Қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші-композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев туралы айтылар әңгіме аз емес. Осы орайда ҚР Мәдениет қайраткері, Іле аудандық Мәдениет үйінің күйшісі, Нұр-ағаның шәкірті Асхат Нұрақовпен сұхбаттасудың сәті түсті. Кейіпкеріміз бізге аты аңызға айналған Нұр-аға туралы тың естеліктерімен бөлісті.
– Асхат Сатыбалдыұлы, Нұрғиса Тілендиевпен алғаш қашан кездестіңіз?
– Ең алғаш Нұр-ағаңмен танысқанда училищені бітіріп жатқан кезім еді. Мамыр айында сайыс өтіп, Құрманғазы оркестріне жұмысқа орналастым. Жанымда Жексен Нұржаубек деген домбырашы болды. Мен жұмысқа орналаспас бұрын «Отырар сазының» концерт министрі (музыканттар тілімен айтқанда), ең бірінші пультта отыратын Жексен ағамыз: «Әй, бала, сен Нұр-аға тірі тұрғанда сол кісінің жанында жүріп, көзін көруің қажет!» – дейтін. Ол кезде Нұр-ағаның мінезі қиын деп айтушы еді. Содан сескеніп, «Қойыңызшы аға, бармаймын» дегенмін. Жексен аға: «Қорықпа. Бар, көр», – деп айтқанынан қайтпай, «Отырар сазына» ертіп апарды. Ол кісі жұмыс орнында болмады. Екінші рет барғанда, жобасы 90-жылдары, Нұр-ағаның басы ауырып отырды. Сол кезде Жексен аға «Нұр-аға бар екен, жүр кірейік» деп жанына ертіп алды. Мен ол кісінің мінезі ауыр дегенді естіп, кіруге қорықтым. Нұр-ағаның мысы басым. Кабинетіне кіргенімде «Ал, бала, тарт» деді. Домбыраны қолыма алып, Динаның «Қарақасқа ат» күйін тарта жөнелдім. Ортасына келгенімде, тоқтатып тастады да, ататегімді сұрады. Одан кейін: «Сен осы «Әлқисса» күйін білесің бе?» – деді. Білемін дей бергенімде соны тартуымды сұрады. «Әлқиссаны» тартып едім, орнынан атып тұрып, маңдайымнан бір иіскеді. «Бала, қайда барсаң да ең бірінші осы «Әлқиссаны» тарт, одан кейін қалған күйіңді орында, жұмысқа қабылдандың», – деп оркестрге кіргізді. Жексен ағама «Мына баланың жалақысын жоғары жаса, алдыңғы қатарларға отырғыз» деп 20 жасымда «Отырар сазы» оркестрінің қатардағы домбырашысы етіп жұмысқа орналастым. Бұл оркестрде Нұр-аға дүниеден өткеннен кейін де біраз жыл жұмыс істедім. Қарап тұрсам, 14-15 жылдай оркестр құрамында өнер көрсеткен екенмін.
– Ақын, композиторлардың музасы болу қаншалықты маңызды? Нұрғиса Тілендиев ұстаздық еткенде осы жайлы сөз қозғаған ба еді?
– Нұр-аға бір сөзінде халыққа танымал «Куә бол» әнінің шығу тарихын баяндаған еді. Бутаковкаға барғанда жары Дариға Тілендікелінін тасқа отырғызып, аспандағы айға, жұлдызға қарап, айналасын көзімен шарпып өтіп, «Куә бол» әнін жан жарына арнап шығарған екен. Ал өнер адамының музасына келер болсақ, әр шығармашыл жанның музасы өзінің ішкі тебіренісінен, сезімінен туатындықтан, ол кісі бізге бұл турасында ештеңе демейтін. Бірақ Нұр-ағаға қарап-ақ сабақ алатынбыз. Өзімнің де біраз шығарған күйлерім бар, бірақ оларды әлі жариялаған жоқпын. Кезі келгенде көрермін.
– Ұстаздың шәкірттеріне айтар өзіндік кеңесі болады. Атақты композитордың шәкірті болып жүргеніңізде осындай есті сөздерін естіген бе едіңіз?
– Кенен Әзірбаев ауылында менің ата-анам тұратын. Нұр-аға демалыс күндері үйіме қонып, жайылған дастарқан үстінде қолыма домбыраны ұстатып, тартқан күйлерімді түзететін. Мына дыбысты былай ал, қағысты былай тарт деп ақыл-кеңесін айтатын. Бұл кісінің айтқан ақыл-кеңесінің шын бағасын мен секілді өнер адамдары түсінетін шығар.
– «Нұрғиса Тілендиевтің талантты екенін, тұла бойы тұнған музыка екенін көру үшін онымен бір рет қана дидарласып, көрісу жетіп жатыр» дейді Әбдіжәміл Нұрпейісов. Сіз ол кісіні алғаш көргенде болмысының өзгеше екенін бірден аңғардыңыз ба?
– Ол кісі сахнаға шыққанда көрерменнің өзі Нұр-ағамен ілесіп ән шырқап кетеді. Ол кісі оркестрмен жетекшілік еткенде залда бірде-бір дыбыстың шыққанын естімейсің. Тек әуеннің, музыкалық аспаптардың ғана үні күмбірлейді. Ол кісінің құдіреті өте күшті болатын. Тұла бойы тұнып тұрған саз-әуезді Нұр-ағаны көріп, құлағыңмен естігенде, елітіп әкететін сезім тұңғиығын сөзбен сипаттап жеткізу мүмкін емес. Құдды бір адамды өзгеше болмысымен өзіне байлап алатын іспетті.
– Ұстазға еріп жүрген кездегі басыңыздан өткен қызықты оқиғаны айтып берсеңіз.
– 90-жылдары көлік өзі санаулы ғана адамдарда болды. Менің өзімде бір «Жигулиім» бар. Сол көлікпен Нұр-ағаңды жұмыстан әкеліп, әкетіп жүрдім. Ол қайда барса да жанына жіпсіз байланып, қасынан қалмайтынмын. Одан бөлек, 90-жылдары жалақы аз болғандықтан, оркестрден бөлек, көлік жүргізуші болып ақша тауып жүрдім. Бір айлық жалақыны адам тасып жүріп, бір-ақ күнде табасың. Біздің жұмыс түскі екіге дейін болады. Екіден кейін боссың. Содан үйге келіп, бір мызғып, әуежайдан адам алып, Бішкекке түнімен барып келдім. Ертесі Нұр-ағаны үйінен алып, жұмысқа бірге бардық. Көлікте отырғанда ол кісі менің көлігімнің жылдамдығына жиі қарайлап отыратын. Жады өте мықты, тез жаттауға бейім кісі болды. Ауыл арасындағы жолдың қашықтығын санба-сан білетін.
Жұмысқа дейін хал сұрасып, жақсы сөйлесіп келдік. Бірақ жұмысқа келіп, оркестр қатарына қосылғанымда маған қарап: «Извозчик, (мені солай атайтын), тұр!» – деп айқай салды. Мен селк етіп, орнымнан атып тұрдым. Сонда Нұр-аға: «Кеше мені үйге апара жатқанда, спидометр көрсеткіші осыншама километр болатын, бүгін әкеле жатқанда қарасам, бәленбай километрді көрсетіп тұр. Бір күнде мың шақты километр жүріп тастағансың. Сонда бір күнде қайда барып келдің?» деді. Ана күйді, мына күйді тартқызды. «Отырар сазының» өзіндік төлқұжатына айналған «Ата толғауы» күйімен концерттің шымылдығын ашып, соңын «Махамбетпен» аяқтаймыз. Солай әңгіменің аяғын түк болмағандай күймен жалғап кеттік.
– Сіз танитын Нұр-ағаның мінезі қандай еді?
– Жақында ол кісі туралы кино шықты. Кинодағы Нұр-ағаның образы шынайы бейнесіне сай келмейді. Ол туындыда көрсетілгендей, ашушаң, агрессивті адам емес. Нұр-аға қалжың мен әңгіменің тігісін жатқызып, күлімсіреп жүретін адам еді. Ал жоғары лауазымды кісілерді қуып жүргенде, аяқтарын бір етікке тығатын. Елден естігеніміз бойынша басында мінезінен қорқып жүрсек, өмірде ондай емес екенін жүздескеннен кейін білдік. Сөзімнің дәлелі ретінде бір оқиғаны баяндап берейін. Нұрғиса Тілендиевтің «Жүрегім менің» атты Майгүл Қазтұрғанованың орындауындағы әні бар. Бұл ән орындалғанда концерт барысында дәстүр бойынша ән соңында Нұр-ағаң жүрегіне қолын қойып шығып кететін. Айта кететін жайт, ағамыз солақай еді. Осындай концерттің бірінде оркестр орындауын бастап, «Қайран менің жүрегім» деген жерін айтқанда, Нұр-аға шатастырып, сол қолын оң жағына қойып алған. Сол кезде Сәкен Абдрахманов деген Нұр-ағаңа жақын адам «Шеф, сол жақ қой, сол жақ қой» деп сол жағын көрсетсе, «Әәә, мына жақ қой» деп сол жағын ұстап, саспай шығып кеткен еді. Міне, болмысында ешқандай жасандылық жоқ, ақкөңіл кісі болғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.
– Гастрольдік сапарларда жүргенде келеңсіз жағдайлар болды ма?
– Әрине, бір күні гастрольдік сапармен шықтық. Ол кезде оркестр мүшелері сазсырнай іспетті кішкене аспаптарды қалтасына салып жүретін. Олардың қатарында үрмелі кішігірім аспап – месқобыздың мүштегі болатын. Оны Қайсар жоғалтып алып, «Нұр-ағадан таяқ жейтін болдым» деп, сол кезде тапырақтаған еді. Бәріміз жабылып жүріп жоғалған аспапты таппадық. Концерт басталды. Әуен ортасында таяй бергенде, Нұр-аға Қайсардың орындауын көрсетті. Ол сасқанынан сол аспаптың дыбысына ұқсатып, тамағымен дауыс шығарған болатын. Оны көрген Нұрекең Қайсарға қолымен жұдырығын бір-ақ көрсетті. Концерт біткеннен кейін Қайсар Нұр-ағаның көзіне көрінуге қорқып, тиіп-қашып жүрді. Бірақ сол күйі Нұр-аға ештеңе демеді. Ірілігі шығар, бәлкім.
– Нұрғиса Тілендиев қос қолдап, екі ішекте қатар ойнаған. Сіз де осылай домбыра тарта аласыз ба?
– Тартуға болады, бірақ қанша тартқаныммен, Тілендиевтей болмайсың. Білгенін үйретіп, қателескен жеріңді түзейтін еді. Ол кісіге күй шерту үшін қол жаттықтырудың қажеті болмайтын. Қолы өзі домбыраның үстімен жүгіріп тұратын. Оркестр дирижері болған кезде ол кісінің жетекшілігімен қолыңның күйді қалай тартып, қалай ойнағанын білмей қалатынсың. Бұл тума талант, тума дарынның айқын көрінісі деп білемін.
– Өзіңіз домбыраны көбіне шертпе күйде тартасыз ба, әлде төкпе күйде ме?
– Шертпе күйді көп адам түсіне бермейді. Домбыраны төкпелей, жылдам тартса, мықты добырашы деп санайды. Ал, шынтуайтына келгенде, құдіреттің барлығы шертпе күйде жатыр. Ағамен отырғанда жылдам күйлерді тартсаң, тоқтатып, «Шертпе күйді тартшы» дейтін. Содан шертпе күйді тартуға етім үйреніп кетіпті. Ағаның айтуынан ба деймін, өзімнің жылдам күйге қарағанда, бүйрегім шертпе күйлерге бұрып тұрады.
– Композитор осы Іле ауданының тумасы. Сөз арасында туған жері туралы айтушы ма еді?
– Иә, реті келгенде Нұр-аға осы Іле ауданында туғанмын деп айтып жүретін. Сөйтсем, Шилікемер (қазіргі Н. Тілендиев ауылы) ауылында туған екен. «Кіндік қаным тамған жер – осы жер» деп жиі айтушы еді. Ауылы жайлы сөз еткенде, көлігіме отырып, кеттік дейтін. Ауылына барып, көліктен шығып, әңгімелерін айта жөнелетін. Әңгімесін тауысқанда қайта өз ауылымызға қайтатынбыз.
– Нұрғиса Тілендиевтің Жамбыл Жабаевпен байланысы бар дейді. Бұл жайлы композитордың өз аузынан естіген бе едіңіз?
– Жамбыл Жабаев жайлы айтқан бір әңгімесі бар. «Бала кезімде өте бұзық болдым. Сондай бір тынымсыз шағымда Жамбыл атамен кезіктім. Ол кездері Жамбыл ата есектің үстінде жүруші еді. Сонда келе жатқан Жамбыл атаны көріп, қолыма шыбықты алып, есекті ауылдың ана басынан мына басына шыбықпен түртпектеп айдайтынмын. Жамбыл ата «Өй, қой, мына қалқан құлақтан көресіні көрдім ғой» деп отыратын. Қой десе де қоймай, баратын жеріне есекті түртпектеп шығарып салатынмын», – дейтін. Сол кезде Жамбыл ата «Мына баладан бір нәрсе шығады» деп, батасын беріп кеткен екен. «Ата толғауы» күйі де осы Жамбыл Жабаевқа арналып жазылған. Жамбыл атаны жақсы көрді. Нұр-ағаның осындай балалық қыңыр қылықтары бар еді. Жамбыл Жабаевтан бөлек, Ахмет Жұбанов жайлы да айтып отыратын. Сондағы айтқан бір әңгімесі «Ахаңның түскі уақытта бір сағат мызғып алатын әдеті бар» дейді. Сонда ол кісі ұйықтай бергенінде, Нұр-аға жанында отырып, домбыраның құлағын келтірмей бұрап, күй тартады екен. Ал Ахаң өзі музыкант болғандықтан құлағы бұралмаған күйді естіп, «қоя ғойға» басады. Оны естіген Нұрекең одан сайын күйін тартады. Сөйтіп бір сағат өтіп, ұйқысы қанбаған Ахаң «Түу, Нүкентай ұйқы бермей қойдың ғой» деп айтады екен.
Ешкімді бөліп-жармай, барлығымызды «Тілендиевсіңдер» деп отырушы еді Нұр-ағам. «Отырар сазы» – Нұрекеңнің бастауымен бүгінге дейін бар әлемді мойындатқан оркестр. Дүниеден озар шағында «Мен өлген кезде жыламаңдар, күймен шығарып салыңдар» дейтін. Жерлеу рәсіміне барлығымыз қатыстық, жылап отырып, өзі айтқандай, күйлерімен шығарып салдық. Ол кісінің көзі ретінде костюмі үйімде әлі ілулі тұр. Мұражайға, еш жерге әлі бергенім жоқ. Үйге бір келгенде әкеме сол костюмді қалдырып кеткен болатын. Негізі, әкеммен ұзақ отырып әңгімелесіп, өзара шүйіркелесетін.
Нұр-ағаның күйлерін фильмдерде, сүйемелдеулерде қолданса, ол кісінің қағысынан бірден танып айтамын. Қай жерде жүрсем де, ұстазымның ойнаған күйі қосылса, жүрекпен бірден сезіп, елең етемін. Себебі, ол кісінің домбыра қағысы мүлде бөлек еді. Ешкімге ұқсамайтын болмысы бөлек, қағысы ерек, бір ғасырда бір туатын дара тұлға еді Нұр-ағам.
– Аудан тұрғындарына, оқырмандарға айтар қандай ұсыныс, пікіріңіз бар?
– Түптеп келгенде, ол кісі осы Іле ауданының азаматы емес пе? Атын беріп, бір музыкалық мектеп, колледж ашса, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті, осы Іле ауданының атауын Тілендиев деп өзгертсе де, артық емес деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Бағдат Шойбас
Іле ауданы