Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс қазақ халқына үлкен қайғы-қасірет пен зор шығын әкелгені аян. Соғыс майданында қан кешіп жүріп, асқан ерлік көрсеткен, тарихи миссияны орындаған Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жеңісті жақындатқан тыл ардагерлеріне алғыс айту борышымыз. Ұлы Отан соғысында Қазақстан жерінен 1 366 164 адам соғысқа аттанса, олардың жартысына жуығы соғыс даласында ерлікпен қаза тауып, елге оралмады.
Қазақстаннан майдан даласына 12 атқыштар двизиясы, 4 атты әскери двизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық әртүрлі полк пен батальон жасақталып жіберілді. Жеңіс туын желбіретіп елге оралғандар бейбіт күннің еңбек ардагерлері атанды. Қазақстандық 500-ден аса жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Ұлы Отан соғысына қатысқан батыр ата-апаларымыздың майдан даласында жасаған ерліктері бір төбе.
Ұлы Отан соғысы ардагерлерін, тыл еңбеккерлерін, қарттарды, ардақтап-құрметтеу, өмірден өткендерін еске алу – қанымызға сіңген қасиет. Бүгінгі әңгіменің арқауы Ұлы Отан соғысына қатысып, Ұлы Жеңіс туын желбіреткен «Даңқ орденін» үш рет алған батыр Ыбрайым Қалдыбаев туралы болмақ.
Ыбрайым Қалдыбаев атамыз 1918 жылы Кеген ауданының Қарабұлақ ауылында туған. Ауданындық жер бөлімінде қызмет істеген. 1942 жылы 24 жастағы азамат өз еркімен майданға аттанады. Алғашында Душанбе қаласында әскери-оқу жаттығу дайындығынан өтіп, 1942 жылдың 19 қарашасында Сталинград түбіндегі ұрысқа қатысады. Ол Орлов – Курск, Днепр өзені, Лоев қаласы, 1-ші Белоруссия майданында болып, Мозрь қаласын, Варшаваны азат етуге қатысып, Эльваға дейін барып, Ұлы Жеңістің туын желбіретіп, елге аман-есен оралады.
Соғыстан кейін халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту жолында аянбай еңбек етеді. Әсіресе, Қазақстан жеміс-жүзім кеңшарында жемісті қызмет атқарды. Ол кісінің ерен ісін бұрынғы Шелек ауданындағы Қазақстан, Жаңатұрмыс, Ащыбұлақ ауылдарының тұрғындары жақсы біледі. 1970 жылы жасы келіп, зейнетке шықан соң Қазақстан аулында көп жыл тұрды.
Батыр атамыз көзі тірі кезінде Жеңіс күні қарсаңында мектепке келіп, Ұлы Отан соғысындағы ерліктері, оқ пен оттан аман қалып, жеңіспен елге оралғаны туралы баяндайтын еді. Майдан даласында қаншама адамның шейіт болғанын көзімен көргенін айтып, күрсініп те қалатын.
Тіршілігінде батыр ата аудан, облыстың сый құрметіне бөленді. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай аудан әкімі Есік қаласынан соғыс ардагерлеріне арнап салған 5 үйдің біреуін Ыбырайым Қалдыбаев атамызға берді, оған ел-жұрт алғысын айтты. Сол үйде өмірінің соңына дейін бала-шағасымен тұрды. Алайда батыр атамыздың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында есімі мектепке берілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ауданда 81 мектеп бар. Солардың біреуін батыр атамыздың атына неге бермеске?
Шелек ауданының орталығында үлкен кіші барып демалатын саябақ бар. Саябақтың орталығында бұрынғы Шелек ауданынан Ұлы Отан соғысына қатысқандармен бірге 5 Кеңес Одағының Батырларына арнайы қойылған үлкен ескерткіш тақта тұр. Ондағы 4 Кеңес Одағы Батырының атына ауыл, мектеп, көше аты берілген. Ыбырайым Қалдыбаев атамызға ғана көше не мектеп аты берілмеген. Мәселен, Жаңатұрмыс аулындағы Қазақстан мектебіне немесе Шелек аулындағы № 1 мектепке есімін беруге болар еді. Мектеп аты бұйырмаса, Шелек аулындағы Мәдениет үйін батыр есімімен атауға болады. 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында осы олқылықтың орны толып, батыр атына көше берілсе деген тілегіміз бар.
Әсет Көшербайұлы,
ардагер-ұстаз
Еңбекшіқазақ ауданы