Перейти к содержимому

Мерейлі мереке

32 қаралым

Республика күніне орай Ақай Нүсіпбеков ауылындағы Мәдениет үйінде мерекелік шара өтті. Шараның мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, елге деген сүйіспеншілікті арттыру және өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.Салтанатты рәсімге Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Рүстем Әлімов, ұстаздар қауымы мен ауыл тұрғындары қатысты.Шарада алдымен ауыл әкімі Рүстем Әлімов жұртшылықты ұлық мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

– Баршаңызды еліміздің ұлттық мерекесі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! 25 қазанда «Қазақстанның егемендігі туралы» декларация қабылданып, бұл құжат еліміздің егемендігіне жол ашты. 2022 жылы Мемлекет басшысының ұсынысымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі берілді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Республика күні халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке екенін ерекше атап өтті, – дей келе ұзақ жылдар медицина саласында қызмет еткен Ұлбике Әділованың зейнеткерлік демалысқа шығуына байланысты аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттап, бірқатар еңбек адамдарына ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті. Іс-шара барысында Қазақстанның тарихы туралы баяндалып, рухты ән мен күйге кезек берілді. Сондай-ақ еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп жүрген ел азаматтарына ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Серік Ұзақов алғыс айтып, Республика күнінің тарихи маңызына тоқталды.

Мерекелік шараның көркін концерттік бағдарлама аша түсті. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған концерттік бағдарлама қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық мерекенің мазмұнын байыта түсті. Өнер мен патриоттық рух тоғысқан мерекелік басқосу Республика күнінің мәнін тереңірек сезінуге, елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық бірліктің маңызын ұғынуға ықпал етті.

Ақай Нүсіпбеков ауылында өткен салтанатты іс-шара жас ұрпақтың бойында елжандылық сезімді қалыптастыруға бағытталған тағылымды басқосу болды. Ұлттық мерекені осындай мазмұнды шаралармен атап өту елдік сананы нығайтып, қоғамдағы патриоттық құндылықтардың маңызын арттыра түседі.

Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ

Кеген ауданы

↑