Перейти к содержимому

Көк туды желбіреткен

29 қаралым

Ел дамуында спорт саласы ерекше орын алады. Мемлекетіміз тәуелсіз ел атанған 35 жыл ішінде спортшыларымыз едәуір жетістікке қол жеткізді. Олимпиада ойындары мен әлемдік додаларда көк Туымыз сан мәрте желбіреп, Гимніміз шырқалды.

1991 жылдан бастап Қазақстан әлемдік деңгейдегі жарыстарға тәуелсіз мемлекет ретінде қатыса бастады. Ең алғаш 1994 жылы Олимпиада ойындарына ұлттық құрама өз спортшыларын алып барды. Бұл Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткен қысқы Олимпиада ойындары еді. Аталған додада Владимир Смирнов шаңғымен жарыста алтын медаль иеленіп, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш спортшысы ретінде тарихта қалды.
«Мені кішкентайымнан классикалық әдіспен шаңғы тебуге баулыды. Ал өзім үлкен қашықтықты ұнатамын. Алдыңғы үштікке шығамын деп ешқашан ойламағанмын. Бірақ олимпиадалық ойындардағы күтпеген табысым мені одан әрі үміттендірді. Олимпиадаға қатысып, өзіңнің мүмкіндігіңді көрсету – әркімге бұйыра бермейтін бақыт», – дейді даңқты спортшы.
Жалпы, 1994 жыл Қазақстан спорты үшін табысты болды. Себебі, сол жылы Жапонияда өткен жазғы Азия ойындарында еліміз жақсы нәтиже көрсетті. Аталған сайыста еліміздің намысын 210 спортшы қорғады. Хиросима қаласында жарыс қорытындысы бойынша 25 алтын, 26 күміс және 26 қола медаль алып, командалық есепте төртінші орынға жайғастық. Біздің алдымызда танылған әлемдік көшбасшылар – Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея болды.
Ал 1996 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. АҚШ-та өткен додада елімізден 96 спортшы бақ сынап, 3 алтын, 4 күміс және 4 қола жүлде иеленді. Ол Атлантада өткен еді. Бокстан Василий Жиров – алтын, Болат Жұмаділов – күміс, Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ибрайымов қола медаль иеленді. Бессайыстан Александр Парыгин – алтын, грек-рим күресінен Юрий Мельниченко – алтын, нысана көздеу және нысананы жатып көздеуден Сергей Беляев екінші орын алып, ел қоржынына 2 күміс медаль салды. Ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый – күміс медаль, нысана көздеуден Владимир Вохмянин – қола, еркін күрестен Мәулен Мамыров қола медаль алды.
«Алтын медаль алмасам да, сол бір төрткүл дүние көз тіккен дүбірлі дода әлі есімнен кетпейді. Өйткені біз Атланта төріне тәуелсіз елдің Туын тұңғыш көтеріп барып едік. Ал марапатталған сәттегі әсерімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өзімді әлемнің ең биік шыңына шыққандай күй кешіп, бойымды мақтаныш сезімі кернеді», – дейді Олимпиада жүлдегері Мәулен Мамыров.
Қазақстан Австралияның ірі қалаларының бірі Сиднейде өткен 2000 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына өз тарихында екінші рет қатысып, 3 алтын, 4 күміс медаль қанжығалады. 198 ел қатысқан Сидней Олимпиадасына Ұлттық құрамадан 130 спортшы барып, жетеуі жеңіспен оралды. Жеңіл атлетикадан Ольга Шишигина, бокстан Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибрайымов алтын медаль алып, мерейімізді асырды. Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов күмісті місе тұтты. Велоспорттан Александр Винокуров күміс медаль иеленсе, еркін күрес бойынша Ислам Байрамуков күміс медальға қол жеткізді. Осылайша командалық есепте ел құрамасы 199 елдің ішінен 22-орынға табан тіреді.
Осылайша тәуелсіздік алған жылдан бері спортшыларымыз көптеген жетістікке жетсе, еліміз­де 25-тен астам ұлттық спорт түрі жан­данып, дамыды. Қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғызқұмалақ сынды ұлттық спорт түрлері ЮНЕСКО-ның материалдық емес, мәдени мұрасының репре­зентативтік тізіміне енгізілді. Республикада кәсіби спортшыларды бастапқы кезеңнен жоғары спорт шеберлігіне дейін даярлау жүйесі қалыптасты. Бұған – әлемдік жеңіс шежіресіне есімдері мәңгі жазылған қазақстандықтардың жетістіктері мен есімдері дәлел.

Ерзат АСЫЛ

↑