Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматының символы саналатын апорт алмасын жаңғырту жөнінде арнайы тапсырма беріп, қазір ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол қалай атқарылуда? Апорт бақтарының азайып кетуіне, сапасының төмендеуіне қандай жағдайлар әсер етті? Алманың бұл түрін жаңғырту үшін не істелініп жатыр? Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Талғар аймақтық филиалының директоры, Алматы апортын жаңғырту бойынша ғылыми диссертация қорғаған PhD докторы Сағи Солтанбеков мырзаға жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Сағи Сайранұлы, бір кездері кез келген отандасымыз, тіпті шетелдіктер де апорт десе – Алматыны, Алматы десе – апортты алдымен естеріне алғаны анық. Өкінішке қарай, қазір олай емес. Өйткені біріншіден, бұрынғыдай апорт алмасы жоқ, бар болса да, дәмі тіл үйірмейді. Екіншіден, танауыңды қытықтап, тынысыңды кеңейтетін хош иісі де өзгерген. Ғалым ретінде бұған не айтар едіңіз?
– Ойыңыз өте орынды. Шынында да әсем де алып Алматының атын әлемге жайған мақтаныштарымыздың бірі – апорт алмасы екені даусыз. Алматы десе, алдымен апорт есімізге түсіп, көз алдымызға қанқызыл түсті, хош иісті, дәу алмалар келетіні де рас. Тіпті Алматыны қыдырып қайтқан кез келген жанның отбасына, ағайын-туысына, дос-жарандарына алып баратын басты базарлығы да осы апорт алмасы болатын. Алайда соңғы ширек ғасырда оның кезінде жер жарған даңқы түсіп кеткені көпшілікті қынжылтады. Әдетте үлкендігі балуан жігіттің жұдырығындай болып келетін, адам ағзасы үшін аса пайдалы бұл жемістің көлемі кішірейіп, дәмі мен иіс сапасы да едәуір төмендеп кетті. Бірақ қуаныштысы, Мемлекет басшысы бұған жіті назар аударып, осы даңқы әлемге жайылған апорт алмасын жаңғырту жөнінде арнайы тапсырма беріп, қазір үлкен жұмыс жүріп жатыр.
Әрине, бұл жұмыстарды алғаш бастаған ғалым – атақты академик, ғылым докторы, бүгінде марқұм болып кеткен Мағжан Исин. Мен 2011 жылы сол кісінің қарамағында еңбек жолымды лаборант болып бастап, біраз жыл ғылыми жұмыстармен айналыстым, докторлық диссертация қорғадым. Біздің мекеме Қазақ ЖКШҒЗИ Талғар аймақтық филиалы деп аталады, қысқаша айтсақ, Қазақстандағы жалғыз помологиялық бақ. Қазіргі кезде 138,6 гектар көпжылдық жеміс ағаштары, 1666 сұрып үлгілері бар. Одан бөлек зертханаларымызда, зертханалық банктерде 200-ден артық сұрып түрі сақталған. Бізде селекционерлер жұмыс жасайды, өзіміздің сұрыптарымызды шығарамыз, сырттан сұрыптар алып келіп, интродукция жасаймыз, яғни бұрын жоқ жеміс сұрыптарын отырғызып, жерсіндіреміз.
Қазіргі таңда Президент тапсырмасының аясында Қазақстанымыздың мақтанышы, ұлттық брендіміз болып кеткен апорт алмасын «масштабтау», қарапайым тілмен түсіндірсек, осы жеміс ағашы отырғызылатын аумақты кеңейту жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Биыл қаңтар айында Президентпен бірге Италияның астанасы Рим қаласындағы БҰҰ-ға қарасты ФАО-ның (Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы) штаб-пәтерінде болдық. Сол жерде Қасым-Жомарт Кемелұлы апорт алмасын тікелей өзі таныстырды. Сондай-ақ ФАО-ның бас директоры Цюй Дунькюй мырзаға қазақстандық жабайы алма әлемдегі барлық алмалардың түпкі атасы екендігі туралы тарихты айтып берді.
Оның үстіне биыл Ғылым күніне орай өткен үлкен жиында Мемлекет басшысы: «Қазір – ғылым мен білімнің заманы. Отанымызды көркейтеміз десек, ең алдымен, осы екі саланы дамытуымыз керек. Бұдан басқа жол жоқ. Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен айтсақ, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда», – деп, отандық ғалымдардың алдына үлкен міндет жүктеді. Осыған орай біз барлық жұмысымызды ғылыми негізде жүргізіп, ғылым мен өндірісті ұштастыруға ұмтылып жатырмыз.
Жалпы апорт алмасын қайта жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстарды Президент Әкімшілігі және Ауыл шаруашылығы министрлігі жіті қадағалап отыр. Сәуір айында Президенттің іс басқармасы басшысының орынбасары Рустам Баялиев келіп кетсе, мамыр айының басында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров келіп, жүргізіліп жатқан жұмыстармен жан-жақты танысты. Күні кеше ғана бізге ФАО Қазақстан ұйымының және Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының делегациясы келді. Осы кездесу барысында делегация өкілдері помологиялық бақтың, бау-бақ дақылдарының тектік қоры зертханасының жұмысымен танысты. Қазіргі кезде апорт алмасын жаңғырту бойынша Жол картасы жасалып жатыр.
– Бұл енді – Мемлекет басшысы тарапынан жасалып жатқан үлкен қолдау мен қамқорлық. Сонда ол бұрын болмады ма, неге апорт өсетін алма бақтары азайып, сапасы кеміп, даңқы төмендеп кетті?
– Оның енді бірнеше себептері бар. Бұрынғы алма бақтарында өскен апорт ағаштарының көбі ауруға шалдыққан, сондықтан жеміс бермейді. Қазақстандағы апорт бақтарының көлемі 100 мың гектарға жеткен еді, алайда 1950 жылдардағы ерекше қатты қыс барлық алма бақтарының қысқаруына әсер етті. Шамамен, 1970 жылдардан Алматы апортын жаңғырту жұмыстары басталды, биыл, міне, 50 жыл толып жатыр. Соған қарамастан, 1980 жылдары апорт бақтарының тек 20 пайызы қалды, жеміс ағаштары әбден тоза бастады. 1990 жылдардан бастап алма бақтары аяусыз оталып, қалада қарқынды құрылыс жұмыстары жүргізілді. Кезінде апорт бақтары орналасқан аумақтарда зәулім ғимараттар, жеке тұрғын үйлер бой көтерді. Айталық, Алматы қаласындағы қазіргі Қазақфильм, Алмагүл, Таулы қырат ықшамаудандарының орнында бұрын алма бақтары жайқалып тұратын еді. Мына тауды жағалай, тіпті Бірлік, Белбұлақ ауылдарының тұсында Талғар – Алматы тас жолының екі жағы да жайқалған алма бағы болған. Үлкен өкінішке қарай, солардың көбі жойылды. Қазір бүкіл ел көлемінде бар-жоғы 2500 гектардай апорт алмасы орналасқан бақ қалды. Дегенмен апорт бақтарында бұрынғыдай алма төгіліп тұрмаса да, бұл сұрып түбегейлі жойылып кеткен жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары да мемлекет, Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар тарапынан қолдау шаралары болды.
Біздің ойымызша, апорт бақтарының осындай деңгейде азайып кетуінің негізгі төрт себебі бар. Бірінші себеп – апорт өз экологиялық аймағынан шығып кетті, екінші – осы сұрыптың көшеттерін жоспарлы және сапалы түрде өсіретін шаруашылықтардың жойылуы. Үшіншісі – зиянкестер мен бактериялық аурулардың дамуы және оларға қарсы шаралардың дер кезінде әзірленбеуі, себебі апорт – төзімсіз сорттардың қатарынан. Төртіншісі – көшет дайындауда ағаш сортын дұрыс таңдамау, яғни жеміс сапасына емес, біржылдық өскінге қарап бүршік жинаған. Сондықтан біздің помологиялық бақта зерттеу, тәжірибелік жұмыстар жүргізетін ғалымдар мен мамандардың басты міндеті – бағбандарға ғылыми негізделген агротехникалық ұсыныстар беру, оларды сапалы материалдармен қамтамасыз ету, өсімдікті қорғау қағидаттарын ұсыну.
– Алма жемісінің тарихы, оны күтіп-баптаудың, әсіресе апорт алмасының ерекшеліктері жайында не айтар едіңіз?
– Алдымен неге апорт алмасын жаңғырту жұмыстары біздің филиалда жүргізіліп жатқаны жайында бір-екі ауыз айта кетейін. Өйткені менің ғылыми жұмысым осы апорт алмасымен тығыз байланысты. Жоғарыда айтқанымдай, 2011 жылы апортқа Сиверс алмасын заманауи әдістермен таңдау жұмыстарын академик Исин бастады. Өйткені апортқа ең жақсы тамырсабақ – Сиверс алмасы болып саналады. Қазақстанда 17 мың гектар жерде Сиверс алмасының орманы бар. Ондай ауқымды көлем әлемнің ешбір жерінде жоқ. Сиверс – табиғи жабайы алма. Бұл алма ағашының ғалымдар үшін тарихи ғана емес, ғылыми маңызы да бар. Бұл түрдегі ДНҚ құрылымы ерекше күшті және бойында көптеген ауруға төзімділік гендері бар құнды донор болып саналады. Сиверс алма ағашы қатты аязға да, ұзаққа созылған ыстыққа да төтеп бере алады.
Ал Қазақстан – алманың отаны! 2002 жылы Оксфорд университетінің генетик-ғалымы профессор Барри Джунипер мұны генетикалық талдау көмегімен дәлелдеді. Оның тұжырымдары Қазақстанның жабайы ормандарында жиналған алма фрагменттерін молекулярлық-генетикалық зерттеу нәтижелерімен расталды. Франциядан келген зерттеуші Кэтрин Пэкс те алманың шығу тегі туралы дәл осындай қорытындыға келді. Осының өзі – біздің елімізді әлемге танытатын және бүкіл қазақстандықтар мақтаныш тұтатын үлкен тарихи дерек.
Жаңағы 17 мың гектар жерде өсіп тұрған Сиверс алмасының бір мыңнан аса формасы бар. Оны түрмен шатастырмау керек, түр біреу-ақ, ол – Сиверс алмасы. Форма дегеніміз – ол жемістің түсіне, дәміне, ағаштың қабығына байланысты берілетін сипаттама. Мысалы біреуі – қызыл, біреуі – сары, біреуі – тәтті, енді біреуі – қышқыл болып келеді. Сол бір мыңнан аса Сиверс алмасының бәрі апортқа тамыр сабақ болып келмейді. Не үшін апорт жоғалды? Оның басты себептерінің бірі, жоғарыда айтқанымдай, бұл – сұрыптың көшеттерін бақылаусыз, дұрыс көбейтпегендіктен.
Қазір біздің теңіз деңгейінен белгілі бір биіктікте мониторлық алаңдарымыз бар. Сол алаңдарда біз Сиверс алмасының жеміс түсіне, дәміне, ағаштың қабығына, генетикалық резерватына қарай 30 формасын жинадық. ДНҚ сараптамасы бойынша солардың тек 11-і ғана апортқа жақын болып шықты. Осыларды тамырсабақ етіп, біз апорт алмасын жаңғыртып жатырмыз.
– Тамырсабақ дегеніміз не? Оны қарапайым тілмен қалай түсіндірер едіңіз?
– Тамырсабақ дегеніміз – «подвой» немесе өсімдікті көбейту үшін қажет негізгі тамыр, ал «привой» дегеніміз – телінетін өсімдіктің түрі, сұрыбы. Алмада тамыр бөлек, сұрып бөлек болады. Мысалы, сіз алманың дәнін отырғызғаныңызбен ол алма болып шықпайды. Ол үшін оған сұрып түрін телу қажет. Тамырсабақ дегеніміз – үйдің іргесі сияқты жеміс ағашының негізі. 2011 жылы апорт алмасын арнайы ыдыста өсіріп, вирустардан тазартып, сауықтырып, қанқызыл түсті Алматы апортын қайта жаңартып, тамырсабақ жинадық. 2015 жылы көктемде біз екіжылдық көшет алып, 5 гектар бақ отырғыздық. Бұл бізде осы помологиялық бақтың аумағында ғылыми-экспериментальды бақ болды, сөйтіп, тамырсабақтық-сұрыптық комбинацияда ауқымды жұмыс жүргіздік. 2022 жылы айтылған бақтан алғашқы өнім алдық.
– Нәтиже қалай болды? Өздеріңіз күткен көрсеткіштерге қол жетті ме?
– Көрсеткіштер жайында айтар болсам, ең үлкен алманың салмағы 443 грамм болды, дәмі, иісі де нағыз апортқа толықтай дерлік сәйкес келді. Осы жерде 11 тамырсабақтық-сұрыптық комбинацияның ішінен біреуінде бактериялық күйік және тазқотыр сияқты аса зиянды, бақтардың қас жауы саналатын өсімдік ауруларына төзімділік гендері анықталғанын бөліп айтқым келеді. Енді бұйыртса, Қазақстанда апорт алмасын көбейтетін боламыз.
Апорт алмасы сегізінші-тоғызыншы жылда өнім бере бастайды. Өйткені оның тамырсабағы Сиверс алмасы болғандықтан, тамырын тым тереңге жібереді. Сондықтан да ұзақ жасайды, орташа 40-50 жыл жақсы өнім береді, осы мерзімнен кейін ақырындап деградация басталады. Бірақ агротехникалық талаптар сақталып, жақсы күтіп бапталса, 70 жылдай өнім береді. Айтпақшы, дәл осы тұста апорт алмасы еліміздің барлық аймақтарында өсе бермейтінін де айта кеткенім дұрыс болар. Ол тек үш өңірде – Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарында, теңіз деңгейінен 900 метрден 1200 метрге дейінгі биіктікте ғана өседі. Одан төмен болса ерте пісіп кетеді, жоғары болса, қажетті күн калориясын ала алмайтындықтан, жеміс сапасы төмендей бастайды. Сондықтан апорт ағаштары қажетті температура, күн жылуы, ылғал жеткілікті болатындай оңтайлы биіктікте отырғызылуы керек.
– Апорт алмасы өскен аумақ 100 мың гектардан 2,5 мың гектарға дейін азайса, бұрынғыдан 40 есе кеміп кеткен екен ғой. Өз несібемізді, Алматының ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы, ұлттық брендке айналған бірден-бір құндылықты жоғалтып ала жаздаған екенбіз. Президентіміздің ғылымға деген қамқорлығымен сіздер енді оны қайта жаңғырту бойынша аса жауапты әрі күрделі ғылыми жұмыс жүргізіп жатырсыздар. Енді бұған бүкіл бағбандар қауымын жұмылдырып, Алматы апортын қайта оралту үшін не істеу керек?
– Ол үшін ғылыми негіздерді пайдалана отырып, тамырсабақ сапасына мән беріп, көшет дайындау қажет. Халық арасында насихаттау жұмыстарын жүргізіп, оның ұлттық құндылық екенін дәріптеу керек. Біздің филиал тарапынан биыл Сиверс алмасының әбден тексеріліп, зерттелген сұрыптары жиналып, келесі жылы көшет дайындалып, 2026-2027 жылдары мемлекет қолдауымен бақ отырғызуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарға Алматы қаласының әкімдігі, жеке қожалықтар, ЖОО және ҚР көшет өндірушілер ассоциациясының, Алматы бағбандары ассоциациясының мүшелері қызығушылық білдіріп, қолдау көрсетіп отыр. Осы жерде үлкен-кіші шаруалардың, бағбандардың және өндірістік бақ шаруашылықтарының отандық брендті, ғылыми жобалар мен әзірлемелерді қолдауының маңызы зор.
– Апортты күтіп-баптау жұмысы туралы да кеңірек түсіндіре кетсеңіз?
– Мысалы, апорт ағаштарын бір жылда кем дегенде 7-8 рет суғару қажет. Содан кейін алғашқы үш жылда апорт ағашының бұтақтарын қалыптастырушы кесу жұмысы, ал төртінші жылдан бастап санитарлық кесу жұмысы жүргізіледі. Апорт ағашы бұтақтарын көп кесуді жақтырмайды. Өйткені ол өнімін бұтақтарының ұшында беріп бастайды, оларды кесіп тастасаң, өнім бермейді. Ал басқа сорттар өнімін түптерінде, бұтақ, өркен бойында бере береді. Төртінші жылы апорт бақтарына жоңышқа отырғызылып, ол шөп үшін орып алынбай, төрт-бес рет шауып, биошырындар қалыптасып, ол топыраққа сіңіп, құнарлылығын арттыру үшін сол жерде шіріп жатуы керек. Өйткені жоңышқа өзіне ауадан азотты жинайды. Оны бірінші үш жылда отырғызбай, қара жер күйінде ұстау қажет. Себебі әртүрлі зиянкестер алма ағашының тамыр бөлігін жеп қоюы мүмкін. Сондықтан апорт ағашын күтіп-баптаудың осындай қиындықтары да бар, бірақ агротехника талаптары қатаң сақталуы тиіс.
Оның үстіне, мамандардың айтуынша, қарапайым алма ағашы екі жылдан соң-ақ тоннаға тарта жеміс берсе, апорт 7-8 жылдан кейін ғана жеміс салуға жарамды болады. Одан кейін, апорт ағашы тұрақты түрде жыл сайын өнім бере бермейді. Алайда біздің мамандар бұл жағдайды да тыңайту жүйесін оңтайландыру арқылы жыл сайынғы өнімге қол жеткізуге болады деп отыр.
– Қазір қанша адам жұмыс істейді?
– Біздің институтымызда селекционерлер, көшет шаруашылығы, биотехнология, агрохимия, өсімдік қорғау мамандары қызмет атқарады. Институттың оңтүстікте және оңтүстік-шығыста орналасқан 3 аймақтық филиалы бар. Жалпы, алғанда шамамен 200 адам жұмыс істейді.
Ал помологиялық бақта, яғни филиалда жеміс-жидек дақылдары және жүзімнің селекциясы бөлімі және бау-бақ дақылдарының тектік қоры зертханасы шоғырланған, мұнда 30 адам жұмыс істейді. Жалпы ғылыми қызметкерлер мен қарапайым жұмысшылардың тапшылығы сезіледі. Өйткені жалақысы төмен болғандықтан көп адам, әсіресе жастар келмейді, сол жағы – күрмеуі қиын мәселе.
– Қаржыландыру жағы қалай болып жатыр? Өздеріңіз өнім өндіріп, нарыққа шығара аласыздар ма?
– Ғылыми мекеме болғандықтан, біз негізінен ғылыми жұмыстар жүргізіп, базалық жалақы аламыз. Оған қосымша ғылыми жобалар жасалып, мақсатты қаржыландыру бағдарламаларына сәйкес Үкімет тарапынан қолдау көрсетіледі. Енді Президент тапсырмасына орай, апорт алмасын жаңғырту жөніндегі Жол картасы жасылып жатыр, оған да қаржы бөлінуі тиіс.
Бізде өндірістік бақтар жоқ, бәрі – ғылыми тұрғыдағы селекциялық, коллекциялық, экспериментальды бақтар. Бұл жерде ғылыми жұмыстар жүргізіледі, олар бизнес ретінде қаралмайды. Мысалы, бәленбей гектар баққа ие кәсіпкерлер бар, олар бір сұрыпты ғана өсіреді де, өнімін жинап сатады, сөйтіп табыс табады. Ал бізде зерттеу, тәжірибелік жұмыстар жүргізіледі. Әрине, біз аз мөлшерде болса да өнімдерімізді сатамыз, бірақ әртүрлі сұрып болғандықтан, арзан бағада өткіземіз. Түскен қаржыны шаруашылық қажеттіліктеріне жұмсаймыз.
Бір сөзбен айтсақ, біз апорт алмасын өндірістік мақсатта өсірмейміз, бұл іспен таза ғылыми ізденіс негізінде айналысамыз. Алдағы жобаларымыздың аясында алғашқы өндірістік апорт бағын отырғызамыз деп жоспарлап отырмыз, сол кезде халыққа өнімімізді ұсынып, нарыққа шығарамыз. Жалпы апорт бағын экономикалық тиімсіз деп айтуға да келмес. Жақында бір экономист маман өз пікірін білдірді. Оның есебі бойынша апорт бағы пайдалану мерзімі жағынан қарқынды бақтарға қарағанда тиімдірек. Әрине, табысқа 3-5 жылда кенеле қалмаса да, тұрақты көпжылдық табысқа қол жеткізу әбден мүмкін. Осы орайда, егер апорт алмасын өсіріп, оны кәсіпке айналдырып табыс тапқысы, оның көлемін уақыт өткен сайын еселеп арттырғысы келетін бағбандар, жеке шаруашылықтар, кәсіпорындар біздің ғылыми негізделген ұсынысымызды қатаң сақтап, күнделікті басшылыққа алатын болса, жақын жылдарда-ақ Алматы апорты қайта жаңғыратынына күмән жоқ!
– Әңгімеңізге рақмет. Ұлттық мақтанышымыз саналатын апорт алмасын қайта жаңғырту жолындағы ғылыми ізденістеріңізге сәттілік тілеймін!
Сұхбаттасқан – Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ