Перейти к содержимому
Главная страница » Жылқы институтын құру – дұрыс шешім

Жылқы институтын құру – дұрыс шешім

       Астанада өткен Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жылқы институтын құру туралы тың бастама көтерді. Бұл өте дұрыс әрі дер кезінде айтылған сөз деп білемін.

«Біз «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» деп, арғымақты айрықша қадірлеген елміз. Тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған. Жалпы қазақтың мінер көлігі де, ішер асы да жылқымен тығыз байланысты. Саумал мен қымыздың сан түрлі дертке шипа екені баршаға мәлім.
Қазір елімізде жылқы саны үздіксіз өсіп келеді. Бұл – жақсы үрдіс. Дегенмен, асыл тұқымды жылқының үлесі бір пайызға да жетпейді, яғни 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды. Сондықтан мал тұқы­мын асылдандыру жұмысына баса мән берген жөн. Қазақстанда жылқының бірнеше түрі бар. Оның ішінде қазақпен бірге жасап келе жатқан жабының орны ерекше. Кейін оған Қостанай, Көшім және Мұғалжар тұқымдары қосылды. Әрқайсысының өз ерекшелігі бар.
Мен бұған дейін Адай жыл­қысы Маңғыстаудың баға жетпес қазынасы екенін айттым. Оны әлемге таныту үшін нақты шара­лар қабылдауды тапсырдым. Қазір Адай жылқысы ресми түрде бөлек тұқым ретінде тіркелді. Бұл арғымақтар Ұлы дала жорығында, басқа да аламан бәйгелерде топ жарып жүр. Қостанай жылқысы да мықты екені белгілі, алайда, жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр (небәрі 280 бас қалды). Сондықтан жылқының саны­мен қатар, сапасын арттыру – маңызды міндет», – деген Президент Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құруды тапсырған еді.
Осы тапсырманы іске асыру мақсатында Ақтөбе ауыл шаруа­шылығы тәжірибе стан­­­са­сының негізінде «Қазақ жыл­қы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты» ЖШС құрылды. Аталмыш зерттеу институтының ашылу салтанатына мен Алматы облысынан делегат ретінде арнайы қатысып қайттым.
Игі шарада Ақтөбе облы­сының әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары Қазыбек Әлішев пен Ерболат Саурықов және еліміздің әр өңірінен келген мал шаруашылығы саласының мамандары мен ғалымдары ойларын ортаға салды.
Аталған шарадан алған әсерім көп болды. Өзімнің жүріп өткен ғұмыр жолымда жеті қазы­на­мыздың бірі, қазақ халқы үшін қасиетті саналатын жылқы малына ерекше көңіл бөлдім. Оның үстіне мамандығым да мал шаруашылығына қатысты.
Жаңа құрылған инсти­тут­тың жұмысы асыл тұқымды жылқылардың сапасын жақ­сартуға, жылқы шаруа­шылығын белсенді дамытуға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және отандық тұқымды сыртқы нарыққа шығаруға бағытталған. Алдағы бес жылда асыл тұқымды жылқы санын 6-7 пайызға арттыру көзделіп отыр.
Институтта жергілікті Қостанай, Адай және Мұғалжар, Жәбе, Күшім генотиптерін көбейту үшін селекциялық және асылдандыру бағытында жұмыс­тар белсенді жүргізілмек. Ол үшін жылқылардың әр­түрлі генетикалық топтары туралы ақпаратты сақтайтын деректер қоры жасалады. Сондай-ақ биелерді қолдан ұрық­­тан­дыру зертханалық пунк­тін салып, арнайы жылқы өсіруші мамандарын дайындау жоспар­ланып отыр.
Осындай мәселелер келелі жиын­да әңгіме өзегіне айналды. Өз кезегімде мен де пікір-ұсы­нысымды білдірдім. Әсіресе үлес пайызы азайып бара жатқан асыл тұқымды жылқылардың санына емес, оның сапасына көңіл бөлу қажеттігін айттым. Әңгіме барысында «асыл тұқым­ды шаруашылық» статусын алайын деп талпынып жүрген шаруашылықтарға барынша қолдау білдіру қажеттігін сөзден іркіп қалмадым. Құрылып отыр­ған зерттеу институты осы игі бастаманы барынша қолдап, оған мұрындық болса деген тілегімді жеткіздім. Мемлекет басшысы бұл мәселені дер кезінде көтеріп отыр. Сондықтан оны қолдап, қуаттау жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істеу керек.
Ақиқатына жүгінсек, Прези­дентіміз айтқандай, шынында да еліміз бойынша 4,2 миллион жылқының 40 мыңы ғана асыл тұқымды екен. Яғни, үлес пайызы өте аз. Бұл олқылықтың орны толмаса, көрсеткіш жылдар жылға­­сымен бірге төмендеп кете беретіні жасырын емес.
Бұған дейін де аудан көлемінде бірінші болып Мұғалжар, Көшім, Жабы тұқымдарын өсіріп, «Мұғалжар-Бақанас» типті тар­мағын шығаруды қолға алған едім. Бүгінде шаруашылықта асыл тұқымды жылқы саны 400 бастан асып отыр. Әр бастың тұқымдық төлқұжатын толтырып, келешекте «асыл тұқымды шаруашылық» статусын алуға талпынып жатқан жайымыз бар.

Сапар СӘТБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері,
Балқаш ауданының
Құрметті азаматы