-13 °c
Qonaev
Monday, May 12, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Әдебиет

    Аспантаудан Анадолыға жол

    Классиктің туындысы түрік тілінде сөйледі

    29.05.2024
    in Әдебиет, Мәдениет
    Аспантаудан Анадолыға жол
    0
    SHARES
    5
    VIEWS

    Аспантау аясында дүниеге келіп, қазақи болмыстың қаймағын бұзбай, ауылдың ғажайып көрінісі мен тыныстіршілігін өскелең ұрпақ арқылы тап басып суреттеген көрнекті қаламгер, жерлесіміз Бердібек Соқпақбаевтың ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтетіні мәлім. Жыл басында Алатау баурайынан басталған мерейлі шара Түркия мемлекетінің өркениет бесігі – Анадолыда жалғасып, атамекені – қасиетті Тәңіртау етегіне де жылжып жетті.

    Райымбек ауданы Нарынқол ауылындағы Б.Мұқай атындағы Мәдениет үйінде Алматы облысы мен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымы ұйымдастырған суретшілер пленэрі мен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың түрік тіліндегі «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсаукесері өткізілді. Айтулы шараға халықаралық ұйымның, Қазақстан Жазушылар одағы мен өнер ордаларының өкілдері қатысты. Жиын халықаралық суретшілер пленэрі аясында қолға алынған қылқалам шеберлерінің облыстың көрікті табиғатын бейнелеген тың туындыларының көрмесін тамашалаудан басталды.

    Тұсаукесер шарасында алғашқы болып мінбеге көтерілген Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым жөні де, жолы да бөлек бүгінгі шара туралы ыстық ықыласты ниет-тілегін көпшілікпен бөлісті.

    – Біз бүгін жыл бойы өткізілетін айтулы мерекенің айшықты жалғасы – жазушының кіндік қаны тамған қасиетті Нарынқол топырағында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен игі шарада бас қосып отырмыз. Бердібек Соқпақбаевтың құрметіне ұйымдастырылған халықаралық пленэр мен «Өлгендер қайтып келмейді» романының түрік тілінде жарық көруі – Қазақстан мен түркі елдері арасындағы мәдени байланыстың жарқын көрінісі, – деген Нұрлан Ерғалиұлы жазушының рухани мұрасын дәріптеуді халықаралық деңгейге көтеруге барынша қолдау көрсетіп, ұйытқы болған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раевқа алғыс білдірді. Сонымен қатар мерейтойға қатысты жоспарланып, қолға алынып жатқан игі істерге де тоқталды.

    Түркітілдес елдер арасындағы мәде­ни ынтымақтастықты дамыту мақсатында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымымен бірлескен жұмыс жоспары аясында мамыр айының басында Анкара қаласында жазушы мерейтойына орай халықаралық конференция ұйымдастырылды. Осы сапар барысында түркітілдес елдердің мәдени жақындығының айқын нышаны ретінде жылжымалы көрме ұсынылып, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, күйші-композитор Секен Тұрысбектің жетекшілігімен «Ақ жауын» камералық оркестрінің концерті өткізілді. Сондай-ақ өңірде халықаралық суретшілер пленэрі қолға алынды. Пленэрге Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркия Республикасы мен облысымыздан барлығы 14 суретші қатысуда. Қылқалам шеберлері Райымбек, Кеген аудандарының ең көркем жерлерінде болып, 30-ға жуық шығармасын мерейтойға тарту ететін болады. Әлемнің әр өңірінен келген бейнелеу өнері шеберлерінің қолтаңбалары мемлекетіміздің рухани қазынасын толтыратыны сөзсіз. Тағы бір көңіл қуантатын жайт – Нарынқол ауылында жазушының еңселі ескерткіші бой көтеретіндігі. Қазір игілікті шараның алғышарттары жасалып, сараптамасы басталып та кетті. Жағымды жаңалықтарға көпшілік дән риза болды. Келесі кезекте алыс-жақыннан келген қадірлі меймандар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, аудармашылар Мәдениет үйінің төрінде түрік тілінде жарық көрген «Өлгендер қайтып келмейді» кітабының тұсауын кесті.

    Сөз кезегін алған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы, жазушы-драматург, Қырғызстан Республикасының еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері Сұлтан Раев:

    – Қазақ пен қырғыз – ежелден төсекте басы, төскейде малы табысқан туысқан ел. Әдебиеті де, мәдениеті де, салт-дәстүрі де қатар өрілген екі халық ежелден-ақ татулық туын көтеріп, аражіктерін ажыратқан емес. Бердібек Соқпақбаев – қырғыз халқына да ортақ тұлға. Жазушының шындықпен шыңдалып, ақиқатпен астарланған шығармалары қазақтың ғана емес, бүкіл түркі халқының рухани құндылығына айналып отыр. Мен Райымбектей батыр, Бердібек, Мұқағали сияқты ұлы тұлғалар туған топыраққа аяқ басып отырмын. Сондықтан осынау қасиетті өлкеде сіздермен қауышып, ой бөліскеніме өзімді бақытты санаймын. Мерейтой құтты болсын, – деген ақжарма тілегін жұртшылыққа жеткізді.

    – Әдеп әдебиеттен басталады. Сол әдеп пен тәрбиені біз Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларын оқу арқылы бойымызға сіңіріп өстік. «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», «Он алты жасар чемпион» атты хикаяттары арқылы жазушы біздің сырлас досымызға айналды. Бүгінгі жас буынға да осылай әсер ететіні сөзсіз, – деді ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет.

    «Өлгендер қайтып келмейді» кітабын түрік тілінде сөйлеткен аудармашы, Хаджы Байрам Вели университетінің оқытушысы Хусейін Варол Бердібек шығармасы түрік халқының да рухани сырласына айналатынын жеткізді.

    – Бердібектей жазушының туған жеріне келіп, сіздермен қауышқаныма өте қуаныштымын! Бердібек Соқпақбаевтың адамды ауыр мұңға батырып, санаға салмақ салатын, уақыт бедерін арқау еткен шығармалары мені де бей-жай қалдырған жоқ. Отбасының шырқын бұзған, елге тұтқа болар үлкендер қуғын көрген, балалар жетімдіктің зарын шегіп, аналар ерлердің жұмысын істеген алмағайып кезеңді үлкен тебіреніспен оқып, өміршең шығарманы өз ұлтымның тілінде сөйлетуді азаматтық парыз санадым. Бердібек ағамыздың 100 жылдық тойы құтты болсын! – деген ыстық ықыласы көптің көңілін көтеріп, жүректеріне жол тапты.

    Өз кезегінде мінбеге көтерілген филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, қылқалам шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов ақжарма тілектерін ақтарды. Өмірбек Орынбасарұлы шараға ұйытқы болған, ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүрген азаматтарды Суретшілер одағының төсбелгісімен марапаттап, қылқаламмен әспеттелген естелік сыйлықтар тапсырды. Жазушы шығармасының тұсаукесер шарасы Секен Тұрысбековтің жетекшілігімен ұйымдастырылған «Ақ жауын» оркестрінің концертіне ұласты.

    Иә, туғанына 100 жыл толып отырған қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың тамаша туындылары әлі де жас буынның рухын жанып, өмірге деген құлшынысын арттыратыны анық. Сөз зергерінің ұлт мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген ұшантеңіз еңбегін бағалау мерейлі жылдың бастамаларымен тоқтап қалмай, жалғаса беретіні, шығармалары халқымен бірге жасай беретіні сөзсіз.

    Жұмабек Тұрдиев,

    Райымбек ауданы

    Ұсынымдар

    ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН: ЗАҢ МЕН ТӘРТІП, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСІМ, ҚОҒАМДЫҚ ОПТИМИЗМ

    САНАДАҒЫ БЕТБҰРЫС САПАЛЫ ӨЗГЕРІСКЕ ӘКЕЛЕДІ

    8 months ago
    Технологиялық әлеуетті нығайтады

    Технологиялық әлеуетті нығайтады

    8 months ago
    Күре жолдағы күрмеулер: Көлік министрі кеңес өткізді

    Күре жолдағы күрмеулер: Көлік министрі кеңес өткізді

    1 year ago
    Ең төмен жалақы мен зейнетақы мөлшері өзгереді

    Ең төмен жалақы мен зейнетақы мөлшері өзгереді

    1 year ago
    Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуға тыйым салуды жойған жоқ

    Жоғарғы Сот мектептерде орамал тағуға тыйым салуды жойған жоқ

    8 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>