Сот саласы – үлкен институт. Соңғы бірнеше жылдың жүзінде еліміздегі сот билігі саласына соны сала – алқабилер соты қосылды. Енді осы алқабилікке кімдер мүше бола алады? Алқабилердің үйреншікті соттан не айырмасы бар? Ұтымды тұсы неде? деген сауалдарға тоқталып өтсек деп отырмын.
Ретімен айтатын болсақ, 2006 жылғы 16 қаңтарда «Алқабилер туралы» Қазақстан Республикасының №121 Заңы қабылданып, ол 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген болатын.
Бұл Заң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге алқабилердiң қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, алқабилердiң құқықтық мәртебесiн, тәуелсiздiгінің кепiлдiктерiн, олардың қызметiн қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерiн айқындайды.
Қазақстанда қылмыстық істердің алқабилердің қатысуымен қарала бастағанына биыл 18 жыл толды. Жоғарыда аталған Заң қабылданғаннан кейін Қылмыстық-процессуалдық кодекске алқабилердің құзіретін, олардың істерді қарау өндірісін қамтыған бір тарау қосылды. Алғашқы уақытта алқабилер соты облыстық соттың құрамына кірді және 2 кәсіби судья мен 9 алқаби болды. Ал 2010 жылдың ақпанынан бастап республика аумағында арнайы алқабилердің қатысумен жүргізілетін қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттар қалыптастырылып, өз жұмыстарын атқара бастады.
Заңға сәйкес, алқаби – соттың қылмыстық iстi заңда белгiленген тәртiппен қарауына қатысуға шақырылған және ант қабылдаған Қазақстан Республикасының азаматы. Алқабиге үміткер – Қазақстан Республикасының Қылмыстық процессуалдық кодексiне сәйкес, кейiннен алқабилердi iрiктеу рәсiмiне қатысу үшiн алқабиге үміткерлердің тiзiмiне енгiзiлген Қазақстан Республикасының азаматы.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процессуалдық заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 27 желтоқсандағы № 292-VІ ҚР Заңы бойынша алқабилердің қатысуымен қаралатын қылмыстық істер жөніндегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексіне өзгерістер енгізіліп, алқабилердің қатысуымен қаралатын істер саны көбейтіліп, олар 32 құрамға жеткен.
Алқабилерге «Алқабилер туралы» заңның 10-бабы 1-бөлігіндегі азаматтардан басқа ҚР барлық азаматтары мүше бола алады.
Алқабилердi сайлаудың алдында жасалған тiзiмдерiне немесе референдумға қатысуға құқығы бар сайлаушылар немесе азаматтардың жалпыхалықтық дауыс беру (референдум) тiзiмiне енгiзiлмеген; алқабилердiң тiзiмiн жасау кезiнде 25 жасқа толмаған; бұрын қылмыстық жауапкершілiкке тартылған; сот қабiлетсiз және әрекет қабiлеттiлiгі шектеулі деп таныған; судьялар, прокурорлар, тергеушiлер, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшiлер, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлерi енгiзiлмейді.
Алқабилердiң тiзiмiне әлеуметтік жағдайына, нәсiліне және ұлтына, мүлiктік жағдайына, қоғамдық бiрлестіктер мен қозғалыстарға қатысуына, жынысына және дiни сенiмiне қарай азаматтарды енгiзуге қандай да бiр шек қоюға жол берiлмейдi.
Алқабилердiң тiзiмдерiнен олардың жазбаша өтiнiшi бойынша – қылмыстық iс бойынша сот iсi жүргізiлетін тілді бiлмейтiн адамдар, мылқаулар, саңыраулар, соқырлар және басқа да мүгедек болып саналатын адамдар, медициналық құжаттармен расталған, өздерiнің дене немесе психикалық кемiстігі салдарынан алқабилердiң мiндеттерiн ойдағыдай орындауға қабiлетсiз адамдар, 65 жастан асқан адамдар, дiни қызметшілер алынып тасталады.
Алқабилер сотының ұтымды жағы – әділ шешім және халықтың сенімі. Осы заңмен ҚПК-нің 321, 631-баптарына енгізілген өзгерістер бойынша 2023 жылғы 1 қаңтарынан бастап алқабилердің қатысуымен болатын сот заң баптарында көзделген қылмыстарды ғана қарайтын болған.
Осыдан кейін, 2022 жылғы 29 желтоқсандағы № 175-VII ҚР З «Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сотқа алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санаттарын кеңейту бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ҚПК-не тағы өзгерістер енгізіліп, алқабилердің қатысуымен қаралатын істердің саны көбейтіліп, олар 45 құрамға жетті.
Атап айтқанда, 52-бабына енгізілген өзгерістер бойынша:
Бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды судья жеке-дара жүзеге асырады, ал: төтенше ахуал жағдайларында және жаппай тәртіпсіздіктер барысында жасалған адам өлтіру; бейбiтшiлiкке және адамзат қауiпсiздiгiне қарсы, конституциялық құрылыс негіздеріне және мемлекет қауiпсiздiгiне қарсы қылмыстар; террористік және экстремистік қылмыстар; соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалған әскери қылмыстар; қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстар; кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыстар туралы істерді қоспағанда, айыпталушының өтінішхаты бойынша сот алқабилердің қатысуымен бір судья және он алқаби құрамында жүзеге асырады.
ҚПК-нің 634-бабына сәйкес қылмыс құрамына байланысты істер алқабилердің қатысуымен қарауы туралы күдіктінің, айыпталушының өтiнiш хаты бойынша жүргiзiледi.
Сотқа дейінгі тергеп-тексерудi жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттерін жүргізу аяқталғаннан кейiн күдіктіні iстiң барлық материалдарымен таныстыру кезiнде оған соттың істі алқабилердiң қатысуымен қарауы туралы өтiнiшхат беру құқығын, сондай-ақ алқабилер қатысқан соттың үкiмiне шағым жасау және шағымды қарау ерекшелiктерiн қоса алғанда, осындай өтiнiшхатты қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсiндiруге мiндеттi.
Судья «Хаттама дұрыс толтырылмады» дегенді сылтауратып, істі қарамай қоя алмайды. Олай істеуге құқығы жоқ. «Хаттама дұрыс толтырылмады» деген сылтау болмайды. Алайда қылмысты қарау кезінде сот алдын ала тыңдалым барысында қылмыстық істе елеулі заң бұзушылықтарды өз бетінше жоя алмайды және ол заң бұзушылықтар басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіреді, сондықтан осы негіздермен қылмыстық іс, ҚПК-тің 323-бабына сәйкес, аталған заң бұзушылықтарды жою үшін прокурорға қылмыстық істі қайтарады.
Алқаби туралы заңды көп азаматтар түсіне бермейді. Сол себепті біздің тарапымыздан аудандық және облыстық әкімдік аппараттарына сот мамандары барып, халықпен кездесу барысында, Алқабилер туралы түсіндірме жүргізіп отырады.
С.Ә.Қалмақбаева,
Алматы облыстық сот әкімшілігінің басшысы