Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы-публицист, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы деректі проза кеңесінің төрағасы, Ж. Жабаев атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстан педагогикалық ғылым академиясының академигі, профессор Марат Тоқашбаевтың «Уақыт жебесі» атты бестомдығы жарық көрді. Жаңа кітаптардың тұсаукесері Алматыдағы Достық үйінде салтанатпен аталып өтті. Жиынды Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов ашып, жүргізіп отырды.
Қаламгердің 75 жасқа толған мерейтойына орай өткен тағылымды кездесу «Суреттер сөйлейді» атты фотокөрмеден басталды. Мұнда шығармашылық іссапарлары кезінде автордың көзімен көріп, обьективіне іліккен фотосуреттері қойылған. Тұсаукесер рәсімінде мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаттары тапсырылды.
Жиында Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, ғылым докторы, академик Ұлықпан Сыдық, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов, тарих ғылымдарының кандидаты Әлімғазы Дәулетхан, «Өлке тынысы» ЖШС директоры, белгілі ақын Кәдірбек Құныпияұлы, журналист, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбай, Қазақстанның Еңбек Ері, ардақты ұстаз Аягүл Миразова, Қазақстанның халық әртісі Алмахан Кенжебекова, Алматы облысының Құрметті азаматы Елеусіз Сұлтанғазиев және Алматы стоматология колледжінің директоры, профессор Сәуірбек Рузуддиновтар сөз алып, Марат Байділдаұлының жарты ғасырдан астам ұлт баспасөзі мен қазақ руханиятының жандануы жолында қалтқысыз қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етті. Көрнекті қаламгердің «Білім және еңбек» журналында, «Халық Кеңесі» газетінде жемісті жұмыс істегенін, «Заң газеті», «Қазақстан» телеарнасы, «Қазақстан-ZAMAN», «Президент және Халық» сияқты бұқаралық ақпарат құралдарына басшылық жасағанын жұртшылық жақсы біледі. Осы жылдар арасында көркем-әдеби, қоғамдық-саяси, этнографиялық тақырыптарда 20-дан астам кітаптары жарық көрді.
Жазушы-публицист қоғам өміріндегі оқиғалар мен құбылыстарға үнемі үн қосып, шешімін күткен мәселелерді өткір жазудан жаңылған емес. Ал таныстырылымы болған «Уақыт жебесі» бестомдығына кіретін «Ұлт мұраты – ұлттық мемлекет» атты кітабы қоғамдық-саяси мәселелерге арналса, «Тұғыры биік тұлғалар» эсселер мен очерктерден құралған. «Алапат соғыс ақиқаты» томы кешегі Ұлы Отан соғысының бізге беймәлім тұстарын әшкерелеуді мақсат тұтқан. Содан кейінгі «Диалогтар дүбірі» қаламгер жасаған сұхбаттардан сыр шертсе, «Отбасылық өрнек» атты бесінші томы аты айтып тұрғандай, отбасылық құндылықтарды сөз етіп, дін туралы түсінік-толғауларын біріктіреді.
Марат Тоқашбаевтың мерейтойлық кешіне жиналған жұртшылық қаламгердің сан қырлы еңбек және шығармашылық жолымен танысып, соңынан мерекелік дастарханнан дәм татысып тарқады.
Қуат Қайранбаев