Адам жанына араша түсіп, басы ауырып, балтыры сыздағанның бабын табатын жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау – нағыз батылдық. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Мәди Тұрар – ел-жұртқа қадірменді мамандықтың иесі.
Мәди Қайратұлы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен дәрігер болуды армандаған ол 2013 жылы Қарағанды қаласындағы мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп, 2018 жылы жалпы медицина мамандығын алып шыққан. Үлкен өмірге қадам басқан жас жігіт білімін тереңдету үшін Алматыдағы Қазақ-Ресей медициналық университетіне құжат тапсырады. Сәті түсіп тағы да студент атанады. Бұл оқу ордасын да ойдағыдай тәмамдап, терапевт пен эндокринолог мамандығын қоса игеріп, біліктілігін арттырады.
2020 жылы Алматы қаласында студент болып жүрген Мәди еңбек жолын №3 қосалқы стансада фельдшерліктен бастаған. Медицина саласына қадам басқан жас маман 2022 жылы «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында Балқаш аудандық орталық ауруханаға дәрігер-эндокринолог болып жұмысқа орналасады.
Содан бері медицина саласының дамуы жолында еселі еңбек етіп келеді. Өзінің сүйікті мамандығы бойынша қызмет атқарып жатқан дәрігердің абыройы артып, аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленіп, алғысын арқалап жүр. Жас та болса, өз ісінің нағыз хас шебері. Ол сүйікті мамандығы жайында сөзін былайша сабақтады:
– Дәрігер болуды армандайтындар аз емес. Алайда екінің бірі ақ халатты абзал жан бола бермейді. Ол үшін дәрігерлік қызметке деген қызығушылық пен мамандықты игеру жеткіліксіз. Білімің мен білігіңді жетілдіріп отыру маңызды. Сонымен қатар медицина маманына үлкен жүректілік те аса қажет, – дейді Мәди Қайратұлы.
Шын мәнінде білікті дәрігер – ұлт саулығының ғана емес, ел дамуының қозғаушы күші. Өйткені мемлекеттің басты байлығы – адам капиталы. Демек, елімізде терең білімді, тәжірибесі толысқан дәрігерлер көбейсе, денсаулық сақтау саласы да өркендейді. Тұрғындардың да сапалы медициналық қызмет алуына жағдай жасалады. Сол себептен бүгінгі жас дәрігерлер ізденіске құштар болуы керек.
Бақтығали Дәуітбаев,
Балқаш ауданы