Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы Жақсылық Үшкеміров атындағы спорт кешенінде кикбокстан əлем кубогының иегері, Еуропаның ек дүркін чемпионы Елмұрат Қайыпжановтың жүлдесі үшін бокстан 2010-2011 жылғы кіші жөсөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.
Қазақ спортына еңбек сіңірген қайраткер Елмұрат Қайыпжановтың құрметіне арналған жарысқа еліміздің әр аймағынан және Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген 100-ге жуық жасөспірім боксшы 15 салмақ дәрежесінде бақ сынасты.
ҚР Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Мұхиддинов пен бірқатар КСРО және Қазақстан чемпионы атанған спорт майталмандары қонақ болып, жас боксшылардың өнерін тамашалады.
– Турнирге қатысқан жасөспірімдердің арасынан талантты боксшылар өсіп шығады деген ойдамын. Шеберлігінрін көріп, көңіліміз марқайды. Спортшыны шыңдайтын – жарыс. Мұндай турнирлердің ауылдық жерде жиі өтуі таланттардың тұма бұлағын ашуға септігін тигізеді. Елмұрат та осы ауылда өсіп, кейін туабітті дарыны мен талмай талпынудың арқасында талай биікті бағындырды. Спортта айтарлықтай жетістікке жетті. Бүгінгі жарысқа қатысқан балаларға əйгілі спортшының жолын берсін, – деді Ерғали Мұхиддинов.
Е.Қайыпжановтың жүлдесіне арналған турнир осымен алтыншы мәрте өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылар аталған спорт додасының жылдан-жылға деңгейі көтеріліп келе жатқандығын тілдеріне тиек етті.
– Бұл турнирге облыстық жарыстарда топ жарған, республикалық былғары қолғап додаларында жүлде алған спортшылар қатысты. Жарыс барысында қатысушылардың тактикалық және техникалық тұрғыдан өскендігі бірден байқалды. Бүгін осы жерде жеңіске жеткен жасөспірімдер ертең республикалық және құрлықтық біріншіліктерде өз мықтылығын дәлелдей алатындығына сенімдімін, – деді халықаралық дәрежедегі төреші Медет Өмішов.
Тартысқа толы өткен турнирдің чемпиондары «спорт шеберлігіне үміткер» атағын алды. Одан бөлек жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен демеушілер ұсынған бағалы сыйлықтар тарту етілді.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы