Алматы облысында Республика күні жыл сайын кең көлемде және салтанатты түрде аталып өтеді. Осы орайда аймақтың барлық аудан-қалаларында Қазақстанның тәуелсіздігі мен бірлігінің нышаны – Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтіп, мыңдаған тұрғын мерекелік шараның куәсі болды.


Облыс орталығы Қонаев қаласында өткен салтанатты шараға облыс әкімі Шыңғыс Әрінов, басқарма басшылары, жергілікті әскери гарнизонның, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғамдық ұйымның мүшелері , зиялы қауым және аудан тұрғындары қатысты. Бір тудың астында бірігіп, бір мақсат-мүддеге талпынған этнос өкілдері де мемлекеттік мерекенің мазмұнын арттыруға атсалысты. Татулықты, береке мен бірлікті биік қойған біртұтас ел ретінде осы маңызды күнді бірге атап өтуді мақсат етті. Қолдағы жалауларын желбірете мерекеге жиналған қауым патриоттық әндерді бірге шырқады.


Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев жиналған көпшілікті мерекемен құттықтады.
«Республика күні – өткенге тағзым етіп, болашаққа сеніммен қарауға шақыратын мереке. Аспанымызда желбіреген көк Ту – ел тәуелсіздігінің, еркіндік пен бірліктің мәңгі символы. Бұл күн әр азаматқа өзінің туған жері мен мемлекеті үшін жауапкершілік сезімін ұялатып, болашаққа бағыт беретін рухани күш. Облысымызда Республика күні айырықша аталып өтіп жатыр. Атаулы күн аясында 250-ге жуық іс-шара ұйымдастырылды, 28 жаңа нысан ашылды. Облыс орталығында өткен Мемлекеттік Ту көтеру рәсіміне 2 мыңнан астам адам қатысты. Қазір аймақтағы барлық ауданда Республика күні тойланып жатыр. Бұл – әрбір қазақстандық үшін қасиетті мереке. Ол біздің еркіндігіміздің, тәуелсіздігіміздің және ел бірлігінің белгісі. Бұл күннің тамыры тереңде, тарихымызды құрметтеу – ұрпақ алдындағы парызымыз», – деді облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы.




Мерекелік шарада көпшілік Мемлекеттік Гимнді бірлесе шырқады. Облыс өнерпаздары қатысқан үлкен концерт жұртшылыққа патриоттық рух сыйлады. Жиналған жұрттың жүрегіндегі елге деген мақтаныш сезімі – ұлттық мерекенің айшықты белгісіне айналды.
Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ
Ерзат АСЫЛ

