Талғар қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №49 орта мектепте «Бір әкенің тәрбиесін мың мектеп те бере алмайды» тақырыбында осы білім ордасында оқитын оқушылардың әкелері қатысқан дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты – мектеп пен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіне, біліміне, тәртібіне ықпал етуге көмектесу, ата-ана белсенділігін арттыру, әкеге деген құрметті нығайту.
Кез келген адам ұрпағының қызығын көріп, саналы, білімді, ибалы, зиялы, жан-жақты жетілген ұл-қыз тәрбиелеуді армандайды. Осы арман жолында ерінбей еңбектеніп, оларды керек нәрсенің бәрімен қамтамасыз етуге ұмтылады. Киім-кешектен бастап, түрлі ойыншықтар алып береді. Әлдилейді, аялайды, ата-аналық мейірімін төгеді. «Адамның бір қызығы бала деген, баламды оқытуды жек көрмедім» деп ұлы Абай айтпақшы, балаларын оқытып,олардың мамандық иеленгенін, келешекте ата-анасына, халқына адал қызмет ететін айтулы азамат болғанын қалайды. «Жеті атасын білген ер, жеті жұрттың қамын жер» деп, ұл-қыздарына тілі шығар-шықпастан шығу тегін, туған ұлтын, оның ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін үйрете бастайды.
Әрине, баланы өмірге әкелетін, бауырына басып, ақ сүтін беріп өсіретін – ана. Тоғыз ай құрсағында жатып, омырауын еміп өсетіндіктен, ең алдымен аялы алақанын, ешкім орнын баса алмайтын аналық мейірімі мен махабатын сезінетіндіктен де болар, бала – анаға жақын болып өседі және «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» дегендей, көбіне ананың тәрбиесін алады.
Алайда «Ана көрген тон пішер, әке көрген оқ жонар» демекші, өнегелі, намысшыл, ұқыпты да ұлтжанды отаншыл ұрпақ тәрбиелеу мәселесінде әкенің орны бір басқа! «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп, дана бабаларымыз айтқандай, ой-өресі, адамгершілік қасиеттері жоғары өнегелі әкенің берген тәрбиесін басқа ешкім бере алмайды. Егер әр отбасы өз алдына жеке мемлекет десек, сол шағын мемлекеттің іргесін қалайтын, оны жан-жақты қамтамасыз етіп, алға жетелейтін, әлеуметтік, экономикалық, идеологиялық, қарапайым тілмен айтсақ, отбасының тұрмыс жағдайы, қаржылық қамтылуы, тәрбие жұмыстары дұрыс жүргізіліп, оны одан әрі дамытатын, сол мемлекеттің барлық мүшелеріне қорған болатын – әке!
«Бала – үйдің базары, ана – үйдің ажары» екені сөзсіз. Бұдан отбасылық мемлекеттің сәнін келтіріп, көрігін қыздыратын, ажарын ашатын, барлық шаруа тиянақты атқарылып, көтеріңкі көңіл-күй қалыптастыратын үкімет – ана екенін ұғамыз. Ал сол мемлекеттің мықты, үкіметтің білікті, халқының (отбасы мүшелерінің) тәртіпті болуы тікелей әкеге байланысты. Қазақтың қайталанбас қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды!». Егер отбасы осы тәртіп, тәрбие (идеология) мәселесіне дұрыс көңіл бөлмесе, ондағы әлеуметтік-экономикалық түйткілдер дұрыс шешілмейді. Демек үлгілі отбасы, мықты мемлекет, дамыған ел болудың негізі ұлт тарихындағы аңыз тұлға Бауыржан атамыз айтқан – тәртіп мәселесінде жатыр деген сөз! Мұны дана қазақ баяғыда-ақ «Қатынды бастан, баланы жастан» деп, үкіметті (ананы), оның тұрғындарын (бала-шағаны) тәрбиелеу жайында өте өзекті бұлжымас тұжырым (концепция) жасап қойған. Ал бұған бағынған ел (отбасы) ешқашан құл да, қор да болмайды. Өссе – өседі, өнсе – өнеді, бірақ жаман болмайды!
Дегенмен, әке атану (отбасылық мемлекеттің басшысы болу) бар да, оған лайық бола білу жағы тағы бар. Біріншісінен екіншісінің мәні де, өзектілігі де өте жоғары және тым жауапты. Осы тұрғыдан кез келген әке отбасындағы тәртіп пен тәрбие жұмысындағы бұл жауапкершілікті терең сезінуі, оны дұрыс жоспарлап, тиянақты жүргізуі тиіс! Халқымыздың «Әке – асқар тау», «Әке – бәйтерек», «Әке – балаға сыншы» деген бұлжымас қағида іспетті пікірлері бекер айтылған емес. Мұның бәрі отбасындағы әкенің рөлі ерекше екенін, оның беделін көрсетеді. Ежелден оған отбасының асыраушысы, оның мүшелерінің тірегі, қамқоршысы, қорғаны болу міндеті жүктелген.
«Сайына қарай – саласы, Әкесіне қарай – баласы» дегендей, отбасындағы және бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін айқындап, оларға ой салатын мазмұнды да мәні зор шара «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» негізінде «Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығы», «Даналық» мектебінің «Әкелер қамқорлығы» ұйымының жетекшілігі аясында мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары Гүлнұр Өзбекова мен педагог-ұйымдастырушы Айдана Қырғызбаеваның ұйтқы болуымен өтті.
Ыстық-ау кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген – деп,
оқушылар «Қызықты сұрақтар» айдарынан «Сіз балаңыз туралы қаншалықты білесіз?» тақырыбында әкелерге «Отбасындағы әкенің орны қандай болу керек?». «Балаңызбен қаншалықты сырлас, доссыз?». «Баланы еркін тәрбиелеген дұрыс па, қатаң тәрбиелеген дұрыс па?» деген сияқты ондаған қызықты сұрақтар қойылып, оларға әр әке өз білімі мен тәжірибелері негізінде еркін жауап берді, балаларымен ойын ойнатылды. Дегенмен біраз әкелер сұрақтарға жауап беру барысында баласы туралы көп жағдайды «шешесі біледі» деумен шектелді. Осыдан-ақ олардың бала тәрбиесіне көп көңіл бөле бермейтіні байқалады. Дөңгелек үстелдің мақсаты да осындай кемшіліктер мен жетістіктерді айқындап, балаларының қабілетін көрсетіп, әкелерге ой салу, тәртіп, тәрбие мәселелерінің дұрыс, әсерлі және нәтижелі жүргізілуіне ықпал ету еді. Соған орай балалар әкелеріне өнерлерін көрсетіп, еркін тақырыпта сыр шертті. «Отбасындағы әкенің рөлі» тақырыбында бейнеүзінді көрсетіліп, әкелер оқушылардың жазған хаттарын оқыды. Өз өнерлерін ортаға салды.
Түзелбек Ерхан әкесі Ғазиз Күреңкеев екеуі домбырамен «Қарасазым» әнін айтса, Сәрсенбай Аружан және барлық оқушылардың орындауында «Менің әкем жақсы адам» әні шырқалды. Бекжан Бексұлтан «Адай» күйін күмбірлетсе, 9 «ә» сыныбының өнерлі, биші ұлдары «Қазақ» биін биледі. Бақбергенұлы Бекзат мәнерлеп өлең оқып, оқушылар хормен «Мың алғыс әке баққаның үшін» әнін орындады.
Талант керек, кейде оны ұғуға,
Ұлағат та, тіршіліктің сыры да.
Талант берді саған ғана бір Алла!
Шыңдала бер, шыңдала бер жас бала – деп желкілдеп өсіп келе жатқан жас ақын, 9 «ә» сынып оқушысы Жеңіс Еларыс дүниеден өткен әкесіне арнап жазған «Әкем еді сүйенішім» атты арнауын оқыды. Мектеп басшылығы Еларыстың әр түрлі тақырыпта жазған шығармаларын, жас ақынның талантын бағалап, кішігірім ынталандыру сыйлығын ұсынды.
Кездесу соңында әкелер ұлағатты ұстаздардың ұрпақ тәрбиесіндегі қиын да қызық, тынымсыз еңбектерін жоғары бағалап, сый-құрмет көрсетті.
Адамзатың Абайы атанған ұлы данышпан: «Естілердің сөзін ескеріп жүрген адамның өзі де есті болады» дейді. Баршамызға үйдегі әке-анасы, ата-әжесі, мектептегі ұстаздары айтатын ұлы тұлғаларымыз айтып , өсиеттерін ешқашан естен шығармайтын есті ұрпақ тәрбиелеуді Алла нәсіп етсін!
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы