Перейти к содержимому

Елдік пен бірлік мерекесі

38 қаралым

Егемен елдің еңсесін тіктеп, тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеген Республика күні – ел тарихындағы айрықша мереке.
Ұлттық мерекеге орай Кеген ауданы Жылысай ауылының Мәдениет үйінде Республика күніне арналған мерекелік жиын өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, ауыл әкімі Руслан Масеновтің құттықтау сөзімен жалғасты.
– 25 қазан – қазақ халқы үшін тарихи күн. 1991 жылы 25 қазанда «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болды. Бостандық пен еркіндіктің бастауы болып табылатын бұл күн қазақ халқының мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы. Бұл күн – ата-бабаларымыз аңсаған арманының жүзеге асқан, елімізге еркіндік сыйлаған күн, – деген Руслан Кеңесжанұлы Республика күнінің ел тарихындағы маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларды ұлттық мерекемен құттықтады.
Ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Таубалдиев ауыл тұрғындарын ұлттық мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Кеш барысында патриоттық әндер шырқалып, би қойылымдары орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сондай-ақ бұл күні ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен Республика күні мерекесіне орай Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Тәліп, ардагер спортшы Дүйсен Бозбашаев, спорт шебері Асхат Қасымханұлы және спорт бөлімі мамандарының қатысуымен ер балалар арасында екі салмақта, қыз балалар арасында бір салмақта дзюдо күресінен Жылысай ауылының ашық турнирі өтті.


Жарыстың мақсаты – дзюдо күресін дамыту және өзара тәжірибе алмасып, салауатты өмір салтын насихаттау, дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылықты арттыру және командалық рухты қалыптастыру.
Жарысқа Райымбек, Кеген аудандарынан 150 жас балуан қатысып, бақтарын сынады. Бозбалалар бозкілемде белдесіп, өз шеберліктерімен, төзімділіктерін және жеңіске деген жігерлерін көрсетті.
Күн ұзаққа созылған жарыс қорытындысы бойынша І орынды Кеген ауылы, ІІ орынды Жылысай ауылы, ІІІ орынды Сарыбастау ауылының жас балуандары иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубок, медаль, диплом, ақшалай сыйлықтар табысталды. Ең бастысы, бозкілем шеберлері балуандар турнирі аясында мол тәжірибе жинақтады.
Республика күніне арналған бұл шара ұлттық мерекенің маңызын насихаттап, қатысушылардың бойында бірлік, ынтымақ және жеңіске деген ұмтылыс қасиеттерін қалыптастыруға ықпал етті.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

↑