Асқар тау алыстан айбынды көрінеді. Қар басқан шыңына қараған жан жүрегіне жігер алады. Сол секілді әр әулеттің биік шыңы, асқаралы тұлғасы болады. Өмірдің сан соқпағынан сүрінбей өткен, еңбегі елге өнеге, жүрген жолы ұрпаққа ұлағат әкеміз Нұрлан Әкімбайұлы – сондай асылдардың бірі. Иә, асқар тауымыз бүгінде елдің тірегі, әулетіміздің жүрегі. Соғыстың сұрапыл жылдарынан кейін дүниеге келіп, жоқшылық пен тоқшылықты қатар көріп, еңбек пен спорттың шыңында шыңдалған ол бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты. Шәкірт тәрбиелеп, елдің намысын қорғап, ұрпағын өрге жетелеген ұлағатты ұстаз, сайыпқыран спортшы, ардақты әке, сүйікті ата – Нұрлан Әкімбайұлының ғұмыр жолы тұтас бір дәуірдің айнасы.
Әкеміз 1945 жылдың 16 қыркүйегінде Алматы облысы Райымбек ауданының әйгілі Шалкөде жайлауы, Жайдақбұлақ қонысында дүние есігін ашқан. Жаңа ғана туған сәбидің дауысы көк аспанды жаңғыртып, майданнан шаршаған елдің жүрегіне үміт сәулесін сыйлаған сәт те сол еді. Олай дейтініміз, Екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынында бір қолынан жарақат алып, елге мүгедек болып оралған атамыз Әкімбай Құдабайұлы ұлымен шаттанып, мерейі таси түсті. Тылдың азабын тартқан ардагер, ауыр бейнеттің бел ортасында жүрген қайсар ана, әжеміз Әртай Баяқынқызының да шарапаты еселенген сәт сол болды. Соғыстан кейінгі елдің тұрмысы жүдеу, өмірдің өзі жанталасқа, күреске толы болатын. Бірақ сол жоқшылықтың ішінде әкеміз Нұрлан сәби күнінен зеректігімен көзге түсті. Әке-шешесі оны бауырларына қамқор, шаңыраққа сүйеу болсын деп үміт артты.
1952 жылы әкеміз Нұрлан Әкімбайұлы алғаш мектеп табалдырығын аттаған екен. Ол кезде ауылда орыс-қазақ аралас мектеп болатын. Әуелде төрт жылдық білім алып, кейін С.Киров атындағы мектепке барып оқуын жалғастырған. Бірақ соғыс салған ауыр тұрмыс, күнделікті еңбек пен үйдің шаруасы әкемізге оқуды толық жалғастыруға мүмкіндік бермепті. Әкесіне қолғанат болып, отын тасып, мал бағып, шөп шауып, күнделікті тіршілікке араласты. Дегенмен зеректігі мен алғырлығының арқасында 1962 жылы он жылдық мектепті тәмамдаған. Ата-анадан көрген тәлім оның бойына еңбекқорлық пен қайсарлықты сіңірді. Әкесінің қолына ілесе жүріп, жазғы-күзгі науқандық жұмыстарды атқарды. Қой қырқу, шөп шабу, соқа айдау, жылқы күзеу, бие байлау – бәрі де Нұрланның жастық шағындағы еңбек мектебі болды.
Әкеміз 1964 жылдың 4 желтоқсанында әскер қатарына шақырылып, Новосибирск қаласына жол тартады. Ол Кеңес әскерінің «Ракетный войска» құрамында үш жыл бойы Отан алдындағы борышын өтеп, спортқа деген құштарлығы оянып, шыңдала түседі. Күш атасы атанып, балуандық өнерімен көзге түсіп, алғаш рет еркін күрестен спорт шеберіне үміткер атанады. 1967 жылы еліне оралған соң, туған жеріндегі қарапайым еңбекке кірісіп, ұжымшардың жұмысына белсене араласты. Шаруашылықпен қоса спорттан да ешқашан қол үзбей, қатар алып жүрді. Еңбекпен шыңдалған дене, намысқа толы жүрек оны әр жарыста жүлделі етіп, тек қана алға сүйреді. 1969 жылдың желтоқсан айының 30-ында Нұрлан Әкімбайұлы өз өмірлік қосағын тапты. Сара Әбілмажынқызымен отау құрып, үлкен әулеттің іргесін қалады. Анамыз бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етті. Екеуінің тату-тәтті шаңырағы бүгінде үлгілі әулетке айналды. 1970-жылдардың ортасында Нұрлан Әкімбайұлы аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, елдің намысын қорғады. 1975 жылы Алматы қаласында Кеңес одағының батыры Сұлтан Баймағанбетовтің жүлдесіне өткен жарыста ол спорт шебері атағын иеленді. Бұл жеңіс оның өміріндегі үлкен белес еді. Дәл осы тұста Талас ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі жетіспей жатты. Нұрланның спорттағы беделі мен білігін ескерген аудан басшылығы оны мектепке мұғалім етіп тағайындады. Осылайша, ол ұстаздық жолға түсті.
Мектептегі алғашқы күннен бастап балаларды спортқа баулып, олардың бойына шыдамдылық пен қайсарлықты сіңірді. Шағын ғана ауылдан талай чемпионды тәрбиелеп шығарды. Еркін күрес, қазақша күрес, бокс, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, гимнастика – қай спорт түрінен болсын шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінді. Жаркент педагогикалық училищесін сырттай оқып, 1979 жылы диплом алды. Осылайша, ол тек тәжірибелі спортшы ғана емес, кәсіби ұстаз ретінде де мойындалды. Тәлім алған шәкірттері де талай белесті бағындырып, ұлағатты ұстаздың еңбегін еш етпеді. Күрестен Қанатбек Шоқабаев, Болат Османов, Бағжан Құдабаев, Ержан Дабыров, Айдар Байғазин, Нұртай Сәрсенбаевтар республика деңгейіндегі чемпиондар атанса, Ленс Сейдалиев, Ерлан Жүнісбеков, Ержан Сәрсенбаев, Нұртас Әкімбаев облыстағы додаларда дес бермеді. Жеңіл атлетикада Күлдария Кенжебайқызы мен Бексұлтан Ауғалықұлы, бокстан Бекболат Дадайбеков республика чемпионы атанды. Міне, аталмыш шәкірттері мықты маманның мерейін өсіріп, еңбегін еледі. Нәтижесінде Нұрлан Әкімбайұлы 1989 жылы «Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 2000 жылы «Райымбек ауданының Құрметті азаматы» атағымен, 2007 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен, 2023 жылы ақындық өнері мен шығармашылық жолы үшін Мұқағали Мақатаев атындағы төсбелгімен марапатталды. Өмірінің 33 жылын ұстаздық пен жаттықтыруға арнап, 2008 жылы абыроймен зейнетке шықты.
Әкеміз Нұрлан Әкімбайұлы жары Сара Әбілмажынқызымен бірге төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірді. Балаларын оқытып, тоқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Бүгінгі таңда барлығы өз мамандығының шыңына жетіп, әке-шешенің үмітін ақтап отыр. Үлкен қызы Роза Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылы, Қ.Әбдіғұлов атындағы №33 мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
Екінші қызы Мәншүк Еңбекшіқазақ ауданы Рахат ауылы, Рахат орта мектебінде химия-биология пәнінен оқытады. Үшінші қызы Әлия Алматы қаласындағы №54 жалпы білім беретін орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Үш қызы ұстаздық ұлық жолды таңдап, қызмет етсе, төртіншісі Мәнсия 1999 жылы 22 жасында өмірден өтті. «Орнында бар оңалар» демекші, марқұм Мәнсияның артында ата жолын жалғап, спортқа құмар Ақнұр есімді ұл қалды. Әкеміздің үлкен ұлы Нұртас әке жолын жалғап, Кеген ауданы Жалағаш спорт мектебінде жаттықтырушы болып еңбек етсе, кішісі Жантас дәрігер мамандығын меңгеріп, Жетісу облысындағы «Күншуақ» балаларды оңалту орталығының басшысы болып қызмет атқарады. Шежіренің шыңы болып, сексен жасқа толып, ғибратты ғұбыр сүрген әкеміздің немерелерінің барлығы да жоғары білімді. Тәрбиесі мен тәлімін төрге оздырған балғындардың арасында атасының жолын жалғап, спорт қуалап, додаларда Көк байрағымызды желбіретіп жүргендері де жетерлік. Үлкен немересі Ақнұр ауыр атлетика – пауэрлифтинг спортынан спорт шеберіне үміткер болса, ұлы Жантастан тараған төрт немересі де спортты серік еткендер. Гүлжиян Алматы қаласындағы «Қиял» спорт клубында мәнерлеп сырғанау спорты бойынша спорт шеберіне үміткер. Еңлік пен Үміт Талғар қаласындағы «Айсұлу» гимнастика мектебінде көркем гимнастикадан спорт шеберіне үміткер болып отыр. Жантастың кенжесі Заманбек Балалар спорт мектебінде дзюдо спортымен айналысады.
Қартайдым-ау деп айтпағын,
қартайдым,
Еркесі едің Әкімбай мен Әртайдың.
Өмір бойы шешемізбен жарасып,
Күнде жаңар шыңдарындай
Алтайдың.
Құтты болсын туған күнің бүгінгі,
Өмір бойы қисайтпағын тігіңді.
Өмір бойы ісің алға бастасын,
Тілейміз тек сізге биік тұғырды.
Адалдық, адамдықты даралаған,
Еш жанға қабақ шытып қарамаған.
Әкеміздің орны бөлек, өте биік,
Әр сәтін адалдықпен бағалаған.
Адал мейір, асқақ пейіл адамы,
Сол үшін де құрметті де бағалы.
Пәктік пенен ізгіліктің иесі,
Ал көңілі еш кіршіксіз даралы.
Әкімбай әулеті
