Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қарғалыда жаңа Мәдениет үйі ашылды

Қарғалыда жаңа Мәдениет үйі ашылды

55 қаралым

Алматы облысының Жамбыл ауданында Республика күні қарсаңында жаңа Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Қарғалы ауылында бой көтерген екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 3 мың шаршы метрден асады. Нысанда 350 орынды көрермен залы, 50 орынды кіші мәжіліс залы, кітапхана, асхана, хореография залы, үйірмелер өткізуге арналған және өзге қажетті бөлмелер қарастырылған. Енді мұнда 11 қызметкер жұмыспен қамтылатын болады. Жобаға 1,5 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды.Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, өнерпаздар мен ауыл тұрғындары қатысты. Алматы облысының әкімі де Қарғалыға арнайы барып, халық қуанышына ортақтасты.

«Бүгін біз үшін қос қуаныш! Ұлық мерекеміз – Республика күні қарсаңында Қарғалы ауылында сәулеті келіскен, заман талабына сәйкес салынған Мәдениет үйі есігін айқара ашып отыр. Осы айтулы оқиғамен баршаңызды құттықтаймын! Өздеріңіз білесіздер, Қарғалы – Жамбыл ауданындағы халық саны жағынан Ұзынағаштан кейінгі ең ірі ауылдық округ. Тарихы – терең, тірлігі – берекелі, еңбекқор халқымен танылған іргелі елдімекен. Осындай үлкен ауылдың заманауи руханият ошағына деген сұранысы да жоғары екені белгілі. Жаңа Мәдениет үйі осы қажеттілікті өтеуге бағытталған маңызды нысан. Бұл – ауыл тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға жасалған нақты қадам», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Сондай-ақ Мәдениет үйінің ашылу салтанатында облыстың Құрметті азаматы, Қарғалы ауылының тұрғыны Сейітқали Ыбытаев ақсақал жақсы іске ақ батасын берді. Құрметті қонақтардың қатысуымен жаңа нысанның лентасы қиылып, Қарғалы ауылының «Асыл әжелер» ансамблінің ақ жаулықты апалары шашу шашты. Мәдениет ошағының табалдырығы құтты, шаңырағы биік, керегесі кең, төрі берекелі болсын деген ақ тілектер ақтарылды. Көптен күткен қуанышқа жиналғандардың арасында осы ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Шәріпбек Уағызұлының пікірін сұрағанымызда:

— Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн болып тұр. Біздің ауылдағы көптен күткен қуанышқа бүкіл аудан жұрты қуанды десем қателесе қоймаспын. Өйткені тұрғындар заманауи бір мәдениет ошағына зар болғалы қырық жылға жуықтапты. Өзім мемлекеттік қызмет ардагерімін. Аудан әкімдігінде ұзақ жыл жұмыс істедім. Қазір зейнеткермін. Сондықтан мұндай күрделі құрылыстың қалай жүзеге асатынын жақсы білемін. Мұндай игілікті іске ұйытқы болған облыс, аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Республика күні қарсаңында бұл ауыл жұртшылығына тамаша тарту болды, — деді.

Сол күні Қарғалы ауылдық Мәдениет үйінде алғашқы мәдени шара өтті. 350 орынды көрермен залы лық толып, мерекелік көңіл-күй салтанат құрды. Республика күніне арналған салтанатты жиында аудан әкімі Нұрлан Ертас жұртшылықты мерекемен құттықтады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегімен үлес қосқан бірқатар азаматқа салтанатты жағдайда Алғыс хат, Құрмет грамотасын және салалық ведомстволардың марапаттарын тапсырды. Артынан мерекелік концерт тамашаланды.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы

↑