Адамның жүрегіне жақын ұғымдар болады. Соның бірі – Отан. Өйткені Отан дегеніміз – туған жердің топырағы, балалық шақтың ізі қалған ауыл, ата-бабаның аманаты, ана тілінің әлдиі мен ұрпақтың үміті. Ол – картадағы шекарамен ғана өлшенбейтін, әр адамның жүрегінде орны бар қасиетті мекен. Елге деген сүйіспеншілік те осындай терең сезімнен бастау алады. «Елім деп соқсын жүрегің» деген ән атауының өзінде осындай үлкен мағына, азаматтық мұрат, ұрпаққа артылған аманат жатыр.
Ән – адам жанының тілі. Кейде бір ауыз сөзбен жеткізе алмаған сезімді әуен аңғартады. Көңілдің түкпірінде жатқан сағынышты қозғап, жүрекке жігер береді. Әсіресе туған жер мен ел тағдырын арқау еткен шығармалардың орны бөлек. Өйткені олардың өзегінде жеке адамның сезімінен әлдеқайда кең ұғым – ортақ тарих, ортақ құндылық, ортақ жауапкершілік бар. «Елім деп соқсын жүрегің» әнінің атауы да тыңдарманды осындай ойға жетелейді.
Әлеуметтік желіде кеңінен танымал болған «Елім деп соқсын жүрегің» – бұл соңғы уақытта үлкен танымалдылыққа ие болған, отаншылдық пен ұлттық рухты оятатын қазақша ән. Оны Еркебұлан Сәрсенбеков пен Бауыржан Нұрмұханов орындайды. Ән сонымен қатар Президенттік оркестрдің сүйемелдеуімен де шырқалып, тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.
«Елім деп соқсын жүрегің!» Бұл – жай ғана тілек емес, әр азаматтың өзіне қояр сауалы секілді. Мен елім үшін не істеп жүрмін? Туған жерімнің көркеюіне қандай үлес қосып жатырмын? Ата-бабам аңсаған азаттықтың қадірін сезініп жүрмін бе? Осындай сауалдар адамды өткенге көз жүгіртіп, бүгінгі күннің бағасын түсінуге шақырады. Елге қызмет ету үлкен мінберден сөйлеумен немесе биік белестерді бағындырумен ғана өлшенбейді. Өз ісіңе адал болу, отбасыңа қамқорлық жасау, маңайыңа жақсылық тарату, туған жеріңнің тазалығы мен тыныштығына жанашырлық таныту – Отанға деген құрметтің көрінісі. Азаттықты аңсаған бабаларымыздың арманы да, қиындыққа мойымаған қайсарлығы да бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізіне айналды. Кең байтақ даланы ұрпағына аманат еткен ата-бабаларымыз жердің қадірін ғана емес, ел болудың жауапкершілігін де терең түсінді. Сондықтан туған жерге деген сүйіспеншілік – өткенді құрметтеумен шектелмейтін, келешек алдындағы міндетті де сезіндіретін қасиет. Адам бойындағы патриотизм мереке күндері көтерілген көңіл-күймен ғана шектелмейді, ұлттық құндылықтарды құрметтеу арқылы айқын көрінеді. Отанды сүю – оның жетістігіне қуанып қана қою емес, кемшілігін түзетуге де атсалысу. Өйткені туған елдің тағдырына бейжай қарамау – азаматтық сананың белгісі. Осындай ойларды ән арқылы жеткізудің де өзіндік мәні бар. Өнер адамға ақыл айтпай-ақ ой салуы мүмкін. Бір әуен жүрекке жол тауып, адамды өзі қадірлейтін құндылықтар туралы толғандырады. Әннің әсері де, бәлкім, осында шығар. Ел туралы әннің қадірі – жұрттың көңілінде туған жерге деген ықыласты жаңғыртып, ортақ мұрат төңірегіне топтастыра алуында.
Бүгінгі ұрпақтың алдында да үлкен міндет тұр. Ол – тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, білім мен еңбекті бағалау, ел ішіндегі татулықты нығайту, Қазақстанның дамуына өз үлесін қосу. Жаһандық өзгерістер заманында ұлттық болмысты сақтау мен заман талабына сай өркендету қатар жүруі керек. Өйткені тамырынан ажырамаған ел ғана келешекке нық қадам басады. Ал елдің тамыры – оның тарихында, мәдениетінде, тілі мен дәстүрінде, ең бастысы, сол құндылықтарды қадірлейтін азаматтарының жүрегінде. Республика күні әрқайсымызға осыны еске салады. Тәуелсіз елдің азаматы болу – мақтаныш қана емес, жауапкершілік. Бүгінгі тыныштық пен тұрақтылықтың, еркін еңбек етіп, білім алуға берілген мүмкіндіктің қадірін білу де елдік сананың бір көрінісі.
Елім деп соқсын жүрегің» деген атау да осы бір ақиқатты аңғартқандай. Жүрек ел деп соқса, адамның ниеті де, ісі де туған жердің игілігіне бағытталуы керек. Өйткені елге деген сүйіспеншілік – өткінші сезім емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын қасиетті аманат. Оны сақтау да, қадірін арттыру да әр азаматтың қолында.
Құралбек СӘБИТОВ

