Перейти к содержимому

Азаттықтың асыл діңгегі

38 қаралым

25 қазан – халқымыздың тағдырында айрықша орны бар тарихи күн. Бұл – ғасырлар бойы азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманымен сабақтасып, тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаған маңызды белес. Сондықтан Республика күні – өткенімізді бағамдап, бүгініміздің қадірін түсініп, болашағымызға жауапкершілікпен қарайтын тағылымды мереке. Ел болу – үлкен мұрат, ал елдікті сақтау – ұрпақ алдындағы қасиетті аманат. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы әрқайсымыздың адал еңбегімізге, береке-бірлігімізге және ұлттық құндылықтарымызға деген құрметімізге байланысты.

Ұлттың рухани тұтастығын сақтауда мәдениет пен өнердің орны ерекше. Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан асыл мұрасын дәріптеп, ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейту – елдігімізді нығайтуға қосылған маңызды үлес деп білемін. Өйткені ұлттың рухы – оның тарихында, тілінде, мәдениеті мен өнерінде жатыр. Сол рухани байлықты келер ұрпаққа аманаттау – бәрімізге ортақ жауапкершілік. Осы мақсатта Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әнші, биші, күйшілері ұлт мұрасын асқақтатып, келер ұрпаққа жеткізу жолында тынымсыз еңбек етуде. Бұл ретте бабаларымыздың көзіндей болған жыр, толғау, терме, күйлерін, әндерін, шаттық пен қуанышқа толы ұлттық билерін әр мерекеде насихаттап келеді. Халық рухын көтеру, қуаныш сыйлау, бабалар тағылымын жеткізу – біз үшін ұлы мұрат.
Еліміздің егемендігін паш ететін ұлттық мерекеміз – Республика күнінде де филармония өнерпаздары облыстың түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп, азаттықтың алтын арқауы болған айтулы күнннің мәнді де сәнді өтуіне үлестерін қосады. Осынау айтулы мерекеде барша қазақ жұртына, әрбір шаңыраққа береке-бірлік, толайым табыс тілеймін. Еліміздің іргесі берік, бірлігі бекем, болашағы жарқын болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгілік болғай!

Сәбит ӘБДІХАЛЫҚ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның директоры

↑