Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов «Жылу орталығы» ШЖҚ МКК-нің қысқы маусымға дайындығын тексерді. Мекеме басшысы Оңғарбек Махамбетовтің сөзінше, қазіргі таңда №2 және №4 қазандық ағымдағы жөндеуден өтуде. Сондай-ақ су жылытқыш №9 қазандығы тексерілуде.
«Жылыту маусымында 275 көппәтерлі үй мен 648 жеке үйді жылумен қамтамасыз етеміз. Кәсіпорында 6 бу, 4 су жылытқыш қазандық орналасқан. Бүгінде орта мектеп-гимназиясы мен аурухана қалашығының жылу желілерінде жөндеу жүріп жатыр», – деді мекеме директоры. Сонымен қатар ол жаңа нысандар мен тұрғын үйлер қолданысқа берілгенде жылу жеткілікті болуы үшін кәсіпорынды үлкейту көзделіп отырғанын айтты.
«Бұған дейін жасалған жобаға өзгерістер енгізу керек болса, солай жасаңыздар. Кейіннен жылуға қатысы бар мекемелердің барлығын жинап, жоспарды талқылайық. Қысқы маусым қалыпты өтуі үшін жағдайды қазірден бақылауда ұстаңыздар», – деп тапсырды Асхат Бердіханов. Еске сала кетер болсақ, елімізде жылыту маусымы 15 қазаннан 15 сәуірге дейін жалғасады.
Ақерке Жұмағазықызы
Қонаев қаласы