Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірдің дарынды балаларымен кездесті. Облыс орталығындағы мәдениет үйінде өткен марапаттау салтанатына өздерін зияткерлік салада дәлелдеп, халықаралық, республикалық олимпиадаларда өңіріміздің даңқын асқақтатқан 131 жүлдегер мен білім беру саласының қызметкерлері қатысты.
Аймақ басшысы алдымен облысымыздың 2023-2024 оқу жылындағы жетстіктерін саралап, қол жеткізген толағай табыстарға тоқталды.
– Облысымыздың білім саласы үшін оқу жылы табысты жыл болып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. 2023-2024 оқу жылында облыстағы 468 мектепте 355 мың оқушы білім алып, 66,1 пайыз білім сапасына қол жеткізді. Күні кеше ғана 14 216 түлек орта мектеп курсын аяқтады, оның 948-і «Алтын белгі», 1206-сы Үздік аттестат иегері атанды. 33 мыңнан астам педагог сапалы қызмет етіп, шәкірттері түрлі деңгейдегі білім жарыстарында үздіктер қатарынан орын алды. 2021-2022 оқу жылында 45, 2022-2023 оқу жылында 104 оқушы халықаралық, республикалық деңгейдегі білім жарыстары мен олимпиадаларда жүлдегер атанса, 2023-2024 оқу жылында жүлделі орын саны 145-ке жетті. Бұл терең білім мен жүйелі дайындықтың нәтижесі. Алматы облысы қашан да дарындар мен тума таланттар мекені. Өздеріңіздей мектепте ұстаздан білім алып, олимпиадалар мен ғылыми жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған Алматы облысының түлектері бүгінде әр салада табысты маман болып отыр. Олардың арасында әлемінің үздік компанияларында қызмет етіп, беделді жоғары оқу орындарында білім алып жатқандары бар. Мұндағы түйін – білімде шек жоқ екендігі. Сондықтан ешқашан білім алып, ізденуден талмаңыздар, – деді облыс басшысы. Осыдан кейін облыс әкімі өңірдің ең дарынды балаларына құрмет грамоталары мен естелік сыйлықтарын табыстады.
Балалар өздеріне көңіл бөліп, сый-сияпатқа бөлегені үшін Марат Елеусізұлына алғыстарын білдіріп, өздеріне артылған сенімді қашан да ақтауға тырысатындарына уәде етті. Аймақ басшысы кей дарынды оқушылардың есімдерін атап, оларды баға жетпес байлыққа балады. Өз кезегінде облыс басшысы А.Мәлкеев атындағы Есік «Білім-инновация» мамандандырылған лицейі мен «Арыстан» мамандандырылған лицейінің және «Дана» жекеменшік мектептерінің жетістігін айырықша атап өтті. Олар дарынды оқушыларды ғылымға баулыған, талантты шәкірттердің үмітін үкілеген үздік ұжым ретінде марапатталды. Марат Елеусізұлы барлық күш-қайратын дарындылықты дамытуға жұмсаған білікті ұстаздарға да дән риза екендігін тіліне тиек етті. Таланттардың талабын ұштаған марапаттау салтанатында шығармашылық бағытта жұмыс істейтін, тың жаңалықтар ашатын, ойлау қабілетімен ерекшеленетін жеке тұлға қалыптастыруды міндет деп білген аудандар да назардан тыс қалмады. Халықаралық, республикалық олимпиадалардағы көрсеткіштерге сай Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ аудандары үздік деп танылып, аталған аудандардың білім бөлімдеріне арнайы жүлделер табысталды. Шара соңында Есік «Білім-инновация» мамандандырылған лицейінің мұғалімі Тамара Жеткербекқызы ұстаздар атынан облыс басшысына алғыс айтып, талай сында топ жарған таланытты шәкірттерге табыс тіледі. Марапаттау шарасында жас өркеннің бойынан жалындаған от көрдік, олар ертең өздері түсетін кез келген бәсекеде оза шабатындығына сенімді. Ауыл олимпиадасында республика бойынша жалғыз «Абсалют жеңімпаз» атанған Еңбекшіқазақ ауданы Рахат №1 орта мектебінің оқушысы Нұрислам Абдухамит ғылыми – зерттеу бағытына ден қоятынын айтса, Жамбыл ауданынан келген Айдын есімді жас талант дәстүрлі өнерді дәріптеуге күш салатындығын баян етті. Біз де ішімізден күллі жұртымыз жастардың жетістігіне жамырай қол соға берсін деп тіледік. Айта кету керек, шараның өтуіне облыстық білім басқармасы мен «Жас дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы ұйытқы болды.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы