Аудан орталығы Нарынқол ауылындағы техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының бүгінгі заман талабын қанағаттандыруға мүмкіндігі мол. Жасөспірімдер мектеп қабырғасындағы орта біліммен қатар осы жерден белгілі бір кәсіпті игеріп шығады. Болашақтағы бағдарын айқындауына жол ашады.
Жуырда аталған оқу орнының ұйымдастыруымен «Шығармашылық өнерге табысты қадам» атты ашық есік күні өткізілді. Шараға аудандық білім бөлімінің, «Қамқор-2» кәсіподағы бірлестігінің басшылары, ауыл әкімдігінің жауапты қызметкерлері, мектеп мұғалімдері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жиынды техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының директоры Мағауия Уәлібаев ашып, оқу орнының қысқаша тарихы мен бүгінге дейін атқарып келген жұмысына, жеткен жетістігіне тоқталды. Шешімін күткен өзекті мәселелерден құлағдар етті.
1986 жылы «Нарынқол мектепаралық оқу-өндірістік комбинаты» деген атаумен ашылған оқу орны 2023 жылға дейін 8-11 сынып оқушыларына Авто ісі, 3-разрядты аспазшы, 3-разрядты тігінші, ЭЕМ операторы дейтін 4 мамандық бойынша бастауыш кәсіптік білім беріп келген. 2023-2024 оқу жылында Алматы облысы әкімдігінің 06.12.2022 жылғы №386 қаулысымен «Нарынқол ауылының техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта құрылған. Осыған сәйкес жаңа оқу жылында тігін ісі, қолөнер, көркемдік ағаш шебері, суретші, қылқалам шеберлері, аспаз (жас даяшы, жас кондитер, жас аспаз), жас шахматшы, жас өлкетанушы, жас эколог, авто ісі, автомодельдеу, робототехника, ЭЕМ операторы үйірмелері бойынша аудан көлемінде 7-17 жас аралығында 1820 оқушыны қамту жоспарланып отыр.
– Жастарды тұрақтандыру, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалануда шығармашылық орталықтың алатын орны ерекше. Өйткені, жас буынның мектептен кейінгі уақыты осы жерден өнер-білім алуға жұмсалады. Болашақ мамандығын дұрыс таңдай алуына бағыт-бағдар беріледі. Тіпті жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуда да, құқықбұзушылыққа жол бермеуде де орталықтың үлес салмағы жоғары, – дейді орталық директоры Мағауия Уәлібаев.
Ашық есік күнінде сөз алған «Қамқор-2» кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ұлықпан Әбек 80-жылдардың орта шенінде аудандық білім бөліміне басшылық еткен кезеңде өзі тікелей бастама көтеріп, осынау өнер орталығының ашылуына мұрындық болғанын айтты. Бүгінде орталықта техникалық базаның әлі де жеткіліксіз екенін тілге тиек етті. Солай дегенмен де аталған оу орны халықтың игілігіне жарап, ұрпақты еңбекке, өнерге, ізденімпаздыққа, жаңашылдыққа баулуда айрықша маңызға ие болып отырғанын ыстық ықыласымен жеткізді.
Шара қолөнер бұйымдарының көрмесіне жалғасты. Көпшілік оқушылардың қолынан шыққан әртүрлі бұйымдарды, ұлттық салт-дәстүрге сай ою-өрнекті алаша, сырмақ, құрақ көрпелерді, жастық, төсеніштерді, үй ішіне киетін тоқыма шұлықтар мен жеңіл аяқ киімдерді, ағаштан, темірден жасалған мүсіндерді, шаруашылыққа қажетті заттарды, еңбек құралдарын, иірілген жіптен тоқылған, тақтай бетіне күйдіріп салынған кескіндерді, суреттерді тамашалады. Кәсіптік орталықтың бес бағыт бойынша дәрістер өтетін бөлмелерге кіріп, жұмыстың жүргізілу тәсілімен танысты. Сурет, қылқалам шеберлік бөлмесінде Әлихан Қасен, Ерғанат Нұрахмет, Думан Бекен атты оқушылар күйдіру әдісімен салып жатқан суреттерге назар аударды. Робототехника бөлмесінде Қайсар Нұрболұлы, Бауыржан Болатқан, Ержан Жантөре, Айша Ғазиз сияқты өнертапқыш оқушылар құрастырған шаң соратын, тазалайтын, белгілі бір заттардың түр-түсін анықтайтын роботтардың жұмысына ден қойды. Жас өнертапқыштардың тырнақалды туындыларының болашағына сәттілік тіледі. Аспаздар бөлмесіндегі қазақы дастарханға арналып дайындалған ас мәзірінің дәмі мен сапасына қатысты ой-пікірлерін білдіріп, жылы лебіздерін арнады. Тігін бөлмесіндегі Молдасан Жаңагүл, Сәкен Гүлдана, Мөлдір Әбдіхалықова, Гүлзейнеп Шалапаева сияқты ісмер оқушылар мен жетекшілер тіккен киімдердің сән-үлгілеріне, құрақ құрау әдістері мен шеберліктеріне лайықты бағаларын берді. Шахмат бөлмесіндегі ой спортына беріліп жатқан ойыншыларға жанкүйерлік танытты. Сөйтіп, кәсіби бағдар беріп, мамандыққа баулып жатқан өнер орталығының болашағына деген сенімдерін нығайтты. Ұстаздардың дендеріне саулық, еңбектеріне табыс, кәсіби бағдарды дамытып,жетістікке жету жолында сәттіліктер тіледі.
Осы орайда мына бір мәселені айтпай кетуге әсте болмас. Ол – орталық ғимаратының өте ескі екендігі. Салынғанына 40 жылға таяу уақыт болған екен. Жартысы ағаш, жартысы кірпіш ғимарат содан бері ешқандай күрделі жөндеу көрмеген. Әбден тозығы жеткені сонша, қазір ешқандай да жөндеуге келмейді. Ішіндегі адамдарға қауіп-қатер төндірііп тұр.
Ғимараттың тағдыры жайлы лауазымды орындарға талай рет хат жолданғанымен тұщымды жауап жоқ. Билік басындағылар да, Парламент палатасындағы халық қалаулылары да бұл жайдан толық хабардар. Алайда, қолғабыс етейік, қамқорлық жасайық дейтіндердің қарасы әзірше көрінетін емес. Кәсіби бағдар орталығы халық үшін, ұрпақ үшін қажет. Сондықтан жас буынды өнердің озық түріне баулитын орталыққа бүгінгі уақыт талабын қанағаттаныра алатын жаңа ғимарат аса қажет. Ашық есік күніне жиналған көпшіліктің көкейіне де алаңдаушылық тудырып отырған бұл мәселе берік ұялағаны анық.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы