіс шықтық. Алдымен Бақытжан Атагелдиевке тоқталайын. Менің құрдасым. Табиғи талантында мін жоқ. Ең үлкен биіктен көрінуге тиіс деп ойлайтынмын. Ол Алматыдағы М. Әуезов атындағы әкемтеатрдың екі жылдық студиясында оқыды.
70-ші жылдары Қазақ радиосының майталман дикторы атанды. Бұл қызмет ол кезде жүздің біріне ғана бұйыратын олжа еді. Бақытжан зор да тұнық дауысымен атақты Әнуарбек Байжанбаевтың серіктесіне айналды. «Қазақтың Левитаны» одан үлкен үміт күтті. Алайда Бақытжан белгілі бір себептермен Нарынқол халық театрының режиссері болып кете берді. Үшінші әртіс – Дархан Дайырбек. Ол күлдіріп тұрып ойландыратын. Білімді, сезімтал, сұңғыла азамат еді. Амал қанша, тәжтажал дарынды бауырды кемеліне келген кезінде арамыздан алды да кетті.
Мен тек ауылымның адамдарын ғана түгендеп отырмын. Ал Нарынқол өңірімен есептесек, тау тұлғалы таланттарды санап тауыса алмайсың. Маған өнер әліппесінің парағын аштырған туған жер , – деді Бауыржан Қаптағай.
Дау жоқ, мынау көркем табиғат дала академиясының аудиториясы іспетті. Сол жерден қазақы дәстүр туралы лекцияларды тыңдауға асығатындар көп. Кең өлкені Бердібекше, Мұқағалиша сүюдің артықшылықтары деген міне, осы. Бауыржан ағаның әкесі Есқожа да сөз танитын мінезімен көпшілікті сүйіндіріпті. Әке бойындағы қабілеттің баласына ауысқаны өмір заңдылығы.
Бауыржан Алматыдағы Өнер академиясының актерлік бөліміне студент болып қабылданғанда, әкесі Есқожаның төбесі көкке екі елі жетпеген. Өйткені өнердің халықты тәрбиелейтін киелі құрал екенін ол кісі жақсы түсінді. Ұлына ақ жол тілеп ақ батасын беріпті. Егер Бауыржан Қаптағай шығармашылық ғұмырында үлкен табыстарға жетсе, соның бәрі әкенің ризашылығынан оралған олжа шығар деп пайымдаймыз.
***
Былайғы жұрт әртістік өнердің аражігін ажырата алмауы мүмкін. Өйткені спектакль де, көпшілікке ұнайтын әзіл-қалжың да, той-думан да сахнада жүреді. Алайда олардың сырты ұқсас болғанымен, өзегі екі бөлек. Театр – көркем туындысымен құнды. Өмір мәселесін жаныңа жақын етіп сомдайды. Көрерменді ойға батырады. Сол кезде адамдар кәдімгі айнаның алдында отырғандай, өздерін өздері қайтадан тани бастайды. Театрда арзан толғаныстарға орын жоқ. Жұртты астарлы сөзге үйретеді. Сахнадағы әр қимылдың мазмұны бар.
Спектакль – сантарау өнерді бір үйлесімге біріктіретін синтездік дүние. Онда драматургтың, режиссердің, актердің еңбектері бір-бірімен қабысады. Бәрі ортақ мақсатқа жұмылады. Егер осындағы істің біреуі арқауын босатып алса, маңдай термен жасалған үлкен еңбек сол сәтте әсерінен айырылуы әбден мүмкін.
– Театр – қайнар көзі мыңдаған жылдан басталатын классикалық өнер. Оның ұлы мұраттарына бағына отырып, бүгінді дұрыс игерсең ғана ұтасың. Көрерменге ізгілік нәрін ұсына алғанда ғана, ол – театр! – деді актер пікірін нықтай түсіп.
Бауыржан ағаның әкемтеатрын өзінің екінші үйіне санағанына да 44 жылдың жүзі болыпты. Оңай емес. Өткен жолдарды шолып қараса, соншалық тақтайдай тегіс болмаған екен. Актерлік өмір қиындықтарымен шаршатса да, қызықтарымен түлетеді. Қалай десек те, ол кісі театрсыз өмір сүре алмайды, сондай дәрежеге жеткен.
Бауыржан Қаптағай үшін театрдың әр бұрышы қымбат. Сондықтан ешкімге өкпелемейді. Бұйыртқанына риза. Үлкен образдарды аяғынан тік тұрғызады. Кішкентай бейнелерді олқысынбайды. Оны ойнағанда да барын салады. Ізденістерін баяулатпайды. Өнертану мен өміртануды қос тізгін секілді етіп тең ұстайды. Көрерменге сапалы қызмет ету – сауап. Асыл ұстазы Асқар Тоқпановтың ұлағаты ешқашан есінен шыққан емес.
Әлі есінде, ол кезде түбіт мұртты жас жігіт еді. Өнер академиясының актерлік факультетіне құжат тапсырды. Қабылдау комиссиясы жорыққа аттанатын сарбаздарды іріктейтін қолбасшылардай қатал. Әсіресе анау бір түрік тақия киген мұртты адамның жанары өңменнен өтеді.
Мұндағы емтиханның қыры көп екен. Көркемсөз оқу, әртістік қимыл көрсетумен бітпейді. Кескін-келбетің, бойың мен ойың, дауыстың тембрі, байқағыштық пен сезімталдық – бәрі кешенді түрде таразыға түседі. Асқар Тоқпанов алдындағы қара баланы мұқият шолады. Тұлпарды құлынынан аңғаратын сыншы секілді сезімін сараптайды. Одан кейін әріптестеріне бұрылып: «Мен адам танысам, Қаптағаев біздің қоятын шарттарымызға толық сай келеді. Әсіресе, таудың жартасындай түйіліп тұратын қабағы маған қатты ұнады. Мұндай кескінмен ақынды да, батырды да қиналмай сомдайсың», –¬ деген екен.
– Сол күннен бастап Асқар Тоқпановтың назарынан тыс қалмадым. Әкелік қамқорлығын аямады, – дейді Бауыржан аға көкжиекке сіңген алыптар бейнесін көзіне елестетіп.
Төртінші курс студенттері М. Әуезов атындағы қазақ драма театрында Шахмет Құсайыновтың «Марабай» пьесасын сахналайды. Бұл бір жағы дипломдық жұмысқа жататын. Бауыржан ағаның үлесіне басты кейіпкер Марабайдың образы бұйырады. Сол кездегі театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетов қара баланың қайратына көзі түседі. Оқуды бітірмегеніне қарамастан үлкен шаңыраққа оны актер етіп қабылдапты.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бауыржан Қаптағай 20-дан астам спектакльде басты рөлдерді сомдапты. Осы арқылы жұрттың жүрегін жаулап, театрға Бауыржанды іздеп келетін жанкүйерлерді қалыптастырған. Табысқа жетудің бір құпиясы оқуда жатыр. Әдебиеке деген құштарлығы ақын мен жазушыдан кем емес. «Әрине, оқу керек. Сонымен қатар оқығанды көңілге тоқу керек. Ол сонда ғана жеміс береді. Мен кітапсыз жүре алмаймын», – дейді актер ағынан жарылып.
Мұхтар Әуезовтің қаламынан туған «Абайда» – Айдарды, «Қаракөзде» – Наршаны, «Еңлік-Кебекте» – Есенді, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуында» – Қодарды сомдайды. Бұл рөлдер алыптар тобының ойнауымен көпшіліктің жадына орныққаны белгілі. Сондықтан олар кеше мен бүгінді мұқият салыстырады. Өнер жолы жіңішке. Қалқада қалып қоймай, өз жаңалығыңды көрсетуге тиіссің. Бұл жағынан Бауыржан ағамыз ерледі. Бейнелердің байқалмаған қырларын жарқырата ашты. Сол арқылы театр ұжымының мәртебесін көтеруге өзіндік үлесін қосты.
«Мен ол кісінің сәтсіз шыққан рөлін көрмедім», – дейді актер Бекжан Тұрыс. Тағы бір әріптесі Бақтияр Қожа еуропалық танымды биік деңгейде меңгергеніне сүйінеді. Мәселен «Пері қатындағы» Дінбасын, «Анна Каренинадағы» Карениннің тыныс-тіршілігін түсінікті етіп жіберген. Өзегін сақтай отырып шетелдік кейіпкерді қазақыландырады. Актердің шығармашылығына қатысты айтылған жақсы пікірлердің аз еместігі сондықтан.
Бауыржан ағаның бақыты шығар. Ол кісі алыптар тобының алдын көрді. Нұрмұхан Жантөрин, Ыдырыс Ноғайбаевтармен серіктесті. Мүлік Сүртібаевпен әзілі жарасты. Хадиша Бөкееваның, Шолпан Жандарбекованың шәкірті атанды. Нүкетай Мышбаевамен, Асанәлі Әшімовпен, Есмұхан Обаевпен, Болат Атабаевтармен бірге жұмыс істеді. Құман Тастанбеков, Уайс Сұлтанғазин, Әнуар Боранбаевтармен сырласты.
– Асқар Тоқпанов туралы жүрекжарды сөзім бөлек. Асекең түбі көрінбейтін тұңғиық, жұмбақ адам. Сол кісінің айтқандарын қайта қорытып, мәнісін енді-енді әрең түсініп келемін. Асқар ағаның білімі – теңіз, ойы – мұхит. Мұндай білімді, адамгершілігі үлкен тұлғаны содан қайтып әлі кездестіргем жоқ. Ерекше жаратылған сұңғыла жан. Өнер адамы бола тұра медицинаны да, биологияны да, тарих пен әдебиетті де көкейіне тоқиды. Бұл кісілер менің мәңгілік университеттерім, – деді актер сағынышын паш етіп.
Бауыржан аға маған театрды өз үйіндей жақсы көрудің жарқын мысалындай көрінді. «Театрға деген махаббат алдымен атағыңа, мамандығыңа кір келтірмеуден басталады» деген сөзі осының дәлелі.
***
Сөз жоқ, қоғам үшін кино ықпалды сала. Ол спектакль сияқты сахнамен шектелмейді. Құлашын алысқа жаяды. Бір сәтте бүкіл әлемді шарлайтын қауқары бар. Бауыржан ағаның пайымынша кино – талантты актермен кино. Осы қағиданы режиссерлардың мықтап ұстағанын қалайды.
Киноға қатысу Бауыржан Қаптағайдың екінші мүмкіндігін әйгіледі. Режиссер Әділхан Ержановтың «Үкілі Кәмшат» фильмінде бас кейіпкерді сомдады. Соған байланысты бір ойын былай жеткізеді:
– Халықаралық фестивальге қатыстыру үшін фильмді Германияға апардық. Киногерлер мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Бәрі менің үстімдегі ұлттық киімге сүйініп қарайды. Менімен суретке түсуге таласады. Қоятын сұрақтары да аз емес. Біздің жеріміз ғана емес, ұлттық киімдеріміз де байлықтың көзі екенін сонда білдім, – дейді актер.
Бүгінгі таңда Бауыржан Қаптағай қатысқан фильмдер аз емес. Сериалдардың бел ортасында жүреді. Экранға жиі шыққанына қарамастан, рөлдерді кескіндеуі бір-біріне ұқсамайды. Әр образдың табиғатын даралап, оған бойлап енеді. Сол арқылы көрермендердің етжақынына айналады. Мәселен, Ақан Сатаевтың «Ағайындылар» телехикаясындағы Ақтай жылқышыны шынайы көрсеткені үшін белгілі кәсіпкердің актерге өз есебінен темір тұлпарды сыйға тартқаны бекерден емес.
Сол сияқты, хандардың, билердің, батырлардың кескіндерін ажарлы етіп көрсете алған. Асқар Тоқпанов ағасы айтқан қабақтағы ерекшеліктің де пайдасы тигенін сездік. Актер кейіпкердің сырты мен ішін шебер астастырады. Нәтижесінде қатардағы Бауыржан экранда түбірімен өзгеріп қайраткер Әлихан Бөкейхановқа, қаһарман Бауыржан Момышұлына айналады.
– Қандай қомақты қаламақы ұсынса да боқтап сөйлейтін кейіпкерге жоламаймын. Ондай мінез тектілікке тән емес. Адам аузына ие болғанда ғана – адам! Ұлы дала ақсүйектерінде жойдасыз қылықтар болмаған. Ауыз былғағанша, ата-бабамыздан қалған асылды қайта тірілтсек сауап емес пе? Боқтампаз өнердің не керегі бар? Оны көпшілікке ұсынғанды құп көрмеймін – дейді Бауыржан аға.
Актер тазалықтың қазақ кино өнеріне соншалық қажет екенін ескертеді. Өйткені ашынған қарын тояды, пейіл мен мінез бүлінсе, өнерді сылтауратып оны өзіміз бүлдіріп алсақ, обалын кім көтермек?! Оның мәселені осылай көтергені қайраткерлігін аңғартады. Жетінші белес – 70 жас кемелдіктің биігі. Дария болып шалқыған көңіл, қария болып елдің ертеңіне алаңдайды. Сөздің киесі мен жүйесін бұдан да әдемі етіп жетілдіруге шақырады.
Жақында қырғыз режиссері Руслан Акуннан шақырту алыпты. Демек ағаның алдында тағы бір сынақ күтіп тұр деген сөз. Сырласқан сәтте байқағаным, ішкі дүниесінің жасампаздығы бабында. Актердің сырты 70-те, қуаты 25-те секілденсе несі ерсі?! Бұл сөзге сенбесеңіздер, театрға барып Бауыржан Қаптағайды сахнадан көріңіздер.
Болат Мәжит