Алматы облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ракеш Байжұматовтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірдегі 136 елдімекен газдандырылған. Яғни, 1 миллионнан аса тұрғын көгілдір отынға қол жеткізген.
«Облысымыздағы 279 елді мекен газдандыруға жатады. Газбен қамтамасыз ету және газдандыруды дамыту саласын жүзеге асыру үшін биыл 7 ауданда 38 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, іске асырылуда. Онымен қоса, 20 мыңнан астам тұрғыны бар 23 елдімекен бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыруды аяқтау жоспарланып жатыр. Биыл 14 елдімекенге газ пайдалануға берілмек», – дейді Ракеш Байжұматов.
Сонымен қатар, Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов пен Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақпаев аудандағы газдандыру жұмыстары туралы баяндады.
«Балқаш ауданына қарасты Бақанас, Бақбақты, Миялы, Бірлік ауылдарындағы 558 тұрғын үйге газ қосылған. Қазіргі таңда Бояулы ауылы газға қосылуға дайын. Ақдала ауылы бойынша ішкі газ құбырларына қатардағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін Бақанас, Ақдала, Бақбақты, Бірлік, Миялы, Бояулы ауылдарында 1730 үйді газға қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ 2 әкімшілік нысанға, 1 мешітке, 3 денсаулық сақтау нысандарына газ желісі тартылған», – дейді Азат Құтпанбетов.
Ал Талғар ауданы бойынша 47 елдімекеннің 32-і газдандырылған. Яғни, 69,6% табиғи газбен қамтылған.