Еліміз сан ғасырлық қиын- қыстау, тар жол, тайғақ кешуден өтіп, тәуелсіз елдер қатарына қосылды. Қазақ халқы үшін қазанның 25-і жай күнтізбедегі дата емес, бұл – ұлт жадында жаңғырған, мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған күн. 1990 жылы дәл осы күні Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларацияны қабылдады. Бұл құжатта тұңғыш рет Қазақстанның өз аумағы, өз азаматтығы, өз мемлекеттік рәміздері, өз бюджеті, өз сыртқы саясаты, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде саяси-құқықтық негіздері бар, дербес мемлекет екені әлемге жарияланды. Шын мәнінде тәуелсіздікке апарар даңғыл жол осы декларациядан басталды.
Егемендік бізге оңай келген жоқ. Тамыры терең тартқан тарих беттеріне үңілер болсақ, орыс отаршылдығы кезеңіндегі Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Амангелді бастаған ірі көтерілістер Тәуелсіздікті аңсаған еліміздің жанкешті ерлігін көрсетеді.
Отызыншы жылдардағы қос нәубеттің қасіретін қалай ұмытармыз?! Қолдан жасалған ашаршылық салдарыннан халқымыз қынадай қырылды, «Қызыл империяның» құйтырқы саясатының құрбаны болған халқымыздың биік рухты, маңдайалды ұлдары «халық жауы» деген жаламен жазықсыздан атылды. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ халқының кемел келешегі жолында басын бәйгеге тігіп, ажал оғына қасқая қарсы тұрған Алаш арыстары – Әлихан Бөкейханов, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырайым Жайнақов, Мұстафа Шоқай, тағы басқалары әділдіктің ақ туын жықпай, арманда кетті.
Тарихта өшпес із қалдырған, миллиондаған жанның өмірін қиған Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында да қазақ халқының қаншама ұл-қыздары қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетіп, жандарын қиды. Осынау ұлан-ғайыр жерді, елді болашақ ұрпаққа аманаттап кеткен батырлар мен ұлы тұлғалардың төккен тері өз алдына бір төбе.
1986 жылғы желтоқсанның 16-18 күндеріндегі ызғарында намысты ту етіп көтерген, қазақтың қайсар рухты жастары, тоталитарлық режимге қарсы шығып, бейбіт түрде «Қазақ еліне өз ұлтынан көсемі сайлансын! Тәуелсіздік керек!» деген талап-тілек білдірді. Шерушілер жаппай жазаланып, партия және комсомол жастар одағынан шығарылды, 300-ден аса студент жоғары оқу орнынан шығарылып, көптеген жұмысшы жұмыс орнынан босатылды, 99-ы түрмеге жабылды.
1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданып, төрткүл дүниеге «қазақ» деген ұлт, «Қазақстан» деген мемлекет танылды. 1991 жылдың 16 желтоқсаны – Тәуелсіздіктің жеңісті мәресі.
Республика күні мерекесі біраз жыл ұмыт бола жаздады. 2009 жылы мерекелер тізімінен алынып, жұмыс күніне айналды. Бірақ ел жадын өшіру мүмкін емес, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тарихи шешім қабылдады, 25 қазанға ұлттық мереке мәртебесін қайтарып, қайта тойлауды ұсынды. «Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Халық бұл шешімді зор қуанышпен қабылдады.
Міне, осылайша тәуелсіздіктің алғашқы дәмін сезіндіріп, еркіндіктің тізгінін қолға ұстатқан тарихи оқиғаның маңызы зор. Ал Республика күнінің басқа мерекелерден шоқтығы биік, тағылымы терең.
Рано Қалдыбекова,
Алматы облыстық мемлекеттік
архивінің қызметкері

