Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданына инвестиция салуға ынта білдірген кәсіпкерлермен кездесті. Аталған жиынға Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев пен облыстық басқарманың басшылары қатысып, инвестициялық жобалардың жай-жапсарын талқылады.
Ең алдымен Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев аймақ басшысына өңірге тартылған инвестициялық жобаларды таныстырды. Олардың ішінде шағын су электр стансасын салу, тау-кен және металлургия өндірісі, балық аулау және ет өңдеу сынды жобалар бар. Кеген ауданындағы ауқымды инвестициялық жобалардың бірі – «Кеген Мясопром» ЖШС-нің ет комбинаты. Тасашы ауылында салынған комбинаттың құрылысы 2021 жылы басталып, 2023 жылдың соңында толығымен іске қосылған. «Кеген мяспром» ЖШС-да тәулігіне 50 ірі қара, 150 ұсақ мал, 10 жылқы сойылады. Жылына 2500 тоннадан астам ет, 330 тоннадан астам шұжық, 70 тоннаға жуық консерві өндіріледі. Мұнда мал бордақылау, мал сойылатын алаңдар, кәріз-тазарту жүйесі, санитарлық аймақ іске қосылған. Жүздесуде аталған комбинат иелері өндіріс көлемін ұлғайту үшін жер телімі қажет екенін жеткізді.
Таулы аймақтағы тағы бір қуантарлық жоба – «Бестөбе» су қоймасындағы «FISHTECH» форель шаруашылығы. Жобаның жалпы құны 400 млн теңге. Жылдық қуаттылығы – 500 тонна форель балығы. Балықты Норвегия әдісімен өсірмек. Норвегия мен Кеген ауданы ауа райының ұқсастығын ескерсек жобаның сәтті болуының мүмкіншілігі жоғары. 18 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деп жоспарланған. Сонымен қоса «Тұздыбастау» ЖШС-і қуаттылығы жылына 24 000 тонна натрий сульфатын (H2SO4) өндіретін зауыт құрылысының жобасын жүзеге асырмақ. Кездеуде «Primus Capital Almaty» ЖШС-нің шағын су электр стансасын салу және «Слава Мұнай Сервис» ЖШС-нің тау-кен өндірісі жобалары да таныстырылды.
Облыс әкімі басқосу барысында өңдеу өнеркәсібі саласында негізгі капиталға инвестиция тартудың маңыздылығын баса айтты.
– Облыстағы 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын 138 жобаның 18-і Кеген ауданына тиесілі. Әрине, таулы өңір үшін әр инвестициялық жоба маңызды. Бірақ оларды жүзеге асыру барысында экологиялық талаптар ескеріледі, – деді Марат Елеусізұлы.
Аймақ басшысы облыс үшін маңызы бар жоба қолдау табатынын, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында да көмек көрсетілетінін атап өтті. Сонымен қоса кей басқарма басшыларына аталған жобаларға байланысты тиісті тапсырма берді.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы