Ұзынағаш ауылында орналасқан даңқты қолбасшы, Халық батыры Бауыржан Момышұлы атындағы 28237 әскери бөлімінде сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары, етжақындары қатысып, мерейлі сәтке куә болды.
Әскери міндетін атқаруға биылғы көктемде шақырылған бозбалалар еліміздің әр өңірінен келген. Қарулы күштер қатарына қосылғандар осыған дейін бір ай көлемінде әскери өмірге бейімделіп, саптық жүріс пен әскери іске машықтанды. Алғашқы дайындықтан өткен сайдың тасындай сарбаздар Отан алдындағы борышын осында, яғни Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Бауыржаншылар» атанып кеткен құтқарушылар полкінде өтейді.
Ант қабылдау рәсімінде әскери бөлім командирінің міндетін уақытша атқарушы подполковник Е.Усаев, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары полковник А.Советов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары полковник Б.Қалиев және аудан әкімінің орынбасары Ақниет Туматаев құттықтау сөздерін арнады. Бұл Отан қорғаушылардың әрбірінің өміріндегі ұмытылмас сәт, маңызды қадам екенін еске салды.
Сарбаз болып сапқа тұрып, Отан алдында ант берген өрендерге ата-аналары да тілектерін айтып, ел тыныштығын күзету абыройлы іс екенін жеткізді. Шара барысында жас жауынгерлер қарумен дефиле, ал кинологиялық қызметтік итпен жаттығулар көрсетті.
Ант қабылдаумен бірге жауынгерлердің жауапкершілігі де артып, өздерін толыққанды әскери қызметші ретінде сезінгені анық. Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы әскери бөлімнің жеке құрамының қатарын толықтырғандарға расымен де маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Олар алдағы уақытта азаматтық қорғаныс саласында республика көлеміндегі төтенше жағдайлардың салдарын жою және апат болған жерлерде құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша түрлі тапсырмаларды орындайтын болады. Әрине, оқыс жағдайдың бетін әрі қылсын дейміз, дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, қамданған қапы қалмайды.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы