Жеңіс күні жақындаған сайын марқұм әжем, қазақтың көрнекті ақыны Есенқұл Жақыпбектің аяулы анасы Елизаветта Свечкарева есіме түседі. Себебі сол бір сұрапыл соғыстың зардабын татқандардың бірі әжем еді. Ол өткенді күрсіне отырып әңгімелейтін.
– Мен ол кезде 11 жастағы кішкентай қыз едім. Әлі есімде, анам екеуміз бүлдірген тереміз деп тоғайға бардық. Өзендегі көпір үстінен өткенде кенет арт жағымыздан «гүрс» ете қалған дауыс шықты. Сөйтсек, өзенге бомба түсіпті. Бұрын-соңды мұндай сұмдықты көрмеген менің зәре-құтым қашты. Анам жұбатып әлек болды.
Сол күннен бастап Донецк қызыл қанға боялды. Балалығымызды ұмытқан біздер окопта жараланып жатқан жауынгерлерге көмектестік. Содан бір күні Сталиннен бізді жер аудару керек деген бұйрық келді. Бір күнде пойызға тиеді де, белгісіз жаққа қарай аттандырды. Жол-жөнекей небір қиындықтарды бастан кешірдік. Бірнеше күн жүріп қазақтың даласына да жеттік. Шамалған стансасына келіп түстік. Ол жақтан өгіз арбаға отырып, Самсы ауылына түнімен жүріп келдік. Самсыдағы ел бізді көріп аң-таң болды. Әр отбасын ауыл тұрғындары өз үйлеріне кіргізіп жатты. Бізге мән бере қоятын ешкім көрінбейді. Сөйтіп тұрғанымызда анадай жерден бір кісі келді де: «Қарақтарым, сендер менің үйіме жүріңдер. Бәріңе өзім бас-көз боламын», – деді. Әлгі кісі бізді өз үйінің бір бөлмесіне орналастырды. Шешем, ағам, мен және кішкентай інім бұл кісінің мейірбандығын көріп, ішіміз жылып сала берді. Ол кісінің аты – Керім еді. Керім ақсақалдың үйіне келген соң бес айдан кейін інім ауырып қайтыс болды. Інім мен соғыста қайтыс болған әкемнің қазасын көтере алмаған анам да көп ұзамай көз жұмды. Вася екеуміз жетім қалдық. Бірақ Керім атам бізді жетімсіретпеді, қаңғыртпады. Өз балаларынан кем көрмеді. Сол жылдары мен 11-де, Вася 13-те едік. Бізді мектепте оқытты. Ал жазғы демалыс кезінде барлық балалар сияқты күндіз темекіде жұмыс істеп, түнде айдың жарығымен қолымызға шам алып жүріп өгізбен жер жырттық. Кейде шаршағанда өгізге мініп алатынбыз. Қатты ұйқы қысқанда өгіздің үстінен қалғып кетіп жерге құлаған кездеріміз де аз болмады. Күзгі науқанда ат арбамен Самсыдан Шамалғанға арпа-бидай таситынбыз. Сөйтіп жүріп сендердің аталарыңмен таныстық. Атаң ол кезде осы ауыл-аймақтың жерін трактормен жыртып жүретін.
Бойжетіп, Алланың қалауымен атаңа тұрмысқа шықтық. Бауырым Вася есейгеннен кейін ауылда, ауданда біраз жұмыс істеді. Бірінші әйелі бала көтере алмаған соң «Маған бір ұлыңды бер, сенің 9 балаң бар ғой», – деген еді. Мен оған келісе алмадым. Соған өкпеледі ме, әйелін алып Қарағандыға металлург боламын деп кеткен. Кейін хабарсыз қалдық. Есенқұлдың досы Талғат арқылы бауырымды қырық жылдан кейін тауып, кездескенбіз», – деп отыратын жарықтық әжем.
Иә, айтпақшы, бауырымен сөйлескенде, «Вася, қазақшаң қалай? Ұмытып қалмадың ба?», – дегенінде, ол: «Жоқ, ұмытқан жоқпын», – деп күліпті. Бауыры да әжеме қалжыңдап: «Өзің ше, ана тілің украин тілін ұмытып қалмадың ба?», – дегенде, «Жоға, ұмытпаймын ғой», – деп, екеуі біраз украинша сөйлескені есімде.
Көп қиындық көрген марқұм әжем бізді қазақ дәстүріне сай тәрбиеледі. Анда-санда орысша араластырып сөйлеп қалсақ, «Қазақша айтыңдар! Неге орысша сөйлейсіңдер?!», – деп кәдімгідей ұрысатын. Әрқашан елінің амандығын тілеп, бейбіт заман болса екен деген ниетте болатын.
Қазір арамызда жоқ. Бірақ әже бейнесі мәңгілік жадымызда сақтаулы. Алланың қалауымен 12 жыл бұрын бақилық болды. Өзінен кейін көп ұзамай бауыры да бұл өмірмен қош айтысқан. Василий нағашымыздың балалары мен немерелері қазір Ресей Федерациясының Краснодар аймағындағы Адыгей ауылында тұрады. Олардың да қазақ еліне деген алғысы шексіз. Қазақ халқы болмаса біз де болмас едік деп өткенге көз жүгіртіп отырады. Көптеген ұлттың миллиондаған адамына қиын-қыстау кезеңде демеу болған қазақ халқының қайсарлығы мен дарқандығы шексіз ғой, шіркін! Енді еліміздің бүгінгі ұрпағы бейбітшіліктің бағасын білейік. Әрқашан күн сөнбесін, аспаннан бұлт төнбесін!
Елдар Жақыпбек,
Есенқұл ЖАҚЫПБЕКТІҢ немере інісі,
Қарғалы №3 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Анамның даусы
Қуат жоқ сексендегі анашымда,
Қалтырап қайран анам тоңасың ба?
Ойпыр-ай, қайдан келдім бұ жаққа деп,
Мұхиттың жүрген құстай жағасында.
Ол мұнда –
Мұз мұхитта кімге керек?
Өзіне-өзі отыр бірдеме деп.
Ол менің анам емес, кәрі әжемдей,
Төсекке отырғызған күнде демеп.
Білемін, түбінде бір өлім жеңбек,
Білмеймін, енді қанша өмір көрмек?
– Алты ай қыс сендер үшін шыдап шықтым,
Ал енді жер жібіді көміңдер! – деп,
Күледі көктемде анам көңіл демеп.
Сенің тек осы жылы даусың қалды,
Сол дауыс қаламаймын таусылғанды.
Мен сені саркофагта сақтасам да,
Жып-жылы сағынам-ау даусыңды әлгі.
Дүние ұқсайды оған қар, дауылға,
Оранып соғыс та өтті сар жалынға.
Сары құйрық құс еді ғой анам ол кез,
Сайраған Украина орманында.
Тұр енді Айсберг, қар сіресіп,
Дауылдар дауысымен даусы жетіп.
Шаршаған шағаладай шаң-шұң етіп,
Мұхиттың анам отыр ар жағында.