Алатау бөктеріндегі ел шежіресінің тұтас бір мектебін жасаған көрнекті жазушы Балғабек Қыдырбекұлының есімін иеленген ауыл ХХ ғасырдың басындағы Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңде Қарасаз деп аталыпты. Балғабек ағамыздың «Алатау» туындысын парақтап көрсеңіздер, өңір шежіресіне байланысты құнды мәлімет көп. Сонымен бірге, осы ауылдың сонау зұлмат жылдардың алдында Ораз Жандосовтың есімін иеленгенін біреу білсе, біреу білмес. Ұлт перзентімен бірге Қарасаз ауылын өркендету жолында Әбдуәли Тауасаров, Шалдыбай Сонабай есімді азаматтар да қанаттаса қызмет етіп, елдің іргесін бүтіндеуге көп еңбек сіңірді.
Жазушы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» шығармасында мынандай жолдар бар: «Сонау Күрті болысында мың екі жүз түтін болатын. Олардың бәрі Шапырашты тайпасы Ыстық баласының Желді деген атасынан егіз туған Асыл, Шыбыл деген екі рулы ел еді. Арасында тіпті сол жылдары ең ақыр аяғы кірме болып жүрген басқа рудың бір адамы жоқ-ты. Сондықтан мұндай қиын жағдайда советтендіруді қалай жүргізу керек? Әрине, олардың арасынан шыққан пысық кедей жігіттерді, ең болмаса бай тұқымының тоқалдан туып, көзтүрткі болған балаларын пайдалану қажет болды. Біз солай істедік те. Ондай адамдарды тауып алдық. Жасыратын несі бар, колхоз ұйымдастырдық деген аты болмаса, алғашқы екі жыл әншейін тайға бас білгізу, әлде ойын жолы сияқты бірдеме болды. Мысалы, жиырма сегізінші жылдың күзінде бір үлкен топ өткіздік. Қазақ арасында жиналыс деген сөз сіңісе қоймаған, көбіне топ болады дейтінбіз. Сол топта Күрті болысының азаматтары колхоз болуға тоқтам жасады. Олар екіге бөлініп жазылды. Қастек ауданынан бір қоныс, Іле ауданынан екінші қоныс аталды. Елдің жартысы Қастек ауданындағы өздеріне бөлінген Сарышыбырға бармай, Қарасаз деген жерге қоныстанбақ болды да, енді бірсыпырасы Іле ауданына, Құмтоғанда ұйымдастырылатын колхозға жазылды. Күртіліктерді осы мына Қарақыстақ үстіне, Сарышыбыр бауырына орналастыру жөнінде сөз болғанда ел сонау судың аяғындағы Қарасазды қалап отырып алды. Ондағы ойлары төменірек қоныстанып, ең болмаса Үшшоқының төбесін көріп отыру еді. Ал енді сол болысқа қарайтын адамның көбі-ақ үгітке көніп, жағдайды түсініп, Іле, кейін Қаскелең ауданына қараған колхоздарға бірікті. «Путь Ильича», «Он жылдық», Менжинский атындағы колхоздар сол Асыл-Шыбылдан құралған болатын» (398-399 беттер)». Сонымен қатар бұл романда Прудкидің біраз уақыт «7-ауыл», Қарасаздың «16-ауыл» деп аталғаны да айтылады.
Иә, 1928-1930 жылдары ұжымдастыру барысында «16-ауыл» болып, Қарасазда өз алдына жеке отау тіккен ағайынды ел алапат ашаршылыққа ұрынды. Одан әупірімдеп аман қалған Әжіке-Байыс руының бірен-саран отбасы қайтадан ұжымшар құрап, 1933 жылы жалынды мемлекет қайраткері Ораз Жандосовтың есімін меншіктепті. 1937 жылы жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде жазықсыз жала жабылып, Ораз ұсталып кеткен соң қайран қасиетті мекенге кезінде алашордашыларға қарсы оқ атып, солардың қолынан опат болған қостанайлық большевик Таран деген біреудің есімі таңылыпты. Тағдырдың тәлкегі деген сірә, осы шығар?!
1899 жылы ақпанның 20-ында дүниеге келген Ораз Қиқымұлы ірі мемлекет қайраткері, публицист-қаламгер, кезінде көптеген проблемалық мақала жазған аса сауатты азамат еді. Оның әкесі Қиқым кедейліктің тауқыметін көп тартқан, жастайынан орыс байларына жалданып, күнелткен адам екен. Ол баласы Оразды Алматы қаласындағы орыс гимназиясына оқуға береді. Зерек жасөспірім бұл оқу орнында өте жақсы оқиды. Сондықтан достары оны «ғалым бала» деп атап кетеді. Орыс гимназиясында ойдағыдай оқыған Ораз қызметте біртіндеп өсе берді.
1918 жылы ол Верный ерлер гимназиясын бітіріп, төңкеріс жұмысына араласады. Жетісу жерінде нұсқаушы болып, Кеңес өкіметін нығайтуға атсалысады. Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарады. 1919-1921 жылы Түркістан мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болады. Верныйда, Қапал, Жаркент, Лепсі уездерінде бүлікшілерді талқандауға белсене қатысады. Жетісу облысы төңкерісшіл-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағын басқарады. 1921-1923 жылы Түркістан коммунистік партиясы орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің екінші хатшысы,1924-1928 жылдары БКП (б) Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болады. Осы жұмыста жүрген кезінде ол қазақ халқының келешегі үшін жан аямай тер төкті. Әсіресе, халық арасынан шыққан таланттарды қолдауға үлкен күш жұмсады. Ілияс Жансүгіров, Жамбыл Жабаев сияқты еліміздің біртуар ұлдарының шығармашылық өсуіне жағдай жасады. Ұлт кадрларын даярлауға ұмтылып, сауатсыздықты жою жолындағы күресте мектептер ашты, қазақ тілінде оқулықтар басып шығаруға барынша атсалысты.
Ораз Жандосов ұстаздықты үйрететін мұғалімдік курстарды ұйымдастыруды ұсынып, қазақ елін ағартудың жедел шараларын іздестірді. Қазақ мектептерін ашуға басшылық етіп, өзінің аса жігерлі қайраткер екендігін танытты. Құлдыраған ауыл экономикасын қалпына келтіру үшін қарқынды да серпінді қызмет атқарып, есімі ел аузында аңызға айналды. Ол ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды. Ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. «Еңбекшіқазақ» газетіне басшылық жасаған кездері міне, осы қызметте жүрген кезімен тұспа-тұс келеді. Ұлт-азаттық көтерілістің 10 жылдығына орай Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында жиын өткізді. Кейін «Ереуілтөбе» атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп, белгі қалдыруға басқа да қазақ қоғам қайраткерлерімен бірге қолдау көрсетті.
1928-1937 жылы Қазақ АССР ағарту халық комиссары, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының басшылығымен қатар республикалық кітапхананың директоры болды. Алматы облысындағы Кеген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Ұлтаралық қатынасты реттеуге көп еңбек сіңірді. БКП(б) ХІІ және ХІV, КСРО кеңестерінің екінші, жетінші, сегізінші съезінің делегаты болды.
«Үлкен террор» басталар алдындағы жағдайға қарамастан Алматы облатком төрағасы қызметінде ол халық тұрмысын қалпына келтіру, жақсарту жұмысына жан-тәнімен беріле кірісті. Ораз Жандосов – ағарту және мәдениет саласындағы ұлт көсемдерінің бірі ретінде Қазақстан тарихынан көрнекті орын алған тұлға. Қысқа мерзім ішінде Қазақстандағы алғашқы оқу орындары – Мемлекеттік университеттің (кейін ҚазПИ болып қайта құрылған), Малдәрігерлік және ауыл шаруашылығы институттарының ашылуына көп күш-жігер жұмсады. Қазақ драма театрының қалыптасуына ықпал етіп, Мемлекеттік (қазіргі Ұлттық) көпшілік кітапхананы «жинастырушы» болды. Сондай-ақ республикалық кітап палатасын қоса басқарды. Ол кеңестік дәуірде бірінші болып қазақ ауылын социалистік өлшемде кеңінен зерттеуді қолға алды. 1926-1930 жылдары Қазақстанды зерттеу қоғамы – қазіргі Ғылым академиясының ізашары болған Ғылыми ассоциацияға жетекшілік жасады. Ораз Жандосов 1937 жылы тамызда партия қатарынан шығарылып, жалған саяси айыппен тұтқындалды. 1938 жылы 2 наурызда ату жазасына кесілді. 1957 жылы 8 маусымда ақталды.
Еліне қорған болған қайран Ораз Қарасаздағы ағайынның басын құраған жылдары онымен қанаттасып жүрген екі азаматтың бірі Әбдіуәли Байдаулетұлы болатын. Ол сол кездегі Күрті болыстық бөлімшесінің 2-ауылында, 1916 жылы қараша айында туған. Сонда 7 сыныптық білім алды. 1928 жылдан бастап Алматы қаласында тұрды. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтында журналистика мамандығы бойынша оқуға қабылданып, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сынды қазақ зиялыларының дәрісін тыңдады.
1937 жылы саяси қуғын-сүргін басталып, қазақтың көзі ашық азаматтары жаппай қамалғанда Әбдуәли де «Ораз Жандосовтың туысы» деген жаламен 3-курста оқып жүргенде бес жылға сотталды. Содан төрт жыл Қиыр Шығыста қамауда болып, Амурдағы Комсомольск деп аталған жердің орманында ағаш кесті. 1941 жылы қаңтарда «тәртібі жақсы» деген анықтама алып, мерзімінен бір жыл ерте босады. Содан осы Таран ауылына келіп тұрақтап, жазда Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда майданға аттанды.
Екінші бір атамыз Шалдыбай Сонабай (жеңгелері «Қалдыкөз» деп атаған) 1897 жылы туған. Өмірден 1970 жылы өтті. Бұл кісі де 1937 жылы «халық жауы» атанып, «Ораз Жандосовтың сыбайласы» ретінде 10 жылға сотталды. Оған дейін Қарғалы ауылында басшылық қызмет атқарған. Қиыр Шығыстағы қапастың дәмін татып, шахтада жұмыс істеген ол 1947 жылы босатылып, Таран ауылына келген. Қалған ғұмыры осы ауылда өтті.
«Ораз Жандосовтың туысы, сыбайласы» деген желеумен жазықсыз жаза шегіп, түрме мен айдаудың азабын көргендер осы екеуі ғана ма, тағы да қаншама ағайындас, рулас азаматтардың басынан өткен тауқыметті айтып тауысу тіпті мүмкін емес. Осының бәрі кейінгі ұрпаққа сабақ бола жүрсін деген оймен аз ғана мәліметтің айналасында әңгіме қозғадық. Алдағы уақытта Алла біздің елді осындай ойсыз әрекет, оспадарсыз саясаттан сақтасын демекпін.
Ақбота Тауасарова,
Балғабек Қыдырбекұлы ауылдық кітапхана меңгерушісі
Жамбыл ауданы