Қарасай ауданына қарасты Іргелі ауылында орналасқан «Altyn Julduz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тапсырыс бойынша арнайы киімдер тігумен айналысып келеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндіріс көлемі 3,5 млрд теңгеге жетті. Ол жайлы бізге «Altyn Julduz» компаниялар бірлестігі құрылтайшыларының бірі Жанат Алтынғадысұлы мәлімдеді.
Осыдан 20 жыл бұрын жұмысын тігін өндірісінен бастаған кәсіпорын қарапайым күртешелер шығаруды жолға қойған. Ал 2006 жылы «Altyn Julduz» компаниялар бірлестігі өмірге келіп, кәсіпорын тендерлерге қатысып, құрылыс материалдары мен арнайы жабдықтар, жиһаз бөлшектерін жеткізумен айналысып, ауыл шаруашылығы саласында да еңбек ете бастаған.
Аталған кәсіпорын жеке қорғану құралдарын (СИЗ) шығаратын отандық бес компанияның қатарына кіріп, тапсырыс берушінің талабы бойынша арнайы логотиптер тігуді қолға алады. Сонымен қатар мұнда сахна шымылдығын, төсек-орын жабдықтарын, үйге қажетті мата өнімдерін даярлайтын тігін атальелері де жұмыс істейді. Ал Еңбекшіқазақ ауданы аумағында асыл тұқымды мал өсіретін шаруашылығы, Жамбыл ауданында жеміс өсіретін бау-бақшалары бар. Осылайша отандық өнімді арттыруға өз үлестерін қосуда.
Жаңа бизнесті бастау қашанда оңай болмаған. Тігін өндірісінің қыр-сырын меңгеру үшін Қытай мен Түркия елдеріндегі кәсіпорындар жұмысымен танысады. Содан кейін өндіріске керекті құрал-жабдықтар сатылып алынған. Алғашында фабрика Алматы қаласында орналасқан. Өндіріс өсе келе жер көлемін ұлғайту мәселесі туындап, 2016 жылы Қарасай ауданының Іргелі ауылына қоныс аударыпты. Күн өткен сайын жұмысын жандандыра отырып, еліміздегі іргелі кәсіпорынның біріне айналған. Өнімдері өздеріне тиесілі «GS» («Golden Star») бренді бойынша шығарылуда.
Жоғарыда айтқанымыздай, тігін фабикасы негізінен арнайы сырт жән аяқ киімдерін тігумен айналысады. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласының, ауыл шаруашылығының, қызмет көрсету жүйесінің, Ішкі істер органдарының және денсаулық сақтау саласының мамандарына арналған киімдер осы жерде тігіледі. Өз жұмыстарын сапалы әрі уақытылы орындайтын болғандықтан, тапсырыс көлемі күннен-күнге ұлғая түсуде. Фабрикада қажетті маталар мен бұлғарылардан бастап дайын өнімдердің сапасы мұқият тексеріліп отырады. Кәсіпорынның өз оқу орталығы да бар. Мұнда мамандар мен өндірістік тәжірибеден өтуге келген студенттер сырт киім мен аяқ киім тігудің қыр-сырын жетік меңгереді.
«Altyn Julduz» компаниялар бірлестігінің жетістіктерін мына цифрларға қарап та аңғаруға болады. Атап айтқанда, компанияда 4000 шаршы метр жерге өндірістік ғимараттар орналасса, қоймалар көлемі 9000 шаршы метрді алып жатыр. Кәсіпорын бір жылда 300 мыңнан аса арнайы киімдер тігіп, тапсыруда. Мұнда бүгіндері 200 адам еңбек етіп, 260 мың теңге көлемінде айлық жалақы белгіленген. Қазақстанның 10 облысында компанияның филиалдары құрылып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Ендеше, елімізде отандық өнім өндіруді жолға қойып, табыстарға қол жеткізіп келе жатқан компанияның жұмысы алға баса берсін дегіміз келеді.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы