Жақында ғана облысымызда суға шомылу маусымы ашылды. Жаздың ыстық үш айында адамдар салқындау, демалу мақсатында көлге, өзенге тағы басқа су қоймаларына шомылуға барады. Алайда қауіпсіздік ережелерін елемеген азаматтар тек өздерінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіреді. Оның салдары құтқарушылардың жұмыс жүктемесін ауырлата түседі. Шілденің шіліңгір ыстығында су айдындарында оқыс жағдайлардың жиі орын алуы төтенше жағдайлар қызметі мамандарын алаңдатады. Сол үшін облыстық төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары азаматтарды шомылуға барған кезде жазатайым оқиғалардан сақ болу мақсатында қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырып отыр.
Бүгінде облыс әкімдігі, биылғы шомылу маусымы кезеңінде демалушылардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін өткізуде. Атап айтқанда, облыстың мүдделі қызметтерімен бірлесіп, «2024 жылғы шомылу маусымы кезеңінде облыс су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары» бекітілген. Облыстық төтенше жағдайлар қызметі жоспар негізінде суда адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында алдын-алу жұмыстарын жүргізіп, күн сайын азаматтық қорғау органдары мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен рейдтер және патрульдеу шараларын жүзеге асыруда.
– Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығын дамытудың кешенді жоспарында 2024 жылдан 2026 жылға дейін ТЖ департаментінің құтқару стансасы мен 4 мобильді құтқару бекетінің құрылысы қарастырылған. Бүгінгі таңда құтқару бөлімшесі үшін модульдік үй құрылысына жергілікті бюджеттен 311 млн теңге бөлінді. Су айдындарындағы оқиғаларға жедел әрекет ету үшін 30 жүзу құралы және 45 бірлік сүңгуір жабдығы дайындалды. Демалыс базалары мен балалар лагерлері орналасқан су айдыны учаскесінің түбін тексеру және тазарту жұмыстары жүргізіліп, 75 учаске зерттелді. Департаменттің құтқару бөлімшесі базасында тұрақты негізде облыстың коммуналдық және жеке жағажайларының қоғамдық құтқарушыларын оқыту жүргізіледі. Жалпы, облыстың су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері тұрақты бақылауда, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Дидар Асқарбекұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше, кешенді іс-шараларды өткізу нәтижесінде өткен жылы 2022 жылмен салыстырғанда судағы адам өлімің саны 24 пайызға азайған. Оның ішінде балалар өлімі 71 пайызға төмендеген. Мәселен, 2024 жылдың басынан бері облыстың су айдындарында адам өлім дерегі тіркелмеген. 2023 жылдың осындай кезеңінде 4 адам қаза тауыпты. Жалпы, судағы қайғылы жағдайлардың негізгі себебі – азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін бұзуынан немесе тыйым салынған аумақтарда шомылуынан орын алады. Сондықтан қауіпсіздік ережелері құзырлы органдар тарапынан қатаң қадағаланады. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, биылғы 6 айда облыс су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 25 жеке тұлғаға 382 мың теңгеге жуық айыппұл салынған.
Су айдындарындағы қауіпсіздік қызметін құтқарушыларсыз елестету мүмкін емес. Ажалмен бетпе-бет келетін мамандық иелері аз емес. Солардың бірі – құтқарушы-сүңгуірлер. Су астындағы тіршілікті көзбен көретіндердің негізгі міндеті әсемдікке тамсану емес, тілсіз жаудан тірі жанды аман алып қалу. Қиындыққа қарамастан, олар зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсетеді. Алайда құтқарушылар бұл ауыр да абыройлы жұмысымен жар салып, мақтандайды.
Төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Батыл мамандар елдің кез-келген жеріне жедел көмекке келуге дайын. Адам өміріне қауіп төнген уақытта еш кідіруге болмайды. Сондықтан да бұл қызметтің жүгін ержүрек те қайсар адамдар ғана көтере алады. Талай жанды өлімнен арашалап, өмірін жалғаған кәсіби құтықарушылардың бірі – Жандос Маратұлы. Бүгінде ол облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қарамағындағы «Жедел құтқару жасағының» кезекшілік-диспетчерлік бөлімшесінің басшысы. Өзінің өмірін қатерге тігіп, өзгені құтқаратын арда азаматтың бұл қызметке келгеніне 5 жылға жуықтаған. Ол аталған жұмыс орнында 2019 жылдан бері қызмет етіп келеді.
– Күн сайын сан түрлі қоңыраулар келіп түседі. Қар көшкіні кезінде, зиянды заттармен уланған жағдайда немесе су айдында күтпеген іске тап болғанда тұрғындар біздің көмегімізге жүгінеді. Құтқарушылар әрбір қысылтаяң сәттің артында адам және оның өмірі тұратынын біледі. Құтқарушы болу үшін жүрек керек. Өйткені біздің жұмыста ауыр да көтересің, төбеден жіппен де секіріп түсесің, қанды да, өлімді де көресің, алғашқы көмек те көрсетесің. Сондықтан бұл ер адамдардың атқаратын жұмысы және оған ер мінезді адамдар ғана шыдай алады, – дейді құтқарушы.
Асау толқынмен алысу, ағысы қатты суға қарсы жүзу, дамылсыз қозғалыс Жандос Маратұлының қызметтегі әр қадамын сипаттап тұрғандай. Расында, тұңғиығына дейін тұнық көрінген судан ажал құшатындар мен қарманып барып, таласып-талып қалыпты өміріне қайта оралатындар бар, алайда, мыңдаған тереңдіктен қайтадан су бетіне шығуға сүңгуірлердің көмегі керек екені сөзсіз. Жандос Маратұлының айтуынша, жыл сайын мектептерде, өндірісте, жағалау демалысын ұйымдастыратын компаниялармен профилактикалық жұмыс белсенді түрде жүргізіледі. Дегенмен, адамдар қауіпсіздік шараларын елемей, тыйым салу белгілері қойылған жерде демалады және оны мақтан етеді. Ең жаманы, суға түсер алдында алкоголь ішетін адамдар кездеседі. Бұл – жазатайым оқиғалардың негізгі себептерінің бірі. Шомылуға келгендер кейде балаларды мүлдем қараусыз қалдырады. Көзден тасада қалған балдырғандар көбінде жағалаудан алыстап, терең иірімдер мен дүлей толқындардың құшағында кетеді екен.
– Біз, әрине, балаларды құтқаруға барымызды саламыз. Ондай жағдай әр жазғы маусымда болып тұрады. Олар матрацтар мен катамарандарға мініп жалғыз жүзіп кетеді, біз олардың соңынан қуамыз. Перзенттерін жалғыз қалдыру – ата-аналардың үлкен қателігі. Олар бала емес пе? Қызық қуып, толқын қуалап кете береді. Соңы ауыр жағдайға апарады. Баланы жоғалту –ең ауыр қасірет, – деген құтқарушы осы арада сөзін жалғамастан терең күрсінді. Шынымен де, олар кейде адамды ажалдан аман алып қалуға дәрменсіз болады. Осыдан-ақ құтқарушылардың жүйкесі мен жүрегіне түсер жүктің салмағын сезіне беріңіз. Кейбір жандардың өлім алдындағы арпалысы көз алдында, құлындай шырқыраған дауыстар құлағында қалып кетер деген ойға қаласың.
Көбінде құтқарушылар дабыл даусын естісімен көмектесуге ұмтылады. Жылдамдық пен кәсіби біліктіліктің арқасында олар қатерге тап болғандарды қауіптен арашалап алады. Суға батып бара жатқан жанды қас-қағым сәтте, санаулы секундтарда құтқарып қалу, суға кеткен адамды түбі көрінбейтін бірнеше метрлік тереңдіктен іздеу, бойыңдағы қорқыныш пен үрейді жеңіп, денені тауып, алып шығу – бұл екінің бірі, егіздің сыңары батылы жетіп атқара бермейтін іс.
– Үш жыл бұрын болған мына бір оқиға қазіргідей есімде. Суға батып бара жатқан әйелді құтқарып, жағаға алып шықтық. Қаны қашып, өне бойы сіресіп қалған жанға бірден медициналық көмек көрсеттік. Сәлден соң ол тыныс алып, өшкіндеген жанарына нұр пайда бола бастады. Біз сол сәтте оның ауыраяқ екенін байқадық. Міне солай екі жан иесін аман алып қалдық деп есіміз шыға қуандық. Иә мұндай жағдайлар көп кездеседі. Ол кезде арқамыздан жүк түскендей жеңілдеп қаламыз, – дейді Жандос Маратұлы.
Құтқарушы алғаш рет суға сүңгіген сәтті өте ыңғайсыз әрі су астын қараңғы сезініпті. Сүңгуірлер, су астына түспес бұрын, әдетте, арнайы киімнен бөлек, арқасына оттегі толтырылған баллон байлайды. Тереңдікке кедергісіз бойлау үшін ондаған келі тартатын темірлерді де беліне тағуы тиіс. Қысқасы, құтқарушымыз іздестіру жұмыстарына кіріскен кезде өз салмағынан бөлек 30 келі жүкпен суға сүңгиді. Жандос Маратұлы жетекшілік ететін топ құтқарумен қатар кейде іздестіру жұмыстарына білек сыбана кіріседі. Іздестіру жұмыстары кезінде сүңгуірлер өзара бір-бірімен белгілер арқылы сөйлеседі екен. Ал тереңдіктен судың бетіне бірдеңе айту үшін сүңгуір ұшын пайдаланады.
– Бұл жұмыста сіз өзіңіздің қабілетіңізге сенімді болуыңыз керек. Бірақ, ең алдымен, сіз өзіңіздің серіктесіңізге сенуіңіз керек. Бірақ, ең алдымен, серіктестігіңізге сенуіңіз керек. Себебі сіз су астында болған кезде, сіздің өміріңіз оның қолында. Су астындағы адамның өмірі үшін оның серіктесі жауапты болады, – дейді құтқарушы.
Кәсіби маман суда шомылудың қауіпсіздік шараларын ескеріп, шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алу керектігін айтты. Оның сөзінше, тамақ ішкеннен кейін бірден шомылуға болмайды екен. Сонымен қоса, тек қана рұқсат етілген жерлер мен жағажайларда шомылу қажет. Өте ұзақ шомылуға, суға түскенде бір-біріңізді көзден таса қылуға, қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шығуға болмайды.
Ол өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін үлкен жауапкершілікпен атқарады. Кәсіби деңгейін үнемі жетілдіріп, алған білімін күнделікті жұмысында ұтымды пайдалана біледі. Көпшіл, бауырмал Жандос әріптестерінің арасында үлкен сыйға ие. Бүгінгінің көзсіз батырының бар болмысы осындай.
Ерзат Асыл,
Қонаев қаласы