Қонаев қалалық Мәдениет үйінде өңірдегі этнос өкілдерінің басын қосқан «Ел бірлігінің тұтастығын сақтау этносаралық келісімді нығайту» атты жиын өтті.
Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым қатысып, өңірдегі этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Нұрлан Ерғалиұлының айтуынша, бүгінде Алматы облысында 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Олардың әрқайсысының өзіндік мәдениеті, тілі мен дәстүрі бар. Сондықтан этносаралық келісім біздің қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны анық.
– Этносаралық қатынас – елдегі бірлік пен берекенің басты кілті. Қазақстанның этносаралық саясаттағы және қоғамдық келісімді дамытудағы ісі көп елге үлгі болуда. Бұл әсіресе Орталық Азиядағы елдер үшін аса маңызды. Қазақ халқы – мемлекет құраушы ұлт ретінде басқа да ұлттар мен ұлыстардың тілін, мәдениетін, тарихын сақтауына барлық жағдайды жасап отырған бірден-бір ел. Қоғамдағы бірлік өздігінен құрыла салатын дүние емес. Ол – тәрбие арқылы берілетін, күнделікті көзге көрінбейтін күрделі іс. Дәл осы міндетті атқарып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі айрықша, – деді Нұрлан Ерғалиұлы.
Жиында ел бірлігінің тұтастығы мен этносаралық келісім негізінде құзырлы органдардың жасап жатқан жұмысы баяндалды. Бұл орайда облыс прокурорының бірінші орынбасары Дамир Қатаев, облыстық полиция басқармасының басшысы Бауыржан Әленов сөз алып, жергілікті әкімдіктермен бірлесе атқарылып жатқан істерге тоқталды. Ал облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Зоя Магамадова бейбітшілік пен келісімді нығайту барысында облыс көлемінде жүзеге асып жатқан шаралар, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, өңірдегі саяси ахуал жайын сөз етіп, көпшілікті болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру жолында аянбай еңбек етуге шақырды.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы