Құрылтай сайлауы – мемлекетіміздің дамуына, қоғамның әл-ауқатына және елдің жарқын болашағына тікелей ықпал ететін маңызды саяси науқан. Бұл – әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, елдің алдағы даму бағытын айқындауға қатысатын жауапты сәт.
Мен, «Аймед» ЖШС-нің директоры ретінде, еліміздің тұрақты дамуына бағытталған бастамаларды әрдайым қолдаймын. Құрылтайда қабылданатын шешімдер кәсіпкерлікті дамытуға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының көбеюіне және халықтың тұрмыс сапасының артуына ықпал етеді. Бұл өзгерістер бизнестің өркендеуіне ғана емес, әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді.
Сондықтан мен де өз азаматтық ұстанымымды білдіріп, Құрылтай сайлауына қатысу туралы шешім қабылдадым. Өйткені ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерде әр азаматтың пікірі ескерілуі тиіс деп санаймын. Әрбір дауыс – мемлекетіміздің болашағына қосылған нақты үлес, ал белсенді азаматтық ұстаным – қоғамның тұрақты дамуының негізі.
Баршаңызды Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауыңызды жасауға шақырамын. Бүгінгі саналы таңдауымыз – ертеңгі берекелі өмірдің, тұрақты экономиканың және қуатты Қазақстанның кепілі. Еліміздің болашағын бірге қалыптастырып, ортақ мақсатымыз – өркендеген, дамыған және бақуатты мемлекет құру жолында бірлігімізді көрсетейік.
Айдын Иманбеков,
“AIMED” ЖШС директоры
Іле ауданы

