Алланың пендесіне өлшеп берген ғұмырының таусылар шағы біреуге ерте, біреуге кеш келері анық. Қазақ халқы бұл дүниенің жалған, о дүниенің хақ екенін жақсы біледі. Солай бола тұра, өзіне жамандық жасаған жанды өкпеге қиғанымен, өлімге қимайтыны бар. Өлім тұрмақ, өкпеге де қимайтын жандар аз емес. Соның бірі Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылының жұртшылығы ерекше қастерлеп, қадірлейтін, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат Жұмахан Қожамқұлов еді. Әрдайым игілікті істердің ұйытқысы болып, парасат-пайымымен жұртты сүйсіндіре білген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қонаев қаласының Құрметті азаматы атанған жанның дүниеден озғанына да 40 күннің жүзі болыпты.
Жұмақан Нұрлыбайұлы 1962 жылы 5 сәуірде Шеңгелді ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін екі жыл кеңшарда жұмыс істеген. Талдықорған қаласындағы педагогикалық институттың орыс тілі мен әдебиеті факулътетін бітірген. Кеңес армиясы қатарында Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келген соң Шеңгелді ауылындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек жолын бастап, осы білім ордасында 30 жыл бойы өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатады.
Жұмақан – ұстаздық пен жазушылықты қатар алып жүрген қаламгер. Студент кезінде Көксу аудандық «Еңбек туы», Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеттерінде мақалалары жарияланған. Кейін мектепке жұмысқа орналасқаннан кейін де жазғандары түрлі деңгейдегі басылымдарда жарық көріп жүрді. «Жетісу» газетінің тұрақты авторының бірі болды. Белгілі жазушы Мұхтар Мағауин Жұмаханның төрт шығармасын жоғары бағалаған.
1999 жылы «Ескерткіш» атты тұңғыш кітабы баспадан шықты. Одан кейін «Аманат», «Қияда қалған жұлдыздар», «Ұлыстың Ұлы Бөлегі», «Бабалар ізі жаңғырды», «Өрісі кең өнегелі өмір», «Бабалар еліне саяхат», «Тарих Іле – шежірелі Шеңгелді», «Аманат», «Беу, Жетісу, жерім-ай», «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпағы», «Шежіре. Жалайыр. Балғалы» деген шығармалары оқырманға жол тартты. Бұл оның он жылдан астам уақыт мұрағатта тапжылмай отырған ізденісінің жемісі болатын.
Қазақта адам бойындағы асыл қасиеттердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын тектілік дейді. Ұлағаттылықты бойына сіңірген Жұмаханның арғы аталары би болған. Өз атасы Қожамқұл би Кеңес өкіметінің кәмпескелеу науқаны кезінде мал-мүлкі тәркіленіп, Ресейге жер аударылған. Оның балалары да қуғын-сүргіннің құрбанына айналған. Ол кезде әкесі Нұрлыбай 13 жасар бола болған.
Текті әулеттің тұяғы Жұмақан ғибратты ғұмырында отбасының тірегі, халқының ұлы бола білді. Марқұмның Жолбарыс, Ескелді, Балпық билер мен Райымбек пен Өтегендей батырлар және тағы басқа тарихи тұлғалар жайлы жазған еңбектерін ұлт руханиятына қосқан үлесі десек, артық айтқандық болмас. Қадырғали Жалайыр туралы алғашқылардың бірі болып биік мінберлерден мәселе көтерген. 2001 жылы Қазақ Ғылым академиясында өткен ғылыми конференцияда Қадырғали Жалайыр есімін өзі қызмет атқаратын мектепке беру туралы ұсыныс жасайды. Арада біршама уақыт өткенде оның ұсынысы ақыры өз нәтижесін беріп, Шеңгелді ауылындағы №6 орта мектеп Қадырғали Жалайырдың есімін еншілейді. Бастаған ісін соңына дейін жеткізген ол Қадырғали Жалайыр туралы «Қияда қалған жұлдыздар» атты кітап жазып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленеді. Шеңгелдінің мектебіне тарихи тұлғаның есімі берілуі мен сол мектептен мұражайдың ашылуына ықпал еткен азаматтың «Бөлек би» қорының құрылуына қосқан үлесі айтарлықтай. Бөлек бидің ескерткішінің орнатылуына орай «Ұлыстың ұлы Бөлігі» атты тарихи туындысы жарық көрген. Қордың алғашқы директоры да өзі болады. Оның осындай игі істерне ауыл жұртшылығы ұстазға дән риза болып, әрдайым қолдау көрсеткен.
Қаламгер-ұстаз қасиетті Мекке, Мәдинаға сапар шегіп келген. Сонымен қатар бірнеше елге іссапармен барып, тарихи тұлғалар жайлы дерек жинап, мол мағлұматқа қанығып қайтқан.
Өмірі өнегемен өрілген ұстаз, ұрпаққа ұлағатты өмір үлгісін қалдырған қарымды қаламгер 2018 жылы Астана қаласында өткен өлкетанушылар съезінде «Үздік өлкетанушы» төсбелгісін кеудесіне тағып, Мемлекет басшысының Грамотасын иеленген.
Өткен ғұмыры ұрпаққа үлгі-өнеге болатын асыл азаматтың алға қойған арман-мақсаты биік болатын. Көп арманы өзімен бірге кетті. Алайда пенденің ойлағаны емес, Алланың дегені болды. Ендігі жерде Шеңгелді аймағының біртуар перзентіне ағайын-туыстары мен көзкөргендердің оның рухына дұға бағыштағаннан басқа қолдан келер қайран қыла алмайды.
Айжарық Көптілеуов