Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті мерекелерді ұлттық реңкте ұйымдастыруға ерекше ден қойып келеді. Осынау игі дәстүр Кеген ауданында да жалғасты. Құрбан айт күндері ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алтыбақан құрылып, ұлттық нақыштар жан-жақты көрініс тапты.
Аудан мешітінде айт намазын оқумен басталған ұлық мейрам сан алуан қайырымдылық шарасына ұласты. Оған «Жерұйық Кеген жастары» қоғамдық ұйымы ұйытқы болды. Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, «Әулие абыз – Әлмерек баба» мешітінің бас имамы Рахматулла Моллақанағатұлы игі шараға бұқарамен бірге қатысып, айт мейрамымен құттықтады.
– Құрбан айт – бірлік пен игіліктің мерекесі. Бұл күндері ағайын-туысты аралап, отбасымызды шаттықа бөлеу – сауапты іс. «Жерұйық жастары» қайырымдылық шарасынан ешқашан тыс қалмайды. Жағдайы төмен отбасыларға үнемі қолұшын созып, қолдау көрсетіп келеді. Қаншама жандарға баспана бақытын сыйлады. Жомарт жүректерге алғысымыз шексіз! – деді аудан басшысы.
Игі шарада қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы, Азия біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бауыржан Тәліп және «Жерұйық Кеген жастарының» мүшесі Еркебұлан Нұрбайұлы ізгі тілектерін жеткізді.
Ұлық мерекеде ұлттық спорт жарысына да кезек берілді. Арқан тарту, қазақша күрес, асық ойнау, тағы басқа ойындардан оза шапқан жастарға сый-сияпат көрсетілді. Құрбан айт мейрамында балалар да назардан тыс қалмады. Оларға балмұздақ пен тәттілер үлестіріп, мерекенің мол қуанышына бөледі. Айтулы мереке аудан өнерпаздарының Құрбан айт мерекесіне арналған концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы